Астанада полиция пәтер алуға көмектесемін деп танысынан 1,5 миллион теңге алған 39 жастағы әйелді алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, күдікті жәбірленушімен бұрыннан таныс болған. Ол құрылыс компанияларында таныстары бар екенін айтып, солардың көмегімен пәтер сатып алуға жәрдемдесуге уәде берген.
Жәбірленуші оған алдын ала төлем ретінде 1,5 миллион теңге берген. Бірақ әйел ұзақ уақыт бойы тұрғын үй мәселесін шешуге уәде беріп жүріп, кейін байланысқа шықпай қойған.
Полиция күдіктіні тұрғылықты жерінен ұстады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.