Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының өкілі Ақмарал Ерекешева Чехияда өтіп жатқан Grand Prix BRNO турнирінің көпсайысында екінші орын алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазақстандық гимнаст төрт жаттығудың қорытындысы бойынша 116,500 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты. Бұған дейін оның ең жоғары нәтижесі Франкфуртта өткен әлем чемпионатында тіркелген – 115,800 ұпай.
Көпсайыста украиналық Таисия Онофрийчук 117,900 ұпаймен жеңіске жетті. Ақмарал Ерекешева 116,500 ұпаймен екінші, польшалық Лилиана Левинска 108,250 ұпаймен үшінші орын алды.
Енді қазақстандық спортшы төрт бағдарлама бойынша жекелей сынның финалында өнер көрсетіп, жүлдеге таласады.
Айта кетейік, Ақмарал Ерекешева Аичи мен Нагояда өтетін ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының сапында сынға түседі. Көркем гимнастика бәсекелері 1-3 қазан аралығына жоспарланған.