Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында жергілікті әскери басқару органдарының құрылғанына 35 жыл толуына арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс-шараға ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Жиынға қатысушыларды айтулы мерекемен Бас штаб бастығының орынбасары – Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Алмас Исабеков құттықтады. Ол жергілікті әскери басқару органдарының елдің заманауи қатерлерге дайындығын қамтамасыз етудегі маңызын тілге тиек етіп, ардагерлерге ерекше алғысын білдірді.
– 35 жылдың ішінде жергілікті әскери басқару органдары азаматтар, мемлекет және әскер арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ететін заманауи институт ретінде қалыптасты. Олардың қызметі әскери оқытылған резервті даярлауда, жұмылдыру дайындығын сақтауда және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда стратегиялық мәнге ие, – деп атап өтті ол.
Қарулы күштердің ардагері генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов те жергілікті әскери басқару органдарының мән-маңызына тоқталды.
– Жас оғландардың әскердегі жолы да осы жергілікті әскери басқару органдарынан басталып, Отанға қызмет етуге өмірін арнаған әскери қызметшінің еңбек жолы да осы жерде мәресіне жетеді. Әскери тілмен айтқанда, бұл – Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға қатысы бар барша азаматтар үшін бақылау-өткізу пункті іспеттес. Соған байланысты бұл мамандардың қызметке деген қарым-қатынасы бүкіл әскер туралы жалпы пікірді қалыптастырады, – деді генерал-лейтенант С. Камалетдинов.
Өз кезегінде Қарулы күштердің ардагері генерал-майор Марат Нағұманов «Қарулы күштердің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Үндеуде елдің қорғаныс қабілетін нығайтудағы, азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастырудағы және жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудегі жергілікті әскери басқару органының рөлі ерекше атап өтілген. Сонымен қатар сала мамандарына ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапты істеріне табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.
Салтанатты жиын барысында үздік мамандар марапатталды. Жоғары кәсібилігі мен қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін оларға грамоталар мен алғыс хаттар табысталды.
Мерекелік іс-шара Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының салтанатты концертімен аяқталды.