Жасыл желек көмкерген

Астанада ауқымды көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл елорда аумағында 1,1 млн-нан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған. Қаланың барлық ауданын қамтыған бұл жұмыс көшелер мен саябақтарда, гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктерде, сондай-ақ қалалық инфрақұрылым нысандарының аумағында жүргізілуде.

Бүгінде елордада 4 млн-нан астам жасыл желек өсіп тұр. Бұған қоса, «Жа­сыл белдеу» аумағында 14 млн-ға жуық ағаш пен бұта бар. Кейінгі жылдары қа­лада жыл сайын кемінде 1 млн ағаш, бұта мен гүл отырғызу тұрақты үрдіске ай­­­налды.

2026 жылы Астанада 70 мың ағаш, 600 мың­нан астам сәндік-гүлдейтін бұта, қор­шау жасауға арналған 40,5 мың өсімдік ж­әне 400 мыңнан астам көпжылдық гүл отыр­ғызу көзделген.

Жыл басынан бері 700 мыңнан астам жа­с­ыл желек егілді. Оның ішінде 21 мың ағаш, 303,4 мың сәндік-гүлдейтін бұта, 28 мың қоршау өсімдігі, 130,7 мың бұта және 249,2 мың көпжылдық гүл бар. Күз мез­гілін­де көгалдандыру жұмыстары одан әрі жалғасады.

Елорда келбетін жаңғыртуда ірі ағаш­тар мен көпжылдық бұталарға басымдық бе­ріліп отыр. Өсімдіктерді таңдағанда, Аста­наның қатал әрі құбылмалы климаты ескеріледі. Соған сәйкес үйеңкі, жасыл шетен, ұсақ жапырақты қарағаш, мамыргүл се­кілді жергілікті жағдайға бейім түрлер отырғызылуда.

Көгалдандыру тек саябақтар мен гүл­зар­лармен шектелмейді. Қаланың негізгі ма­гистралдары да біртіндеп жасыл же­лек­ке оранып келеді. Tarlan Astana желісі бойын­да, Сығанақ және Қабанбай батыр көшелерінде жаңа көшеттер отырғызылып жа­тыр. Жекелеген аумақтарда мыңдаған ағаш егіліп, жаңа жасыл кеңістіктер қа­лып­тастыру жоспарланған.

Greenline жаяу жүргіншілер желек­жо­лының екінші кезеңінде де көгалдандыру қар­қынды жүріп жатыр. Мұнда серуен­деу­ге арналған жаңа бағыттар, жасыл ай­мақтар, спорт және ойын алаңдары пай­да болады. Кешенді абаттандыру ая­сында аумақ ағаштармен, бұталармен жә­не сәндік өсімдіктермен көмкеріледі.

Есіл өзенінің бойында да бірыңғай сая­бақтар кластері қалыптасуда. Оның құра­мына Президент саябағы, Бейбітшілік және келісім саябағы, Триатлон саябағы жә­не өзге де демалыс орындары кіреді. Со­нымен қатар Есіл жағалауын абат­тан­дыру мен көгалдандыру жұмыстары жал­ға­сып келеді.

Есіл ауданындағы жасыл қордың өзі шамамен 240 мың ағаштан, 600 мыңға жуық бұтадан, 65 мың шаршы метр гүл­зар­дан, 5 млн шаршы метр көгалдан және 117 мың метрден астам қоршау өсімдік­тері­нен тұрады.

Жыл басынан бері ауданда 40 мыңнан ас­там жасыл желек отырғызылды. Керей-Жә­нібек хандар, Ұлы Дала, Қабанбай ба­тыр көшелерінің бойында кешенді кө­гал­дандыру жүргізілді. EXPO саябағының, ҚТЖ гүлзарының аумағы мен «Әл-Фара­би» мешітінің маңы да абаттан­дырылып, жасы­л желекпен толықты.

Байқоңыр ауданында жыл басынан бері 2 мыңнан астам жасыл желек егілді. Күз­де Абай даңғылы, Кенесары, Пушкин жә­не Ж.Тәшенов көшелерінің бойына та­ғы 500-ге жуық ағаш пен бұта отырғызу жос­парланған.

Былтыр  отырғызылған көшеттердің ал­ғашқы жемісі де көріне бастады. Мә­селен, Ж.Тәшенов көшесіндегі гүл­зарға был­тыр егілген 80 алма мен алмұрт аға­шы жақсы жерсініп, биыл алғаш рет же­міс берді.

Сарайшық ауданында 2 357 ағаш пен 18 577 сәндік-гүлдейтін бұта отырғызылды.

Сарыарқа ауданында жыл басынан бе­рі 330 мыңнан астам жасыл желек, бір­жылдық және көпжылдық гүлдер мен бұ­талар егілді. Сонымен қатар 1 700-ден ас­там ағаш отырғызылған. Күмісбеков кө­шесін көгалдандыруға айрықша мән бе­ріліп, мұнда қарағай, қарағаш, мамыр­гүлді қо­са алғанда, 500-ден астам ағаш пен түрлі тұқымдас 2 400-ден астам бұта егілді.

Кенесары көшесінде жергілікті суару жүйесімен қатар ауқымды көгалдандыру жұ­мыстары атқарылды. Осындай жұмыс­тар «Көктал» саябағы мен ауданның тұр­ғын алаптарында да жүргізілуде.

Алматы ауданында да жасыл ай­мақ­тарды кеңейту жалғасып жатыр. Қазір ау­дан аумағында 97,7 мыңнан астам ағаш, 67,9 мың бұта, 28,2 мың метр қоршау өсім­дігі және 1,7 млн шаршы метр көгал бар.

2025 жылы мұнда 8 мыңнан астам ағаш пен 26 мың бұта отырғызылып, 20 мың шаршы метрден астам көгал төселді. Сон­дай-ақ 768 метр қоршау өсімдігі жа­сақ­талды. Ал биыл ағаштар, сәндік-гүл­дей­тін бұталар, көпжылдық гүлдер мен дән­ді дақылдарды қоса алғанда 130 мың­нан астам жасыл желек отырғызу жос­парланып отыр.

Егер былтыр негізгі екпін ағаш отыр­­ғызуға түссе, биыл жасыл кеңіс­тіктердің біртұтас эстетикалық кел­бе­тін қалыптастыруға басымдық берілуде. Осы мақсатта көпжылдық гүлдер, сәндік бұталар, көгалдар мен альпілік төбешіктер кеңінен қолданылып жатыр.

Нұра ауданында кейінгі жылдары 24,5 мың ағаш пен 277 мыңға жуық сәндік жә­не гүлдейтін бұта отырғызылды. Жыл соңына дейін тағы 8,5 мыңнан астам ағаш пен 132 мыңнан астам бұта егу жос­пар­ланған.

Қаланың жаңа табиғи аумақтарын кө­галдандыру да назардан тыс қалған жоқ. Кіші Талдыкөл аумағында биыл күз­де ағаштар мен өзге де жасыл желектер отыр­ғызудың алғашқы кезеңі басталады. Бұл ретте табиғи ландшафт пен қалып­тас­қан экожүйені барынша сақтау көзделген.

Жасыл желекті көбейтумен қатар, бар өсімдікті күтіп-баптауға да ерек­ше көңіл бөлініп отыр. Суару, зиян­кес­тер мен ауруларға қарсы өңдеу, тыңайт­қыш енгізу, суару жүйелерін қалпына кел­тіру және өзге де агротехникалық ша­ра­лар тұрақты жүргізіледі. Мұндай тә­сіл жаңа көшеттердің санын арттырып қа­на қоймай, олардың жерсініп, ұзақ уа­қыт бойы қаланың жасыл қорына қызмет етуіне мүмкіндік береді.

Осылайша, Астанада көшелер мен ау­лалардан бастап саябақтарға, же­лек­жолдар мен «Жасыл белдеуге» дейін жал­ғасатын тұтас жасыл кеңістік қалыптасып ке­леді. Биыл елорданың жасыл қорына 1,1 млн-нан астам жаңа көшет қосылмақ.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Аста­на­ның қалалық инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және көгалдандыру бағы­тын­дағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тап­сырған болатын. Қазір елорданың бар­лық алты ауданында абаттандыру жұ­мыстары жүргізілуде. Кейінгі жылдары қа­лада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі жаңартылды.

Айна ХАСАН