«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Дидарбек Ділдәбек жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне назар аударып, Жастар ресурстық орталықтарының жұмысын іс-шаралар санымен емес, нақты жұмысқа орналасқан немесе сұранысқа ие мамандық алған жастардың санымен бағалауды ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметінше, елде 15 пен 34 жас аралығындағы еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін (NEET санатындағы) жастардың үлесі 5,8%-ды құрайды.
«100 мыңнан астам тіркелген және 300 мыңнан астам уақытша немесе жасырын жұмыссыз жүрген жас азамат бар. Бұл топ деструктивті тәуекелдерге бейім ең осал орта. Елімізде бүгінде жастарды әлеуметтендіру мәселесімен 235 Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Орталықтар жүйелі жұмыс атқаруда, алайда олардың жұмысында кемшіліктер бар екендігін де мойындауымыз керек.
Жастар ресурстық орталықтарының мүмкіндіктері, көбінесе тек қалалық белсенді жастардың арасында ғана қалып отыр. Ауылдық жерлер мен қала маңындағы осал топтар ақпараттық вакуумда өмір сүруде. Жастардың басым бөлігі тығырықтан шығар жолды мемлекеттік бағдарламаларсыз, өз бетінше іздеуге мәжбүр.
Жастар инфрақұрылымының қызметі көбіне жалпылама сипатқа ие және нақты мақсатты топтармен, әсіресе жасырын NEET жастарымен атаулы жұмыс жүргізуге бейімделмеген.
Аудандық және ауылдық деңгейдегі Жастар ресурс орталықтары қызметкерлерінің материалдық ынталандыру мәселесі қажетті деңгейде емес», – деді Дидарбек Ділдәбек.
Депутаттың айтуынша, жас мамандар Smart Data Ukimet немесе «Отбасының цифрлық картасы» сияқты мемлекеттік базалармен жұмыс істей алмайды және тығырыққа тірелген жастармен кешенді мансаптық жұмыс жүргізуге қауқарсыз.
Осы орайда Дидарбек Ділдәбек қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін бірнеше ұсыныс айтты:
- Жастар ресурстық орталығы жұмысын бағалауда өткізілген іс-шаралар саны арқылы емес, нақты тұрақты жұмысқа немесе қысқамерзімді курстарда сұранысқа ие мамандық алып шыққан азаматтар саны арқылы бағалауды;
- Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің жастар шоғырланған орындарға – ірі базарларға, вокзалдарға, қала маңындағы жұмысшы кенттеріне көбірек жіберіп, көшпелі кеңес беру пункттерін ұйымдастыруды;
- Құзырлы министрліктерге Smart Data Ukimet жүйесінде автоматты алгоритмді енгізуді. Ол үшін 15-35 жас аралығындағы азамат оқудан шыққан немесе зейнетақы жарнасы түспеген сәтте, оған eGov Mobile арқылы атаулы SMS ұсыныс жіберуді;
- Жергілікті бюджеттен имидждік форумдар мен акцияларға жұмсалатын шығындарға мораторий енгізіп, үнемделген қаражатты ауылдық және аудандық деңгейдегі Жастар ресурстық орталығы инспекторларының жалақысын көтеруге бағыттауды ұсынды.