Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның Lotte Group корпорациясының басшысымен кездесті

Мемлекет басшысы Lotte Group компаниясының басқарма төрағасы Дон Бин Шинді қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Lotte компаниясы екі елдің экономикалық ықпалдастығын нығайтуға елеулі үлес қосқан сенімді серіктес екенін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақорданың ақпаратына сілтеме жасап.

Президент кореялық компанияның еліміздің тамақ өнеркәсібіндегі қызметін жоғары бағалап, «Рахат» брендін ілгерілетуге, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларындағы өндірістік алаңдарды жаңғыртуға қатысты табысты жобаларына назар аударды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы көлік-логистика инфрақұрылымын жандандырып, өңірлік және халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндігін арттыру жөніндегі Lotte Global Logistics жоспарына тоқталды.
Кездесу барысында қонақүй бизнесін дамыту мәселесі қарастырылды. Мемлекет басшысы Алматыда Lotte брендімен салынатын алғашқы қонақүй құрылысына қатысты келісімді құптап, компанияның Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту тұрғысынан бұл бастаманың келешегі зор екенін айтты.
Дон Бин Шин компанияның тамақ өнеркәсібі, логистика қызметі және қонақүй бизнесі салаларына инвестиция құю жоспарын растады. Сонымен қатар ол Alatau City жобасын дамытуға, соның ішінде Iconic Complex кешенінің құрылысына қатысуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесу соңында Hotel Lottе Co. Ltd және Sensata Invest компаниялары Алматы мен Алатау қалаларында Lotte отельдерін салу бойынша өзара түсіністік туралы меморандум алмасты.