Ортақ мақсатқа бастар жаңа қадам

Президент Корея Республикасының Премьер-ми­нист­рімен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Хан Сон Сукты Корея Үкіметінің басшысы болып тағайындалуымен құт­тықтап, аса жауапты қызметіне табыс тіледі.

– Бүгінде қазақ-корей қа­рым-қатынастары тұрақты түр­де жақсы дамып келе жа­тыр. Стратегиялық әріп­тес­ті­гі­міздің аясында қос тарап үшін де пайдалы болатын көп­те­ген маңызды бастамалар жү­зеге асырылуда. Сіздің елі­ңіз Қазақстанның он ірі сауда ж­әне инвестициялық серікте­сі­нің қатарына кіреді. Қазақ­стан­да корей капиталы бар 1 мың­нан астам бірлескен кә­сіп­орын жұмыс істейді. Бірақ ал­дымызда тұрған жауапты мін­­дет өте көп. Сіздермен бір­ге жос­пар­ларымызды ойда­ғ­ы­дай іске асырамыз деп ой­лай­мын, – де­ді Қазақстан Прези­денті.

Мемлекет басшысы Қа­зақ­станда оңтайлы іскерлік және инвестициялық климат жолға қойылғанын атап өтті.

– Елімізде Кореяның ірі кор­порацияларымен қатар, ша­ғын және орта бизнес өкіл­дерінің кәсіппен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Осы бағытта қазақ-корей үкі­мет­тері қажетті шараларды ат­­қарып жатыр. Атап айт­қан­да, Сауда-экономикалық және ғы­­лыми-техникалық ын­ты­мақ­­тастық жөніндегі үкі­ме­та­ра­­лық комиссия, сондай-ақ Іс­­керлік кеңес тиімді жұ­мыс іс­теп келеді. Сонымен қа­тар қа­­жетті құқықтық негіз қа­лып­тасқан, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Премьер-ми­нистр­­ге қазақ-корей кәсіп­кер­ле­рінің дөңгелек үстеліне қа­тыс­­қаны үшін алғыс айтты. Мем­лекет басшысы жиын ая­сын­да қол қойылатын маңыз­ды құжаттар екіжақты ық­пал­дас­тықты одан әрі тереңдете тү­серіне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ли Чжэ Мёңмен жүр­­гізетін келіссөздердің маңы­­зына ерекше назар ау­дар­­ды. Бұл кездесу екіжақты қа­­­рым-қатынастар тарихын­да­ғы жаңа кезеңге жол ашады.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтер ара­сындағы ық­палдастықтың ба­сым ба­ғыт­­тарына тоқталды.

– Күн тәртібінде екіжақты тауар айналымын екі есе арт­тыру міндеті тұр. Ол үшін кө­лемді ұлғайтып қана қоймай, сауданың құрылымын өз­гер­тіп, қосылған құны жоғары тауар­лар номенклатурасын кеңейте түсу қажет. Сондықтан Қазақстан мен Кореяның сау­да-экономикалық және ин­вес­тициялық ынтымақ­тас­ты­ғы­ның 2027-2030 жылдарға ар­­нал­ған кешенді бағдар­ла­ма­сын әзірлеу өте өзекті деп бі­ле­мін. Сонымен қатар лока­ли­­­зация­лау және өнімді үшін­ші нарық­қа шығару бойынша перс­пек­тивті жобаларды қам­ти оты­рып, өндірістік коопе­рация­­ның жеке жол картасын дайын­дау маңызды деп санай­мын, – деді Президент.

Сөз соңында Мемлекет бас­­­­­­шысы Қазақстанның Ко­рея­­мен ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға бейіл екенін растады.

Премьер-министр Хан Сон Сук Корея Республикасы өза­ра байланыстарды одан әрі те­реңдетуге мүдделі екенін айт­ты.

– Президент мырза, Сіз­бен жүз­­десу – мен үшін зор мәр­те­бе. Өзіңіз атап өткендей, Қа­­зақ­стан Корея Респуб­ли­ка­сы­ның Орталық Азиядағы ірі сауда және инвестициялық се­ріктесі саналады. Осы сам­мит аясында екі ел арасындағы ынтымақтастық, әсіресе эко­но­мика, энергетикалық тасы­мал тізбегі бағыттарында жан­дана түседі деп үміттенемін. Сон­дай-ақ Корея Алатау қа­ласын дамытуда Қазақстанның әлеуетті серіктестерінің бірі бо­лады деп ойлаймын, – деді Корея Республикасының Үкі­мет басшысы.

Кездесу барысында көлік-ло­гистика, аса маңызды мате­риал­дар, машина жасау, цифр­ландыру және жасанды интел­лект пен медицинаны дамыту са­лаларындағы бірлескен жо­баларды іске асыру жоспары талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оңтүстік Корея Премьер-ми­нистрі Хан Сон Сук Alatau Smart City жобаларымен та­ныс­ты. Іс-шарада заманауи инф­рақұрылым жасақтау, ин­вестицияға қолайлы жағдай жасау, цифрлық технология­ларды енгізу және қаладағы қоз­ғалыстың жаңа түрлерін іл­герілету секілді қаланы да­мы­тудың негізгі бағыттары та­­ныстырылды.