Қазақстан Кореяға энергия ресурстарын жеткізуді қайта жандандыруға дайын – Тоқаев

Осы тұста Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды буын ретінде Орталық Азияның рөлі арта түсті.

Президент көлік-логистика әлеуетін нығайтуды тағы бір басымдық деп санайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Мемлекет басшысының пікірінше, жаһандық жеткізу тізбегінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Осы тұста Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды буын ретінде Орталық Азияның рөлі арта түсті.

– Қазақстан өз аумағы арқылы тасымалданатын транзиттік жүк көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға айрықша мән береміз, оны Орта дәліз деп те жиі атайды. Соңғы алты жылда осы көлік дәлізімен тасымалданатын жүк көлемі бес есе ұлғайды. Таяу жылдары бағыттың өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға дейін жеткізуге ниеттіміз. Біздің ойымызша, Орта дәлізді көлік саласындағы TRIPP бастамасымен интеграциялауға болады. Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы арқылы Орталық Азия мультимодальді жолдарымен жүк жеткізетін Кореяның да аталған координаттар жүйесіне қатысы бар. Сондықтан бұл бағыттардың әлеуетін біріктіріп, Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын көлік-логистика тізбегін қалыптастыруға болады деп ойлаймын. Осы орайда, Пусан порты мен Каспий айлағындағы Қазақстан порттары арасындағы тәжірибе мен ақпарат алмасу бағытындағы тығыз ынтымақтастық жаңа мүмкіндікке жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық қауіпсіздіктің маңызына назар аударып, Қазақстан көмірсутегі өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың санатына кіретінін, жыл сайын елімізде 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндірілетінін айтты.

– Осы саладағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге, соның ішінде Кореяға энергия ресурстарын жеткізуді қайта жандандыруға әзірміз. Сонымен қатар геологиялық барлау және жер қойнауындағы жаңа кеніштерді игеру бағытында ықпалдастық аясын кеңейтуге болады. Оң тәжірибе бар. Мысалы, Кореяның KNOC ұлттық компаниясы Қазақстандағы мұнай кен орнын табысты игеріп жатыр. Hyundai Engineering компаниясы консорциум құрамында ірі газ өңдеу зауытының құрылысына қатысуда. Шикізатты терең өңдеу саласының да келешегі зор. Қазақстан мұнай-газ химиясын, соның ішінде полипропилен, полиэтилен өндірісін дамытуды белсенді түрде қолға алды. Кореялық компанияларды қосылған құны жоғары жаңа өндіріс орындарын ашуға шақырамыз. Жаһандық энергетикадағы өзгеріс атом өнеркәсібін ілгерілету мәселесі өзекті екенін көрсетті. Біз KHNP және Doosan Enerbility компанияларымен ядролық технология саласында анағұрлым тығыз ынтымақтастық орнатуға әзірміз, – деді Қазақстан Президенті.