Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының тұрғындарын мерзімді әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шара Қорғаныс министрлігі бастамашылық еткен жаңа армиялық дәстүр – «Сарбаз жолы» аясында Жеңіс алаңындағы Мәңгілік алау стеласының жанында ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, әскери қызметшілер, ардагерлер, қоғам өкілдері, әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Батыс Қазақстан облысынан шақырылған азаматтар Алматыда орналасқан Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының 5571 әскери бөліміне мерзімді әскери қызмет өткеруге аттанды.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев әскерге шақырылушыларға әскери жолды абыроймен өтіп, Отан алдындағы борышын адал атқаруды және елге аман-есен, шыңдалып оралуды тіледі.
«Әскери қызмет – жауапкершілікке, тәртіпке және батылдыққа тәрбиелейтін мектеп. Мұнда сіздер жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, топпен жұмыс істеуге және шешім қабылдауға үйренесіздер. Бір-біріңізге қамқор болып, Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарыңыздар», – деді өңір басшысы.
Ата-аналар мен жақындары үшін бұл күн толғаныс пен қуаныш қатар өрбіген маңызды сәт болды. Жас сарбаздарды алда әскери даярлықтан өту, Әскери ант қабылдау, әскери-есептік мамандықты меңгеру және туған жерден жырақта қызмет етудің алғашқы айлары күтіп тұр.
Қорғаныс министрлігінің өкілдері әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар әскери қызмет өткеру тәртібі, әлеуметтік кепілдіктер және әскери қызметшілерге берілетін мүмкіндіктер туралы ақпарат ұсынды.
Қызмет барысында әскери қызметшілер дене даярлығын жетілдіріп, қару-жарақ пен әскери техниканы меңгереді, практикалық дағдыларын шыңдайды және қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілік алуға үйренеді.
Мерзімді әскери қызметті лайықты өткерген және белгіленген талаптарға сәйкес келетін әскери қызметшілер үшін заңнамада көзделген жеңілдіктер мен білім беру гранттарын пайдалана отырып, оқуын жалғастыру мүмкіндіктері қарастырылған.
Салтанатты шараның көркін Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери оркестрі мен шығармашылық ұжымдары айшықтай түсті.
Оралдағы әскерге шығарып салу рәсімі Абай облысында бастау алған «Сарбаз жолы» жаңа армиялық дәстүрінің жалғасы болды. Оның негізгі мақсаты – армияны, отбасын және қоғамды ел қорғауға дайын, жауапты, тәртіпті әрі отансүйгіш азамат тәрбиелеу жолында біріктіру.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.