Тұрғын үй мәселесі талқыланды

Көпқабатты үйлерді күтіп ұстау, олардың техникалық жағдайын жақсарту және ортақ мүлікті жаңғырту – тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе көпқабатты үйлердің шатырларын жөндеу мәселесі тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келеді.

Осыған байланысты «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының алаңында көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларын жөндеу мәселесіне арналған тақырыптық қабылдау өтті. Жиынға партия филиалы төрағасының орынбасары Ләйлә Төрешо­ва, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, жауапты мекеме өкілдері мен пәтер иелері кооперативтерінің жетекшілері қатысты.

Басқосуда тұрғын үйге қатысты өзекті мәселелер, оның ішінде, көпқабатты үйлердің шатырларының техникалық жағдайы, жөндеу жұмыстарын қаржыландыру тетіктері және тұрғындардан түскен өтініштер талқыланды.

Жауапты мекеме өкілдерінің мәліметін­ше, 2025 жылы Қызылорда қаласы мен елді мекендердегі 35 көпқабатты тұрғын үйдің шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар техникалық зерделеу және тұрғындардың өтініштері негізінде жөндеуді қажет ететін бірқатар көпқабатты тұрғын үй анықталған.

Қазір келіп түскен өтініштің бірқатары бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Атап айтқанда, қаладағы Ж. Бахадур, Сүлейменов, Уәлбеков, Есенов көшелері мен Н. Назарбаев даңғылындағы көпқабатты үйлер қамтылған.

Бұдан бөлек, тұрғын үйлерді модерниза­циялау бағытында қажетті қаржы көздерін қарастыру және тиісті жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланып отыр. Бұл ретте тұрғын үйлердің техникалық жағдайын жақсарту, ортақ мүлікті жаңарту және аза­маттарға қауіпсіз әрі қолайлы орта қа­лыптастыруға басымдық берілмек.

Талқылау қорытындысы бойынша проблемалық тұрғын үйлердегі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру, қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру және дайын жобаларды іске асыру мәселелерін тиісті деңгейде көтеру туралы шешім қабылданды. Осы бағытта мәслихат депутаттары тарапынан депутаттық сауал жолданып, оның қаралуы мен нақты шешім қабылдану барысы бақылауға алынатын болады.

Жалпы, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруі – «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы маңыз­ды бағыттардың бірі. Бағдарлама­да тұр­ғын үй-коммуналдық инфра­құ­рылым­ды жаң­ғыртуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық берілген.

Сондықтан партия алаңында көтеріл­­ген әрбір мәселенің нақты шешімін табуы маңызды. Осыған орай тақырыптық қабыл­даулар барысында айтылған ұсыныстар тиісті органдарға жолда­нып, олардың орын­далуы мен мәселелердің шешілу ба­рысы тұрақты бақылауда бо­лады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы