Бүгінде елорданың орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне бес негізгі энергия көзі кіреді. Олар – ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3, сондай-ақ «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциялары.
Қалыптастырылған жылу қуатының резерві алдағы жылыту маусымында қаланың қазіргі қажеттілігін толық өтеуге әрі жүктеме артқан жағдайда қосымша қорды пайдалануға мүмкіндік береді. Дегенмен Астана халқының жыл сайын көбеюі мен қаланың қарқынды кеңеюі жылу қуатын одан әрі арттыруды талап етеді. Осыған байланысты жаңа қуат көздерін іске қосу және қолданыстағы нысандарды кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазір ЖЭО-3-тің көмірмен жұмыс істейтін бөлігінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар ЖЭО-2-дегі су жылыту қазандығын кеңейту және қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аясында №7 және №8 жаңа қазандық орнату көзделген. Бұл шаралар станцияның өндірістік мүмкіндігін арттырып, қаланың жылу жүйесіне түсетін жүктемені жеңілдетуге тиіс.
Елорда жылу жүйесіндегі ірі жобалардың бірі – қуаты сағатына 620 Гкал болатын «Тельман» газ жылу станциясы. Жаңа нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған. Станция іске қосылған соң қаланың жылу қуатының резерві ұлғайып, жалпы жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігі арта түспек.
Осылайша, Астана алдағы қысқы кезеңге қажетті негізгі жылу қорын алдын ала қалыптастырып отыр. Сонымен бірге қаланың келешектегі сұранысына арналған қосымша қуат көздері де кезең-кезеңімен іске қосылмақ. Бұл қазіргі тұрғын үй қорын ғана емес, елорданың даму қарқынына сай жаңадан бой көтеріп жатқан аудандарды да тұрақты әрі сенімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қыс маусымында жылудың үздіксіз берілуі – мегаполис тіршілігінің ең маңызды шарттарының бірі. Сондықтан елордада бүгінгі қажеттілікті өтеумен қатар, ертеңгі сұранысқа жететін энергетикалық қор қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.
А.ХАСАН