Қазақстанда тұрғын үй кезегін қайта тексереді

Бұған дейін мұндай тексеру үшін кезекте тұрған адамның келісімі қажет болатын.

14 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтардың деректерін түгендеу тәртібі өзгереді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңа талап бойынша Банк азаматтың дербес деректерін жинауға және өңдеуге жеке келісімін алмай-ақ мәліметтерді тексере алады. Бұған дейін мұндай тексеру үшін кезекте тұрған адамның келісімі қажет болатын.

Түгендеу барысында азаматтың отбасы құрамы, атында тұрғын үйдің бар-жоғы және тұрғын үй кезегінде тұру құқығына әсер ететін өзге де мәліметтер тексеріледі.

Егер азаматтың тұрғын үй кезегіне қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіні анықталса, заңда көзделген негіздер бойынша ол кезектен шығарылуы мүмкін.

Ал тұрғын үйге шын мәнінде мұқтаж және белгіленген талаптарға сай азаматтарға ешқандай қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ.

Банк түгендеудің мақсаты кезекті қысқарту емес, тұрғын үй есебіндегі мәліметтерді жаңартып, кезекті әділ қалыптастыру екенін атап өтті.