Геннадий Головкин тағы бір халықаралық ұйымның басшысы атанды

Геннадий Головкин ISSA вице-президенті атанды

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті болып сайланды.

Сайлау бүгін, 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтіп жатқан ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтті.

Геннадий Головкин 2026-2с029 жылдарға арналған Атқарушы комитет құрамына Азия және Еуропа өңірлеріне жауапты вице-президент ретінде тағайындалды.

Ал ISSA президенті қызметіне Сауд Арабиясының спорт министрі, елдің Олимпиада және Паралимпиада комитетінің басшысы, ханзада Абдулазиз бин Турки Әл-Фейсал қайта сайланды.

Геннадий Головкиннің ISSA басшылығына сайлануы оның халықаралық спорт саласындағы қызметінің жаңа кезеңіне жол ашты. Ол 2024 жылдың ақпанынан бері Қазақстан ҰОК президенті қызметін атқарып келеді.

2025 жылдың қарашасында Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланған еді. Осылайша, ол Олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық федерацияны басқарған тұңғыш қазақстандық атанды.