Елімізде бұл мереке жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісіне белгіленген. Атаулы күнге орай Aikyn.kz сайты. Қазақстандағы отбасы институтының бүгінгі ахуалына қатысты соңғы деректерді жинақтады.
Биыл 74 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерді
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 74 648 неке ресми түрде тіркелген. Оның жартысынан астамы жаз айларына тиесілі.
Отбасы күні Қазақстанда 2013 жылдан бері аталып келеді. Биыл мерекеге орай 7-13 қыркүйек аралығында арнайы апталық өтіп жатыр. Оның бағдарламасына ұрпақтар сабақтастығы, саналы түрде отбасын құру, бала денсаулығы мен қауіпсіздігі, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы сияқты тақырыптар енгізілген.
Қазақстанда 160 Отбасын қолдау орталығы бар
Еліміздің барлық өңірінде Отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Соңғы мәлімет бойынша олардың саны 160-қа жеткен.
2026 жылдың басынан бері орталықтарға 50 мыңнан астам өтініш түскен. 43 мыңнан астам отбасы кешенді кеңес алса, тағы 6 мыңға жуық отбасы мамандардың тұрақты бақылауы мен сүйемелдеуіне алынған.
Мұнда қиын жағдайға тап болған азаматтарға психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда медициналық көмек пен уақытша баспана да қарастырылады. Отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелер бойынша тәулік бойы 111 байланыс орталығы жұмыс істейді.
Балалы отбасыларды қолдауға 974 миллиард теңге бөлінді
2026 жылы республикалық бюджеттен балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 974 миллиард теңге қарастырылған. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 19,1 пайызға көп. Өткен жылы бұл мақсатқа 818,1 миллиард теңге бөлінген.
Жыл басынан бері көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарды мемлекеттік жәрдемақымен қамту орта есеппен 880,5 мың адамды құрады.
Оның ішінде 631 мыңнан астам көпбалалы отбасыға 450,8 миллиард теңге, ал 249,3 мың наградталған анаға 66 миллиард теңге төленген.
1 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекті 38,7 мың отбасы алған. Біржолғы бала туу жәрдемақысы 202,6 мыңнан астам адамға, бала күтіміне байланысты жәрдемақы 132 мыңнан астам адамға төленген. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған 118 мыңнан астам ата-ана мен қамқоршы да мемлекеттік қолдаумен қамтылған.
11 әлеуметтік төлемді өтініш бермей алуға болады
Қазақстанда отбасыға көрсетілетін көмектің бір бөлігі Цифрлық отбасы картасы арқылы проактивті түрде ұсынылады.
2026 жылы осы жүйе арқылы 11 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді азаматтың мемлекеттік органға өзі барып өтініш беруінсіз рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Олардың арасында бала туу және бала күтімі бойынша жәрдемақылар, көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне арналған жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек, мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайындағы төлемдер бар.
Жүйе мемлекеттік ақпараттық базалардағы деректерді салыстырып, азаматқа қандай көмек тиесілі екенін анықтайды және ол туралы өзі хабарлайды.
«Мерейлі отбасыға» 3611 отбасы өтінім берді
Отбасылық құндылықтарды насихаттайтын ең белгілі жобалардың бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы.
Биыл байқауға еліміздің барлық өңірінен 3611 өтінім түскен. Оның 2024-ін отбасылар өздері тапсырса, тағы 1583 отбасы жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар тарапынан ұсынылған. Байқау 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында оған 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.
Болашақ ерлі-зайыптыларды отбасылық өмірге дайындау қолға алынған
Қазақстанда некеге тұруды жоспарлаған жұптарға алдын ала кеңес беру бағыты да дамып келеді.
Мұндай жоба алғаш рет 2024 жылы Астана мен Шымкентте сынақтан өткен. Бағдарлама некеге тұруды жоспарлаған азаматтарға, некені тіркеуге өтініш берген жұптарға және отасқанына бес жылдан аспаған жас отбасыларға арналған.
Оқыту бес бағытты қамтиды: ерлі-зайыптылардың серіктестігі мен жауапкершілігі, репродуктивті денсаулық, құқықтық сауаттылық және зорлық-зомбылықтың алдын алу, қаржылық сауаттылық, сондай-ақ эмоционалдық интеллект пен қарым-қатынас.
Сабақтарда отбасылық міндеттерді бөлу, ортақ табысты басқару және бала тәрбиесі сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер талқыланады.
Ата-аналарды оқытуға да мән беріліп келеді
«Ата-аналар академиясы» жобасы арқылы ата-аналарға психологтар, дәрігерлер мен заңгерлердің кеңесі ұсынылады. 2026 жылы жоба 40 мыңнан астам адамды қамтуды жоспарлап отыр.
Жылдың алғашқы тоқсанында Ақмола және Қарағанды облыстарында осы бағытта 30-дан астам іс-шара өтіп, оларға 4 мың адам қатысқан.
Әкелерге арналған 500-ден астам кеңес жұмыс істейді
Қазақстанда 2023 жылдан бастап маусымның үшінші жексенбісінде Әкелер күні аталып өтеді.
Еліміздегі мектептер жанында қазір 500-ден астам әкелер кеңесі жұмыс істейді, сондай-ақ балабақшаларда әкелер клубтары құрылған. Олардың мақсаты – әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласуына жағдай жасау және жауапты әкелік мәдениетін дамыту.
Отбасы күні бір апта бойы аталып өтіп жатыр
Биыл Отбасы күніне арналған іс-шаралар 7 қыркүйекте басталды және 13 қыркүйекке дейін жалғасады. Апталық аясында еліміздің барлық өңірінде отбасылық қарым-қатынас, саналы ата-ана болу, бала қауіпсіздігі және ұрпақтар сабақтастығына арналған кездесулер мен қоғамдық шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Осылайша, Қазақстандағы отбасы саясаты бүгінде тек жәрдемақы төлеумен шектелмейді. Оған отбасыларға психологиялық және құқықтық көмек көрсету, жас жұптарды отбасылық өмірге дайындау, ата-аналарды оқыту, әкелердің бала тәрбиесіне қатысуын арттыру және әлеуметтік көмекті азаматқа өтінішсіз ұсыну сияқты жаңа бағыттар қосылып келеді.