Қазақстан Кореямен әріптестік арқылы шикізат сатудан технологияны меңгерген елге айналуы керек – сарапшы

Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынас жаңа кезеңге өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында екі ел арасында сомасы 19 миллиард долларға жуықтайтын 80-дей коммерциялық келісімге қол қойылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның ішінде өндіріс, энергетика, инфрақұрылым, технология, атом энергетикасы және кадр даярлау бағыттары бар. Бұл келісімдер Қазақстан экономикасына не береді және ел одан қандай пайда көре алады?

 Aikyn.kz сайты сарапшылардың пікірін жинақтады.

Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, Қазақстан–Корея экономикалық форумының нәтижесі екі елдің ынтымақтастығы енді сауда көлемін арттырумен ғана шектелмейтінін көрсетті.

– Форум қорытындысы бойынша негізгі акцент өндірісті жергіліктендіруге, технология трансферіне, инфрақұрылымға, жаңа индустриялық құзыреттер қалыптастыруға және Қазақстанды Орталық Азиядағы өндірістік әрі логистикалық хабтардың біріне айналдыруға қойылып отыр, – дейді экономист.

Оның айтуынша, бұған қажетті экономикалық база қалыптасқан. 2025 жылы Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 3,17 миллиард долларға жетіп, бір жылда 1,3%-ға өсті. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында екіжақты сауда көлемі 1,3 миллиард долларды құрады. Осы кезеңде Қазақстанның Кореяға экспорты 17,2%-ға өсті.

– Яғни екі елдің экономикалық байланысында Қазақстан тек кореялық тауарларды импорттайтын нарық ретінде емес, өз өнімдерін жеткізетін серіктес ретінде де позициясын біртіндеп күшейтіп келеді, – дейді Айбар Олжай.

Ол қазір екі ел жалпы құны шамамен 4 миллиард доллар болатын 46 инвестициялық жобаны пысықтап жатқанын атап өтті. Сарапшының пікірінше, бұл жобалардағы негізгі мәселе – дайын өнімді импорттаудан Қазақстанда өндіріс құруға көшу.

– Мұндағы басты өзгеріс дайын өнімді импорттау моделінен өндірістің бір бөлігін Қазақстанға көшіруге, технология әкелуге және жергілікті жеткізушілер тізбегін дамытуға көшу болмақ, – дейді ол.

Экономист автомобиль өнеркәсібін осы үрдістің нақты мысалы ретінде келтіреді. Оның айтуынша, Hyundai Motor Company мен Astana Motors Қазақстанда Hyundai Tucson жаңа моделін шығару жөніндегі келісіммен алмасты. Сонымен бірге QazaqGaz, Hyundai Engineering және SICIM Kazakhstan Батыс Қазақстанда газ өңдеу зауытын салу бойынша келісімдерге келді.

– Бұл жобалар Қазақстан–Корея әріптестігінің автомобиль құрастырумен ғана шектелмей, энергетика мен күрделі индустриялық инфрақұрылымға да кеңейіп жатқанын көрсетеді, – дейді Айбар Олжай.

Оның пікірінше, Қазақстан үшін негізгі нәтиже инвестиция көлемімен ғана өлшенбеуі керек.

– Егер қол қойылған және талқыланып жатқан жобалар толық іске асса, олардың нақты әсері өндірістің локализациясынан, жаңа жұмыс орындарынан, технология трансферінен, жергілікті жеткізушілердің пайда болуынан және қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігінің кеңеюінен көрінуі тиіс, – дейді экономист.

Атом энергетикасындағы әріптестік не береді?

Қазақстандық қоғамдық даму институтының Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры, халықаралық қатынастар сарапшысы Ризат Тасым Қазақстан мен Корея арасындағы байланыстың жаңа деңгейге көтерілуіне назар аударды.

– Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы қатынастар сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге өтті. 2009 жылы стратегиялық серіктестік орнатқан екі мемлекет енді байланыстарын болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерді. Жаңа дипломатиялық мәртебе ынтымақтастық ауқымының кеңейгенін және екі елдің ұзақмерзімді мүдделері өзара тоғысып келе жатқанын білдіреді, – дейді ол.

Ризат Тасым қол қойылған құжаттардың арасынан атом энергетикасына қатысты келісімдерге ерекше назар аударды.

– Меніңше, қабылданған құжаттардың ішінде атом энергетикасына қатысты екі келісімнің орны ерекше. Біріншісіне ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен КР Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрлігі, екіншісіне Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Кореяның Климат, энергетика және қоршаған орта министрлігі қол қойды. Екі құжат та атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Кореяның бұл саладағы мүмкіндіктері бірін-бірі толықтырады.

– Қазақстан 2025 жылы шамамен 25,8 мың тонна уран өндіріп, әлемдік өндірістің 40 пайызға жуығын қамтамасыз етті. Еліміз Кореяға табиғи уранды 2005 жылдан бастап жеткізіп келеді. Корея өз кезегінде реакторларды жобалау, салу және пайдалану, қауіпсіздік жүйелерін енгізу мен мамандар даярлау саласында мол тәжірибе жинақтаған. Демек, ықпалдастық ядролық отын циклі, ғылыми зерттеулер, жабдық өндірісі, цифрлық басқару жүйелері, радиациялық қауіпсіздік және кадр даярлау бағыттарында жақын арада ілгерлеуі мүмкін, – дейді Ризат Тасым.

Сарапшы Қазақстан үшін түпкі нәтиже тек инвестиция көлемі болмауға тиіс деп есептейді.

– Қазақстан үшін түпкі нәтиже инвестиция көлемімен қатар, елде қалатын технология, инженерлік құзырет, өндірістік база және білікті мамандар. Басты мақсат толыққанды атом өнеркәсібінің ғылыми, инженерлік және өндірістік экожүйесін қалыптастыру. Қазақстанның атом технологияларын толық меңгерген мемлекетке өтуіне ықпал ету – қазақ-корей жан-жақты стратегиялық серіктестігінің ең нақты әрі маңызды нәтижелерінің бірі болмақ, – дейді ол.

Қазақстан өз байлығынан қалай көбірек пайда таба алады?

Қазақстандық қоғамдық даму институтының Институционалдық талдау және реформалар орталығының сарапшысы Алмат Нүкенов Кореямен ынтымақтастықтың Қазақстан үшін негізгі мүмкіндігін табиғи ресурстарды ел ішінде өңдеумен байланыстырады.

– Кореямен ынтымақтастықтың Қазақстан үшін басты мүмкіндігі — табиғи байлықты технологиямен ұштастырып, ел ішінде жаңа өндіріс қалыптастыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында қол қойылған 19 миллиард долларлық коммерциялық келісімдердің стратегиялық мәнін осы тұрғыдан бағалауға болады. Бұл — алдағы жобалардың ауқымын көрсететін сома. Нақты қайтарымы олардың қаншалықты сапалы іске асатынына байланысты, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, Қазақстанның алдында тұрған негізгі міндет – шикізатты экспорттаумен шектелмей, оның негізінде ел ішінде өндіріс қалыптастыру.

– Меніңше, сапардың негізгі экономикалық қисыны — Қазақстанның ресурстық мүмкіндігін өндірістік артықшылыққа айналдыру. Кореяға сенімді шикізат жеткізілімі мен жаңа нарықтар қажет. Қазақстанға сол шикізатты терең өңдейтін технологиялар, инвестиция және инженерлік тәжірибе маңызды. Өзара мүдденің осындай тоғысуы ұзақмерзімді әріптестікке негіз болады, – дейді Алмат Нүкенов.

Ол Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауытын кеңейту және Түркістан облысындағы электр станциясы секілді жобалардың экономиканың басқа салаларына да әсер ететініне назар аударды.

– Бұл жобалардың әсері өз салаларынан әлдеқайда кең: жеткілікті энергия мен отын жаңа кәсіпорын ашуға, өндірісті ұлғайтуға және өңірлерге инвестиция тартуға жағдай жасайды. Демек, энергетикалық жобалар экономиканың басқа секторларындағы өсімге де негіз бола алады, – дейді сарапшы.

Алмат Нүкенов сирек жер элементтерін Қазақстанда өңдеу мәселесіне де тоқталды.

– Табиғи байлықтың экономикалық құны оны өңдеу тереңдеген сайын артады. POSCO Holdings компаниясымен сирек жер элементтерін өңдеу технологиялары жөніндегі меморандумның маңызы осында. Қазақстан үшін келесі міндет — өңдеу қуаттарын ел ішінде орналастырып, технологияны отандық мамандардың игеруіне қол жеткізу. Сонда ресурс экспортымен қатар инженерлік еңбекке, жергілікті жабдық пен қызметке сұраныс қалыптасады. Бұл экономиканы әртараптандырудың нақты жолы, – дейді ол.

Сарапшы инвестицияның тиімділігін жаңа өндіріс орындарының санымен ғана емес, оның айналасында қалыптасатын экономикалық ортамен де байланыстырады.

– Инвестицияның қоғамға пайдасы адамның өміріндегі өзгерістен көрінеді. Қостанайдағы KIA Qazaqstan жобасы 1 500 тұрақты жұмыс орнына есептелген. Мұндай өндірістердің айналасында бөлшек жеткізетін, тасымалдайтын, жабдықтарды жөндейтін отандық кәсіпорындар көбейсе, инвестицияның әсері кеңейеді. Ал Алатауда KAIST филиалын ашу жөніндегі келісім осы өндірістерге қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Менің пайымымша, ең құнды нәтиже — Қазақстанда зауыттармен бірге сол зауыттарды дамыта алатын кәсіби ортаның қалыптасуы, – дейді Алмат Нүкенов.

Оның пікірінше, Сеулде жасалған келісімдердің нақты нәтижесін үш мәселе арқылы бағалауға болады.

– Осы келісімдерден кейін Қазақстан өзі не өндіре алады, қандай технологияны меңгереді және азаматтары қандай жұмысқа орналасады? Жауап осы үш бағытта айқындалса, Сеулдегі сапардың нәтижесі ұзақ жылға қызмет етеді. Қазақстанның мақсаты — әрбір ірі инвестициямен бірге елдің өз мүмкіндігін де кеңейту, – дейді сарапшы.