Президент аса маңызды минералдар саласындағы серіктестікті күшейтуді ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Қазақстанның ресурс базасы айтарлықтай мол. Сирек кездесетін металдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына енеді. Корея стратегиялық санатқа жатқызатын 10 минерал түрінің бәрі де елімізде бар. Қазақстанның ресурс әлеуеті мен Кореяның технологиялық мүмкіндіктерін үйлестіру өзара тиімді ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады. Осы сапар аясында Алматы қаласында Кореяның технологиялық ықпалдастық институтының (KIAT) көмегімен Сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мен мұны құптаймын. Біз толық өндіріс циклын қалыптастыруды мақсат етуіміз керек. Яғни, аса маңызды шикізатты зерттеу мен өндіруден бастап, оны терең өңдеу және одан қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға дейінгі тізбек толық қамтылуға тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, жартылай өткізгіштер, микроэлектроника, аккумулятор, электромобиль мен роботты техника бөлшектерін өндіруге көшуіміз керек. Бұл міндетті орындау үшін бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынамыз, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі және аймақтағы экологиялық теңгерімді сақтау мәселесін көтерді.
– Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын жаппай жаңғырту жүріп жатыр. 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салып, 14,5 мың шақырым суландыру арналарын жаңартуды және су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануды жоспарлап отырмыз. Климаттың өзгеруі, су тапшылығы және табиғи экожүйенің тозуы қазірдің өзінде Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсер етіп жатыр. Сондықтан Қазақстан Кореяның біз үшін өте маңызды әрі шетін салаға қатысты озық технологиясы мен жинаған тәжірибесін бөлісу ниетін жоғары бағалайды. Атап айтқанда, Кореяның су үнемдеуге, судың цифрлық есебін жүргізуге арналған технологияларын меңгеруге және заманауи су үнемдеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ортақ бағдарламаны іске қосқан дұрыс деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.