Елімізде су ресурстарын басқарудың жаңа жоспарлары әзірленуде

Қазақстанда су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі сегіз бассейндік жоспар әзірленуде.

Қазақстанда су қауіпсіздігінің жалпыұлттық моделі қалыптасып келеді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ былтыр қабылданған Су кодексінде көзделген су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі сегіз бассейндік жоспарды әзірлеудің екінші кезеңін жүзеге асырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бассейндік жоспарлар тиісті бассейннің су шаруашылығы балансын, су ресурстарының жай-күйі мен пайдаланылуын бағалауды, су шаруашылығы және гидротехникалық нысандарды жаңғырту, баламалы су көздерін пайдалану және жерүсті су нысандарын қалпына келтіру жөніндегі шараларды, сондай-ақ су пайдаланудың экономикалық тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстарды қамтиды. Жоспарларда судың зиянды әсері мен құрғақшылық тәуекелдерінің алдын алу шаралары да көзделген.

Бірінші кезеңде бастапқы деректерді жинау және талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, су нысандары, жерүсті және жерасты су ресурстары, табиғи-климаттық жағдайлар, су сапасы, су пайдалану, су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйі және экологиялық ахуал туралы ақпарат жинақталды. Сондай-ақ тиісті аумақтардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері зерттелді.

Екінші кезеңде жиналған деректер мен су шаруашылығы баланстарының есептеу нәтижелерін ескере отырып, қолданыстағы проблемалар мен қауіп-қатерлер айқындалып, олардың маңыздылығы бойынша жіктелуде. Сонымен қатар сумен қамтамасыз етілу деңгейінің өзгеруіне болжам жасалып, судың зиянды әсер ету тәуекелдері бағалануда.

Бассейндік жоспарларды әзірлеудің келесі кезеңдерінде мақсаттар, міндеттер мен нысаналы индикаторлар айқындалады, су шаруашылығы және су қорғау іс-шараларының нұсқалары әзірленеді, оларға әлеуметтік-экономикалық және экологиялық бағалау жүргізіледі, іс-шаралардың түпкілікті бағдарламасы таңдалып, оны іске асыру кезеңдері белгіленеді. Бұл ретте жоспарлау су шаруашылығы бассейндерінің 15 жылдық кезеңге арналған даму перспективаларын ескере отырып жүзеге асырылады.

«Бассейндік жоспарлар Қазақстанның су ресурстарын басқарудың жаңартылған жүйесінің негізіне айналады. Олар еліміздің сегіз су шаруашылығы бассейнінің әрқайсысы бойынша жеке әзірленіп, аумақтардың нақты ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, су ресурстарының қолжетімділігі мен көлемі, су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйі мен даму перспективалары, халық пен экономиканың қажеттіліктері, су шаруашылығы учаскелерінің ерекшеліктері және экологиялық ахуал назарға алынады. Осы құжаттардың негізінде су ресурстарын кешенді басқарудың Бас жоспары әзірленіп, су қауіпсіздігінің жалпыұлттық моделін қалыптастырады. Бұл құжат мемлекеттік жоспарлаудың маңызды элементіне айналады», – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.