Мемлекет басшысы, ең алдымен, қонақжайлық танытып, бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырған Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёңге ризашылығын білдірді.
– Бұл диалогтың тарихы тереңде. Оған осыдан жиырма жыл бұрын корей тарапы бастамашы болған. Бүгінде ықпалдастық форматы жоғары саяси деңгейге көтерілді. Бұл – сан қырлы ынтымақтастығымыз шынайы стратегиялық байланыстар мен өзара сенімге ұласқанын айғақтайтын сәт. Бүгінгі саммитті шын мәнінде тарихи уақиға деп атауға болады. Осы керемет кездесуді ұйымдастыруға Президент Ли Чжэ Мёңнің саяси ерік-жігер танытып, жеке үлес қосқанын айрықша атап өткім келеді. Корея Республикасының Орталық Азия мемлекеттерімен тең дәрежелі әрі ұзақмерзімді серіктестікті жолға қою ниетіне куә болып отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазақстандықтар корей халқына, оның бірегей тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне зор құрметпен қарап, ерекше ықылас танытатынын айтты.
– Корея Республикасы қазіргі замандағы ұлттық өрлеудің таңдай қақтырарлық тамаша үлгісін танытты. Білімге, инновацияға және адам капиталына басымдық берудің арқасында сіздер қысқа мерзім ішінде жетекші технологиялық державалардың қатарына қосылдыңыздар. Бұл – дамылсыз еңбектің, темірдей тәртіптің және табандылықтың заңды нәтижесі. Қазақ халқы жетістіктеріңізге шын мәнінде тәнті болып, сүйініп отырады, – деді Мемлекет басшысы.
Логистика әлеуетін нығайту – бір басымдық
Қасым-Жомарт Тоқаев көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты пікірін жеткізді. Президент басты бағыт ретінде сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық мәселесін атады.
– Былтыр Орталық Азия мен Кореяның өзара сауда-саттық көлемі алғаш рет 10 миллиард доллардан асты. Өңірдегі тауар айналымының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Сеул еліміздің үздік он сауда серіктесінің қатарына кіреді. Ірі инвесторлардың арасында тоғызыншы орын алады. Кореядан елімізге 12 миллиард доллардан астам инвестиция келді. Қазақстанда корей капиталының үлесі бар мыңнан аса бірлескен кәсіпорын тіркелген. Kia, Hyundai, Doosan, Posco, Samsung, Lotte, Hanwha секілді жетекші компаниялар Қазақстан нарығында ұзақ жылдар бойы табысты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда екіжақты ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Осы сапар аясында жалпы құны шамамен 19 миллиард долларға бағаланған коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Бұл – экономикалық ықпалдастығымыздың қарқыны жоғары екеніне айқын дәлел, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы уақытта да кореялық компанияларға қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді. Инвесторлардың елімізде ұзақ уақыт жүріп-тұруын жеңілдететін Altyn Visa бағдарламасы осы мақсатқа қызмет етеді.
– Өнеркәсіп саласында экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге айтарлықтай мүмкіндік бар. Былтыр елімізде іске қосылған KIA Qazaqstan зауыты бұған жарқын мысал бола алады. Кәсіпорын жылына 70 мың автокөлік шығарады. Өндірістің айналасында толыққанды кластер қалыптасып келеді. Кореяның технологиялық қуатын еліміздің өндірістік әлеуетімен ұштастыратын дәл осындай серіктестік үлгісін басқа да салаларда қолдануға болады деп ойлаймын. Бұл ретте Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы өнеркәсіп министрлерінің бірінші кездесуін өткізу идеясын құптаймын. Осы бастаманы одан әрі ілгерілету үшін «Орталық Азия – Корея» өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынамын. Аталған тетік аясында үкіметтеріміз өндіріс локализациясына, технология трансферіне, өңірлік кооперацияны дамытуға және дайын өнімді үшінші елдер нарығына шығаруға ден қоя отырып, бірлескен маңдайалды жобалардың тізімін жасақтай алар еді. Бүгінгі «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-форумы осы үдеріске елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент көлік-логистика әлеуетін нығайтуды тағы бір басымдық деп санайды. Мемлекет басшысының пікірінше, жаһандық жеткізу тізбегінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Осы тұста Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды буын ретінде Орталық Азияның рөлі арта түсті.
– Қазақстан өз аумағы арқылы тасымалданатын транзиттік жүк көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға айрықша мән береміз, оны Орта дәліз деп те жиі атайды. Біздің ойымызша, Орта дәлізді көлік саласындағы TRIPP бастамасымен интеграциялауға болады. Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы арқылы Орталық Азия мультимодальді жолдарымен жүк жеткізетін Кореяның да аталған координаттар жүйесіне қатысы бар. Сондықтан бұл бағыттардың әлеуетін біріктіріп, Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын көлік-логистика тізбегін қалыптастыруға болады деп ойлаймын. Осы орайда, Пусан порты мен Каспий айлағындағы Қазақстан порттары арасындағы тәжірибе мен ақпарат алмасу бағытындағы тығыз ынтымақтастық жаңа мүмкіндікке жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық қауіпсіздіктің маңызына назар аударып, Қазақстан көмірсутегі өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың санатына кіретінін, жыл сайын елімізде 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндірілетінін айтты.
Мемлекет басшысы еліміз Кореяның сутегі энергетикасын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта бірқатар бірлескен жоба пысықталып жатыр. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы «Жасыл энергетика кешені».
– Елімізде 33 миллиард тоннаға жуық көмір қоры бар, ал көмірден алынатын қуат электр энергиясы өндірісінің 60 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Сондықтан «таза көмір» технологиясын енгізуге айрықша басымдық береміз. Корея бизнесін, әсіресе Doosan, KEPCO E&C және Midland Power компанияларын көмір генерациясын жаңғырту жобаларын бірлесе жүзеге асыруға, сондай-ақ ауаға таралатын зиянды заттарды реттеу технологияларын енгізуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Цифрландырудың маңызы артты
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берді.
– Корея Республикасы – жаһандық технология жарысындағы көшбасшылардың бірі. Қазақстан да цифрлық трансформацияға белсенді кірісті. Астанада Аlem.ai халықаралық орталығы ашылды, суперкомпьютерлер іске қосылды, арнаулы жасанды интеллект университеті өз жұмысын бастады. Кореямен бірқатар бірлескен бастама жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Түркістанда Woosong университеті ашылды, Қызылордада SeoulTech университетімен бірге Жасанды интеллект институты құрылды. Алатау қаласында орналасатын KAIST, яғни Корея озық технологиялар институты филиалы өзара серіктестігіміздің серпінді жобасы болуға лайық. Бұл – әлемдегі технология тілін үйрететін жетекші оқу орындарының бірі. Биыл Корея ғылыми-техникалық ақпарат институтымен бірлесе негізі қаланған AI SilkNet предективті аналитика және форсайт орталығы іске қосылады. Менің ойымша, екі елдің ғылыми мекемелері, университеттері мен технологиялық компаниялары осы орталықтың айналысында бір мақсатқа топтасқаны жөн. Қазақстан бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының әлеуетін жұмылдыруға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент аса маңызды минералдар саласындағы серіктестікті күшейтуді ұсынды.
– Қазақстанның ресурс базасы айтарлықтай мол. Сирек кездесетін металдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына енеді. Корея стратегиялық санатқа жатқызатын 10 минерал түрінің бәрі де елімізде бар. Қазақстанның ресурс әлеуеті мен Кореяның технологиялық мүмкіндіктерін үйлестіру өзара тиімді ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады. Осы сапар аясында Алматы қаласында Кореяның технологиялық ықпалдастық институтының (KIAT) көмегімен Сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мен мұны құптаймын. Біз толық өндіріс циклын қалыптастыруды мақсат етуіміз керек. Яғни аса маңызды шикізатты зерттеу мен өндіруден бастап, оны терең өңдеу және одан қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға дейінгі тізбек толық қамтылуға тиіс, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі және аймақтағы экологиялық теңгерімді сақтау мәселесін көтерді.
– Қазақстанда су шаруашылығы ин-фрақұрылымын жаппай жаңғырту жүріп жатыр. 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салып, 14,5 мың шақырым суландыру арналарын жаңартуды және су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануды жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.
Халықаралық бизнестегі бедел
Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-саммитінде сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы аймақтағы елдердің ішкі жалпы өнімінің жиынтық көлемі 550 миллиард долларлық межеге жуықтап, өсім 6 пайыздан асқанын жеткізді. Бұл – әлемдегі орташа көрсеткіштен екі еседей жоғары.
– Сауда-экономикалық байланыстың нығаюы және көлік саласындағы ықпалдастықтың кеңеюі аймақты инвестициялық тұрғыдан тартымды ете түседі. Осы артықшылықтарды Кореяның өндірістік, технологиялық және қаржылық мүмкіндіктерімен ұштастыру өзара тиімді әрі перспективті ынтымақтастыққа жол ашады. «Ортақ мақсаттарға қол жеткізу жолында ресурс біріктіру» формуласына сай күш жұмылдырсақ, сан қырлы серіктестігімізді мүлдем жаңа әрі сапалы деңгейге шығара аламыз деп ойлаймын. Қазақстан осы маңызды міндетті еңсеру үшін өз әлеуетін толық пайдалануға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Орталық Азияның жиынтық ішкі жалпы өнімінің шамамен 60 пайызы және аймаққа шетелден тікелей тартылатын инвестицияның 70 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі.
– Орталық Азияның экономикалық дамуы мен өркендеуіне еліміздің қосқан елеулі үлесін осы көрсеткіштен аңғаруға болады. Сапар аясында екі ел арасында сомасы 19 миллиард долларға жуықтайтын 80-дей коммерциялық келісімге қол қойылды. Бұл – құрғақ мәлімдеме немесе қазіргі тілмен айтқанда, қағаз жүзінде қалатын мәміле емес, іске асатын нақты жоспарлар. Қалай болғанда да Үкімет бизнес-жобалардың уақытылы орындалуын жіті қадағалайды. Қазақстан Үкіметі бірлескен жобаларды өз деңгейінде жүзеге асыру үшін корей кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетеді. Ол үшін Қазақстан мен Кореяның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2027-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы әзірленеді. Біз инвестициялық ахуалды дәйекті түрде жақсартып, шетелдік инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасап келеміз. Елімізде бизнес бастауға ниетті инвесторларға артықшылықтар ұсынатын Altyn Visa бағдарламасының енгізілуі – маңызды қадамның бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуеті зор бағыттарға тоқталып, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды негізгі басымдық ретінде атады. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Корея құны 4 миллиард доллардан асатын 51 жобаны жүзеге асырып жатыр. Былтыр елімізде 170 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі шамамен 18 пайызға өсті.
Президент көлік байланысын кеңейту мәселесін өте өзекті деп санайды. Осы орайда, Орталық Азияның географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуы тұтас Еуразияның көлік-логистика жүйесін нығайтуға мол мүмкіндік береді.
– Бұл істе Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы зор. Оның басым бөлігі Қазақстан аумағымен өтеді. Бүгінде Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалдың 85 пайызға жуығы аталған бағдарға тиесілі. Өткен жылы Орта дәліз бойымен контейнерлік тасымал көлемі 36 пайызға көбейді. Биылғы 8 айда 18 пайыз шамасында айтарлықтай өсім көрсетті. Алдағы екі жылда бағдардың өткізу қабілетін 6 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Корей компаниялары осы бағыт бойындағы инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілетуге атсалыса алады. Қазақстан Үкіметі корей серіктестерімізге арналған инвестициялық жобалар портфелін жасақтауда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан рекордтық көлемде, яғни 27 миллион тоннадай астық жинағанын мәлімдеді.
– Агроөнеркәсіп өнімдеріміз әлемнің 70-тен астам еліне жеткізіледі. Экспорт көлемі 7 миллиард долларға жетті. Қазақстан жер ресурстарына бай. Ал Корея ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру және оған жоғары технологияларды енгізу ісінде көш бастап тұр. Бәсекеге қабілетті артықшылықтарымызды біріктіріп, тамақ өнеркәсібінде бірлескен кластер құруды ұсынамын. Аталған кластердің қызметі өндіріске, терең өңдеуге және өнімді сыртқы нарыққа экспорттауға бағытталады. Қазақстан корей компанияларына үлкен нарық ұсынып қана қоймай, өндіріс орындарын ашуға, технологияларды енгізуге және Еуразия нарығына шығуға мол мүмкіндік береді. Бұл корей бизнесінің көкжиегін кеңейте түседі. Сонымен қатар тұтас Орталық Азияға нақты мультипликативті әсерін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, аймақтың экономикалық табысын елдердің орнықты дамуынан бөлек қарауға болмайды.
– Орталық Азияның өзара байланысын нығайту өңірдің экономикалық әлеуетін толық танытады, халықаралық бизнеске жол ашып, ауқымды бірлескен жобаларды іске асыруға тың серпін береді. Әлемде технологиялық және экономикалық тұрғыдан көшбасшы саналатын Корея Республикасымен ынтымақтастықты тереңдету осы мақсаттарға жедел қол жеткізуге ықпал етері сөзсіз, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.