Астанада Counter-Strike 2 бойынша алғашқы отбасылық турнир ASTANA FAMILY CUP 2026 өтті

ASTANA FAMILY CUP жобасының негізгі идеясы — киберспортты басқа қырынан көрсету, яғни оны әртүрлі буын өкілдерін біріктіретін заманауи отбасылық демалыс форматы ретінде таныту.

2026 жылғы 13 қыркүйекте Астанада, Қазақстандағы Отбасы күніне орай, тұтас отбасыларды компьютер алдында біріктірген ерекше киберспорттық ASTANA FAMILY CUP 2026 турнирі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Турнирдің басты ерекшелігі  оның форматы. Бір команданың құрамында ерлі-зайыптылар, аға-інілер, әпке-сіңлілер және басқа да жақын туыстар бірге ойнады. Әдеттегі ойыншылардан құралған командалардың орнына жарыс алаңында нағыз отбасылық құрамдар кездесті.

Турнирдің ұйымдастырушысы  The Summit Esports (TSE).

ASTANA FAMILY CUP жобасының негізгі идеясы  киберспортты басқа қырынан көрсету, яғни оны әртүрлі буын өкілдерін біріктіретін заманауи отбасылық демалыс форматы ретінде таныту.

«Компьютерлік ойындар балалар мен ата-аналарды бір-бірінен алшақтатады немесе отбасының уақытын алады деген пікірді жиі естиміз. Біз оны  мүлде басқа қырын көрсеткіміз келді. Бұл жерде отбасы бір командаға айналады: бірге тактика құрады, жеңіс пен жеңілісті бірге қабылдайды, бір-біріне қолдау көрсетеді. Сондықтан алғашқы осындай турнирді дәл Отбасы күнінде өткізу біз үшін ерекше символдық мәнге ие болды», деді турнир ұйымдастырушысы Азамат Божак.

Қатысушылар алдымен топтық кезеңде бақ сынап, одан кейін үздік отбасылық командалар плей-офф кезеңінде жүлделі орындар үшін күресті жалғастырды.

Ұйымдастырушылар ASTANA FAMILY CUP жобасын бір реттік іс-шара ретінде емес, Қазақстанда отбасылық киберспорттық іс-шаралардың жаңа дәстүрін қалыптастыруға мүмкіндік беретін жоба ретінде қарастырады.