Әлеуметтік желіде науқас балаға көмек көрсету туралы үндеу тарағаннан кейін Алматы полициясының 50-ден астам қызметкері қан тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қан тапсыруға Алматы қаласы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері қатысты. Олар көмекке мұқтаж баланы қолдау үшін донор болуға шешім қабылдаған.
Жасақ командирі Азамат Исергужиннің айтуынша, қызметкерлер үндеуді көргеннен кейін бірден көмек көрсетуге ниет білдірген.
– Баланың өмірі мен денсаулығына қатысты мәселе тұрғанда, бейжай қалуға болмайды. Үндеуді көріп, көмектесуіміз керек деп шештік. Қызметкерлеріміздің әрқайсысы үшін бұл жай ғана қан тапсыру емес. Бұл кішкентай бала мен оның отбасына шын мәнінде маңызды көмек көрсетуге берілген мүмкіндік. Біздің қанымыз баланың осы қиын кезеңнен өтуіне сеп болып, тезірек сауығып кетуіне ықпал етеді деп үміттенеміз, – деді Азамат Исергужин.
Алматы қаласының Полиция департаменті қызметкерлері мұндай жағдайда азаматтарға қызметтік міндеттен тыс та қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.