Қазақстанда ММА кафедрасын ашу жоспарланып отыр

Бұл туралы «Бір Шаңырақ» форумында NAIZA аралас жекпе-жек лигасының президенті Нұрбек Қарабала мәлімдеді.

Қазақстандағы спорт академияларының бірінде ММА кафедрасын ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы «Бір Шаңырақ» форумында NAIZA аралас жекпе-жек лигасының президенті Нұрбек Қарабала мәлімдеді.

Оның айтуынша, ММА-ны академиялық деңгейде дамыту отандық спорт үшін маңызды қадам болмақ. Мұндай бастамаға аралас жекпе-жектің Азия ойындарының бағдарламасына енгізілуі себеп болып отыр.

– Біздің міндетіміз – осы спорт түрін жан-жақты дамыту, оның мәртебесін көтеру. Сондай-ақ ММА спортшысы мен жаттықтырушысы мамандығының беделін арттырып, сұранысқа ие ету. ММА кафедрасын ашу спортшылармен қатар жаттықтырушылар мен осы саладағы басқа да мамандарды кәсіби даярлау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Нұрбек Қарабала.

«Бір Шаңырақ» форумына олимпиадалық емес спорт түрлері федерациялары мен лигалардың өкілдері қатысты. Жиында ММА, грэпплинг, кикбоксинг, жауынгерлік самбо, джиу-джитсу, ушу-саньда, муай-тай, панкратион, қазақ күресі және басқа да спорт түрлерін дамыту мәселелері талқыланды.