Қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс бойынша көлік жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Оқиға 15 қыркүйекте Целиноград ауданына қарасты Нұресіл ауылында болған.
Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, «Газель» автокөлігінің жүргізушісі кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт жастағы қыз алған жарақатынан оқиға орнында бірден қаза тапқан.
Полицияның хабарлауынша, жол-көлік оқиғасынан кейін көлік жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Қазір аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мен жол апатына әкелген себептер анықталуда, – деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдық режимінен аспауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды. Әсіресе, елді мекендерде көлік жүргізушілерінен жол маңындағы балаларға ерекше назар аударып, қауіпсіздік талаптарын сақтауды сұрады.
Тергеу нәтижесінде оқиғаның нақты себептері мен оған қатысты өзге де мән-жайларға құқықтық баға берілмек.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.