Берік достық – серіктестік тірегі

Қазақстан мен Корея Республикасының президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Сеулге мемлекеттік сапармен барған Қ­а­зақстан Президентін Корея Рес­пуб­ли­касы Президентінің резиденция­сын­да салтанатты түрде қарсы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Чжэ Мёң бір-біріне делегация мүшелерін та­­ныстырды. Құрмет қарауылының бас­­тығы рапорт беріп, екі елдің мем­ле­кет­тік әнұрандары шырқалды. Мемле­кет басшысы Құрметті қонақтар кіта­бы­на жазба қалдырды. Содан кейін пре­зиденттер келіссөз залына барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Рес­пуб­ликасына сапармен келуге ша­қыр­ғаны үшін Ли Чжэ Мёңге ризашылығын біл­дірді.

– Корея Республикасы Қазақ­стан­ның стратегиялық серіктесі саналады. Ха­лықтарымызды ертеден берік достық пен өзара түсіністік, тығыз мәдени-гу­ма­нитарлық қарым-қатынас байла­ныс­тырады. Елдеріміздің арасында тек дос­тық орнаған, ешқандай дау жоқ. Ал­дымыздағы мақсат – екіжақты қаты­нас­тарды одан әрі дамыту. Бүгін таңер­тең жақсы бизнес-форум өтті. Менімен бір­ге Кореяға үлкен бизнес делегация кел­ді. Әртүрлі салада өте тартымды жо­балар жүзеге асырылуда. Жоспарымыз да өте мықты. Оның ішінде Alatau City жо­басын одан әрі дамыту мәселесін жіті тал­қыладық. Бұл – шын мәнінде өте қа­жетті және маңызды жоба. Біз оған үл­кен мән береміз. Қала мәртебесіне қа­тысты ережелерді Конституциямызға ен­гіздік. Заң тұрғысынан корейлік ком­панияларға барлық кепілдік беріледі. Қазақстанда корей ұлтының 120 мың­нан астам өкілі тұрады. Оларға барлық жағ­дай жасалған, корей диаспорасы – қо­ғамымыздың белсенді мүшелері, – деді Президент.

Мемлекет басшысы корей генералы Хон Бом Доға арнайы тоқталды.

– Хон Бом Доның тарихымен жақсы та­ныспын. Ол – нағыз қаһарман, отан­сүй­гіш тұлға. Оны жадымызда сақтау үшін өзара парасатты іс атқардық деп ай­туға негіз бар. Бұл оқиғаға жүз жылдан аса уақыт өтіп кетсе де, корей халқы өз ге­нералын ұмытпағаны таңғаларлық жайт. Батырды есте қалдыру үшін оның сүйе­гін отанына қайтарып, азаматтық па­рызымызды орындадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі елдің түрлі бағыттағы ықпалдастығының қазіргі жай-күйі мен келешегін жоғары бағалады.

– Екіжақты қарым-қатынасқа тоқ­тал­сақ, сапар барысында 19 миллиард дол­ларды құрайтын коммерциялық ке­лі­сімдерге қол қойылды. Корей инвес­тор­ларының жұмысына көңіліміз тола­ды, алдағы уақытта да осы бағыттағы бай­­­­ланыстарды жалғастырамыз. Қо­на­қүй, мұнай өңдеу зауытын салу және қа­ла құрылысы бойынша жақсы жос­пар­ла­рымыз бар. Әсіресе, мәдени-гу­мани­тар­лық ынтымақтастықты нығай­ту­ға ден қоямыз, – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Корея Республикасының Президенті Қазақстан басшысына ілтипат білдіріп, оның Сеулге жасаған сапарына айрықша мән беретінін атап өтті.

– Корея тарихында айрықша орны бар және қиын-қыстау кезеңде халқына қор­ған болған генерал Хон Бом Доның сүйе­гін қайтару жөнінде шешім қабыл­да­ғаныңызға алғыс айтамын. Қазақ хал­қы кезінде жер аударылған корейлерге пана болды. Осы орайда Сізге және қа­зақ халқына ризашылығымызды біл­діре­міз, – деді Ли Чжэ Мёң.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Чжэ Мёң кеңейтілген құрамда ке­ліс­­сөз жүргізді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Рес­пуб­ликасына мемлекеттік сапары ресми де­легация мүшелерінің қатысуымен өт­кен жо­ғары деңгейдегі келіссөздермен жал­ғас­ты.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасын­дағы ынтымақтастық бұрын-соңды бол­маған қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.

– Былтыр телефон арқылы алғаш рет сұх­баттасып, өзара сенім мен достыққа не­гізделген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға келіскен болатынбыз. Ал бүгін екіжақты қарым-қатына­сымыз­ды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне кө­теру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік. Қарым-қатынасымыздың әр саласында жақсы нәтижелер бар. Осы уақытқа дейін Корея Қазақстан эконо­микасына 12 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Кореяның әлемге та­нымал компаниялары Қазақстан на­рығында ойдағыдай жұмыс істеп жатыр. Біз оларға барлық жағдайды жасап отыр­мыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы да жыл­дан-жылға нығая түсуде.

– Былтыр Қазақстанға 51 мыңға жуық корей азаматы сапармен келді. Бұ­ған екі мемлекет арасындағы тікелей әуе қатынасының қарқынды дамуы ай­тарлықтай ықпал етуде. Арамызда ірі жо­ба пайда болды. Ол – Алатау қала­сы­ның құрылысы. Бүгін біз Алатау қала­сында Кореяның KAIST институтының филиалын ашу туралы келісімге қол қоямыз. Бұл қадам білім мен ғылым са­ла­сындағы ынтымақтастығымызды те­реңдетуге тың серпін береді деп ой­лай­мын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Сеул­дің халықаралық аренадағы ықпал­дастығына жоғары баға берді.

Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң екі елдің сыртқы саясаттағы бағдары ұқсас екенін мәлімдеп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.

– Корея Республикасы мен Қазақ­стан сыртқы саясаттағы ынтымақтастық аясын кеңейтіп, ұлттық мүдде мен нақты нәтижеге бағдарланған прагматикалық дипломатия ұстанады. Қазақстан – бі­з­дің экономикалық қауіпсіздік саласын­дағы маңызды серіктесіміз. Сіздің еліңіз тек энергетикалық және табиғи ресурс­тарға ғана бай емес, келешегі зор жоғары технологиялық салаларда да зор әлеуетке ие, – деді Корея Президенті.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қа­зақстан Республикасы мен Корея Рес­публикасы сыртқы істер министрлері болашаққа бағдарланған қазақ-корей қарым-қатынасын жан-жақты стра­те­гиялық серіктeстік деңгейіне дейін кө­теру туралы вербальді ноталар алмасты. Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары­ның қатысуымен ресми делегация мү­ше­­лері мынадай үкіметаралық және ве­­­­домствоаралық құжаттар алмасты.