Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея арасындағы парламенттік байланыстың маңызын айтты

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда заң шығарушы органдардың атқаратын рөліне тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда заң шығарушы органдардың атқаратын рөліне тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

– Жалпы, соңғы жылдары парламентаралық диалог айтарлықтай тереңдей түсті. Қазақстан Парламенті мен Корея Республикасының Ұлттық ассамблеясы арасындағы байланыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Осындай байланыстарды Құрылтай депутаттары белсенді түрде дамыта бермек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екіжақты қатынастардың жекелеген аспектілеріне де назар аударды.

– Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарымыз нығайып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үрдіс. Қазақстанда Корея капиталы бар мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Көптеген маңызды салада бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Біздің мәдени-гуманитарлық байланыстарымыздың тамыры тереңде. Қазақстанда шамамен 120 мың корё-сарам қауымы, яғни этникалық корейлер тұрады. Олар халықтарымыз арасындағы достықтың «алтын көпірі» десек, артық болмайтын шығар. Өзіңізге белгілі, келесі жылы корей халқының Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жыл толады. Бұл – тарихи оқиға. Екі мемлекет бірлесіп, осы айтулы межені жоғары деңгейде атап өтуіміз керек, – деді Президент. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.