Қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениетінде сыбызғының орны ерекше. Алайда домбыра мен қобызға қарағанда, сыбызғышылық дәстүр ХХ ғасырда Қазақстанның бірқатар өңірінде әлсіреп, оның көне орындаушылық үлгілері санаулы орталарда ғана сақталды. Сол орталардың бірі – Шығыс Қазақстанмен тарихи-мәдени байланысы үзілмеген Алтай–Баян-Өлгий кеңістігі. Моңғолия қазақтары арасында сыбызғы тек музыкалық аспап ретінде емес, күймен, аңызбен, орындаушылық тәсілмен және ұстаздан шәкіртке берілетін тәжірибемен бірге өмір сүрді.
Баян-Өлгийдегі осы дәстүрді жеткізген көрнекті тұлғалардың бірі – Кәлек Құмақайұлы (1930-2023). Сыбызғышының өнер жолын қарасақ, тек орындаушы ғана емес екеніне көзіміз жетеді. Кәлектің тағдырынан ауызша дәстүрдің отбасылық ортада қалай сақталғанын, ХХ ғасырда кәсіби сахнаға қалай бейімделгенін, зерттеушілер назарына қалай іліккенін және кейін Қазақстандағы сыбызғы өнерінің дамуына қалай ықпал еткенін көруге болады. Бұл мақаламызды дайындау барысында екі негізгі еңбек пайдаланылғанын атап өтуіміз қажет. Біріншісі – Талғат Мұқышевтің «Сыбызғы сазы: Моңғолиядағы Баян-Өлгей қазақтарының сыбызғы күйлері» атты еңбегі (Алматы: Өнер, 2005). Екіншісі – А. Хумарзах пен А.Байтанның «Моңғолия қазақтарының сыбызғышылық өнері» атты зерттеуі (Алматы, 2024).
Сыбызғының шекара сыртында сақталған бір ортасы. Баян-Өлгийдегі сыбызғышылық дәстүрдің өміршеңдігін түсіндіретін негізгі факторлардың бірі – оның жеке орындаушының өнерімен шектелмей, бірнеше буын арқылы берілуі. Кәлек Құмақайұлының шыққан ортасы сыбызғы тарту дәстүрі жалғасып отырған дәстүр болған. Кәлектің әкесі Құмақай Шамғынұлы да елге белгілі сыбызғышы болған. Оның алдындағы Шамғын, Сасан және басқа өнер иелері де осы дәстүрді жалғастырған. Демек, бала күйші өз айналасындағы бірнеше адамның, түрлі орындаушылық үлгілерді де меңгерген.
Сыбызғының бұл аймақта ұзақ сақталуына тұрмыс салты да ықпал етті. Мал шаруашылығы, жайлау мәдениеті, аңшылық, ауыл арасындағы жиындар мен тойлар аспаптың табиғи қызметін жоғалтпауына мүмкіндік берді. Яғни, сыбызғыны сақтап қалған тек орындаушылар емес, сол өнерді қажет еткен және тыңдаған орта болды.
Осы тұрғыдан қарағанда, Баян-Өлгий – қазақ сыбызғысының «сыртта қалған» аймағы емес, дәстүрдің бір желісі үзілмей жалғасқан маңызды орталықтарының бірі.
Кәлек Құмақайұлының музыкант ретінде қалыптасуы дәстүрлі музыкалық білімнің қалай жұмыс істегенін анық көрсетеді. Мұнда бүгінгі түсініктегі сабақ кестесі, оқу бағдарламасы немесе бастапқы жаттығулар жинағы болған жоқ. Музыкалық білім күнделікті өмірдің ішінде жүрді. Кәлек кішкентайынан әкесі Құмақайдың сыбызғы тартқанын естіп өсті. Әкесімен бірге ойын-тойларға барып, тыңдап жүрді. Сегіз жасынан бастап сыбызғыға ден қойып, шамамен он жасында халық алдында өнер көрсете бастағаны айтылады.
Бұл жерде дала педагогикасы жайлы бір шегініс жасайық. Домбыра болсын, сыбызғы болсын методика бір. Алдымен бала күйді ұзақ уақыт тыңдайды. Әуеннің құрылымы, дыбысы, қай иірімнің қалай орындалатыны құлаққа сіңеді. Кейін сол естігенін аспаппен қайталауға әрекет етеді. Одан кейін үйренгенін көпшілік алдында тартып, нақты орындаушылық тәжірибе жинақтайды. Мұндай жүйеде өнерпаздың есту жады шешуші қызмет атқарады. Күй нота арқылы жатталмағандықтан, орындаушы әуенді ғана емес, оның дыбыстық реңкін де есте сақтауға тиіс. Сыбызғыда бір нотаның өзін әртүрлі тыныспен, қысыммен немесе үн бояуымен шығаруға болатындықтан, мұндай ұсақ белгілерді қағаздан емес, тікелей тыңдау арқылы игеру маңызды.
Сонымен қатар дәстүрлі оқытуда күйдің әуенімен бірге оның тарихы да беріледі. Кім шығарған, қандай жағдайда туған, кімнен үйренген деген мәліметтер музыкалық мәтінмен бірге есте сақталған.
Сондықтан күй орындау – дыбыстарды қайталау ғана емес, сол күйдің мәдени жадын жеткізу әрекеті болды.
Осы жүйе Кәлек Құмақайұлының кейін үлкен репертуарды жадында сақтауына және әр күйді өзінің аңызымен бірге білуіне негіз қалыптастырды деп айтуға болады.
1958 жыл Кәлек Құмақайұлының өнер жолындағы маңызды бетбұрыс болды. Ол Өлгей қаласына келіп, жаңадан қалыптасып жатқан Баян-Өлгий аймақтық музыкалық-драма театрының халық аспаптар оркестріне сыбызғышы болып қабылданады. Осы кезден бастап оның алдында мүлде басқа музыкалық орта ашылды. Бұған дейін күй негізінен ауыл арасында орындалса, енді сыбызғы театр қойылымының, оркестрдің және үлкен концерт бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Орындаушыға сахналық тәртіпке, ансамбльмен бір уақытта ойнауға, белгілі ұзақтық пен құрылымға бағынуға тура келді.
Кәлек театрда жұмыс істей жүріп музыкалық сауатын жетілдірді. Сыбызғы театр спектакльдерінде көркемдік бояу ретінде қолданылып, кейбір көркемфильмдерді дыбыстауға да пайдаланылды. Көп ұзамай радионың пайда болуы тағы да бір үлкен өзгеріс әкелді. Баян-Өлгийде радиохабар тарату жолға қойылғаннан кейін Кәлек орындаған сыбызғы күйлері эфирден беріле бастады. Бұл дегеніміз ауызша дәстүр техника арқылы алыс-жақынға тарайтын жаңа кезеңге өтті. Гастрольдік сапарлар географиясы да кеңейді. Ол Моңғолияның көптеген аймақтарында, Тывада, Таулы Алтайда, Қырғызстанда, сондай-ақ Польша, Германия, Чехия және Мәскеу секілді орталықтарда өнер көрсетті. Сөйтіп, бір кезде ауылдық ортада өмір сүрген сыбызғы үні үлкен концерт сахналарына жетті.
Домбыра мен сыбызғының бір сахнадағы кездесуі. Кәлек Құмақайұлы өнеріндегі қызықты құбылыстың бірі – домбыра мен сыбызғының бір репертуарлық кеңістікте тоғысуы. Театрда ол домбырашы Ахмет Ыбырайұлымен бірге өнер көрсетіп, екі аспаптан құралған дуэт қалыптастырды. Олардың орындауында «Балжыңгер», «Ой толқыны», «Өрелі кер», «Бөкен жарғақ», «Ертістің толқыны» секілді күйлер орындалған. Бұл мысалдар «домбыра күйі» мен «сыбызғы күйін» бір-бірінен мүлде бөлек екі құбылыс ретінде қабылдаудың шарты екенін көрсетеді.
1967 жылы Кәлек Құмақайұлы мен Ахмет Ыбырайұлы гастрольдік сапар кезінде қазақтың көне музыкалық аспаптарын зерттеуші Болат Сарыбаевпен кездеседі. Ғалым олардың орындауындағы халық күйлерін тыңдап, домбыра мен сыбызғының қатар қолданылуына назар аударған. Кейін осы орындаушылардан күйлерді үнтаспаға жазып алу да жүзеге асқан.
Сыбызғының үнін алғаш тыңдаған адам кейде бір мезгілде екі түрлі дыбыс естілгендей әсер алады. Оның бірі – аспаптың өз үні, екіншісі – орындаушының көмейінен шығатын дауыс. Кәлек Құмақайұлының орындаушылық шеберлігі туралы сипаттамаларда осы тәсілге ерекше назар аударылады. Орындаушы сыбызғыға жай ғана ауа үрлемейді. Аспап үнімен қатар көмейден дыбыс шығарып, екі дыбысты бір мезетте ұстайды. Соның нәтижесінде өзіндік қосүнділік қалыптасады.
Мұндай орындауда адамның бүкіл тыныс аппараты белсенді жұмыс істейді. Дыбыстың басталуы кеудеден шыққан ауаға байланысты болса, көмей қосымша үн қалыптастырады. Ауыз қуысы оның резонаторына айналады. Тіл, тіс және ерін ауа ағынын бағыттап, дыбыстың биіктігі мен реңкіне әсер етеді.
Зерттеулерде Баян-Өлгий сыбызғышыларының тәжірибесі башқұрттың құрай орындаушылығымен салыстырылады. Екі жағдайда да аспап үніне көмей дауысының қосылуы музыкалық фактураны байытып, бір орындаушыдан екі үн естілгендей әсер береді. Кітапта келтірілген ноталық мысалда да сыбызғының негізгі әуені мен көмей дауысының жеке желілері қатар көрсетілген. Мұндай жазба орындаушылық тәсілді көзбен көруге мүмкіндік береді. Жоғары желіде аспап үні қозғалып отырса, төменде көмей дауысы оны тұрақты дыбыстық тірекпен сүйемелдейді.
Дәстүрлі музыканың тағдыры оны орындаушылар ғана емес, сол мұраны жазып алып, зерттеп, кейінгі буынға жеткізетін мамандардың қызметіне де байланысты. Кәлек Құмақайұлының өнерінде осының бірнеше кезеңін көруге болады. Болат Сарыбаевтың назарынан кейін сыбызғы Қазақстандағы зерттеушілер үшін тек этнографиялық көне аспап емес, орындаушылық дәстүр ретінде қызығушылық туғыза бастады. Бірақ бұл үрдістің келесі маңызды кезеңі 1986 жылы болды. Алматы мемлекеттік консерваториясы Кәлек Құмақайұлын Моңғолиядан арнайы шақырып, сыбызғы бойынша шеберлік сабағын ұйымдастырды.
Сол кезде консерваторияда білім алып жүрген Талғат Мұқышев Кәлектің орындауына ерекше қызығушылық танытады. Кейін оның кәсіби жолы сыбызғымен тығыз байланысып, көне күйлерді жинау, орындау тәсілін жүйелеу және сыбызғыны академиялық оқыту жүйесіне енгізу бағытында жалғасты.
Кәлек Құмақайұлының басты тарихи қызметі – бір аймақта ғасырлар бойы сақталған сыбызғышылық дәстүрді ХХ ғасырдың кәсіби мәдениетіне жеткізіп, кейін оны Қазақстандағы жаңа орындаушылық, ғылыми және білім беру ортасымен жалғауында. Оның өмір жолы арқылы бір музыкалық дәстүрдің әулеттен сахнаға, сахнадан зерттеуге, ал ауызша жадтан кәсіби оқыту жүйесіне дейінгі ұзақ жолын көруге болады.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.