Мал дәрігерлері мәселені бірнеше мемлекеттік органның алдына да қойған. Мамандардың сөзінше, олар аса қауіпті инфекциялармен тікелей жұмыс істейді. Ал ресми жауапта мәселенің басты себебі ретінде жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың жеткіліксіздігі көрсетілген, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Бурабай ауданындағы ветеринар мамандарының көтеріп отырған мәселесі көптен бері шешімін күтуде. Олардың айтуынша, жыл басынан бері патогендік биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін төленуге тиіс үстемеақы берілмеген.
Ветеринарлардың жұмысы күнделікті қауіппен байланысты. Мамандар ауру ошақтарына шығып, қан сынамаларын алады, жануарларды тексереді және аса қауіпті инфекция қоздырғыштарымен тікелей байланыста болады. Олардың арасында сібір жарасы, бруцеллез және құтыру сияқты адамға да жұғуы мүмкін аурулар бар.
– Күн сайын ветеринар дәрігерлер ошақтарға шығып, қан сынамаларын алып, аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштарымен тікелей байланыста жұмыс істейді. Бұл аурулар жануарлар үшін ғана емес, адамдар үшін де аса қауіпті. Біз курорттық өңірдің және тұтас облыстың биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысамыз, – дейді мамандар.
Ветеринарлардың айтуынша, мұндай еңбек жағдайына байланысты заңнамада лауазымдық айлықақының 50 пайызы мөлшерінде үстемеақы қарастырылған. Алайда 2026 жылдың қаңтарынан бері бұл төлем мүлде жүргізілмеген.
Мамандар мәселе бойынша тиісті мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгінген.
Қаржы неге жетпеді?
Ақмола облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаментінің қарауына ұсынылған материалдарды зерделеу барысында Бурабай аудандық ветеринариялық стансасының жануарлар ауруларының алдын алу, диагностикасы және оларды жою жөніндегі іс-шараларды ветеринария саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырып отырғаны анықталған.
Департаменттің жауабында бюджет қаражатының шектеулі болуына байланысты қажетті қаржыландыру толық көлемде қамтамасыз етілмегені көрсетілген.
Соның салдарынан жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі қысқарып, аудандық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың эпизоотияға қарсы іс-шараларды орындауына байланысты 1,2 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру тапшылығы қалыптасқан.
Еңбек инспекциясының ресми жауабында Бурабай аудандық ветеринариялық стансасының қызметкерлеріне 2026 жылдың басынан бері патогендік үшін үстемеақы төленбегені де нақты көрсетілген.
Сонымен бірге қажетті бюджет қаражаты бөлінген жағдайда, үстемеақы төлеу мәселесі заңнамада белгіленген тәртіппен қаралатыны айтылған.
Департамент азаматтарға жалақының төленбеуі немесе еңбек заңнамасының өзге де талаптарының бұзылуы жағдайында жазбаша өтінішпен жүгінуге болатынын еске салды. Өтінішті «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы да жолдауға болады.
Облыстық Ветеринария басқармасы не дейді?
Мәселеге қатысты Ақмола облысының Ветеринария басқармасы да жауап берді.
Басқарманың мәліметінше, 2026 жылы патогендік биологиялық агенттермен байланысты жұмыстарды орындайтын ветеринария мамандарына лауазымдық айлықақының 50 пайызы мөлшерінде үстемеақы төлеу қарастырылған.
Яғни, мамандардың сөз болып отырған төлемі бюджетте мүлдем қарастырылмаған деген жағдай жоқ. Басқарманың хабарлауынша, 2026 жылға облыстық бюджетте осы мақсатқа 1,1 миллиард теңге көлемінде қаржы көзделген.
– Қажетті бюджеттік өтінімдерді облыстық Ветеринария басқармасы қалыптастырып, олар бюджет атқаруына жауапты уәкілетті органмен белгіленген тәртіпте келісілген. Алайда қаржы бірден толық көлемде бөлінбеген. Қазіргі уақытта облыстық бюджеттен алғашқы транш – 159 млн теңге бөлінген. Қалған қаражат облыстық бюджеттен түсуіне және қаржылық мүмкіндіктерге қарай кезең-кезеңімен жыл соңына жеке-жеке транштармен берілмек, – дейді Ақмола облысының Ветеринариялық басқармасынан.
Қазіргі уақытта бұл қаражатты аудандық және қалалық ветеринариялық стансаларға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, ветеринариялық стансалармен қолданыстағы шарттарға қосымша келісімдер жасалып, мамандарға тиісті үстемеақыларды төлеуді қамтамасыз ету көзделген.
Басқарма бұл мәселенің өз бақылауында екенін мәлімдеді. Сондай-ақ патогендік биологиялық агенттермен жұмыс істейтін ветеринар мамандарына тиесілі үстемеақыны төлеу мәселесі Ақмола облысының әкімдігі мен Ветеринария басқармасының бақылауында екені айтылды.
Қаржыландырудың әрі қарайғы нәтижелері мен тиісті төлемдердің жүргізілуі туралы ветеринар мамандары белгіленген тәртіппен хабардар етіледі.
Бір мәселе, бірнеше жауап
Осылайша, Бурабай ветеринарлары көтерген мәселе бойынша мемлекеттік органдардың жауаптарында бірнеше маңызды дерек бар.
Біріншіден, патогендік биологиялық агенттермен жұмыс істейтін ветеринар мамандарына 50 пайыздық үстемеақы төлеу 2026 жылға қарастырылған.
Екіншіден, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге көлемінде қаражат жоспарланған.
Үшіншіден, әзірге оның 159 млн теңгесі ғана алғашқы транш ретінде бөлінген.
Төртіншіден, қалған қаражат облыс бюджетінің кірістері мен қаржылық мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен бөлінбек.
Ал Бурабай ауданындағы мамандар болса, үстемеақыны жылдың басынан бері алмағанын айтып отыр.
Мәселенің тағы бір ерекшелігі – ветеринарлардың айтуынша, бұл жағдай тек Бурабай ауданымен шектелмейді. Облыстың бірқатар ауданындағы ветеринар мамандары да аталған төлемді уақытында ала алмаған.
Сондықтан қазір мамандарды қызықтыратын басты сұрақ – қаражаттың толық көлемде қашан бөлінетіні және жыл басынан бері төленбеген үстемеақының қашан есептеліп, қызметкерлердің қолына тиетіні.
Әзірге ресми жауап бойынша қаржыландыру процесі басталған, ал қалған қаражатты бөлу жыл соңына дейін кезең-кезеңімен жүргізілуі тиіс.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.