13 қыркүйекте Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бірқатар өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ пен дауыл күтіледі.
Синоптиктердің болжамынша, ел аумағының басым бөлігіне циклон мен атмосфералық фронттар әсер етеді. Соның салдарынан жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік және солтүстік-батыс өңірлерде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі және дауыл соғуы мүмкін.
Елдің батысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша жел күшейіп, түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі.
Сонымен қатар бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Ұлытау облыстарында төтенше өрт қаупі бар. Мұндай қауіп Ақтөбе облысының басым бөлігінде, сондай-ақ Алматы, Атырау, Қарағанды, Абай және Маңғыстау облыстарының жекелеген аумақтарында да сақталады.
Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Қостанай, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Абай, Жетісу және Маңғыстау облыстарының кейбір аудандарында жоғары өрт қаупі болжанып отыр.