Бұл бастама батыстағы мұнайлы өлке, теңіз жағасына қоныстанған Маңғыстау облысында да қарқын алды. Жергілікті билік қолға алған іс ауыз толтырып айтарлықтай нәтижесін көрсетті.
Мыңдаған азаматтың маңдай тері
Жыл басынан бері Маңғыстау өңірінде «Мөлдір бұлақ», «Тазару күні», «Таза қала», «Таза аула», «Жасыл болашақ» экологиялық акциялары ұйымдастырылып, тарихи-мәдени және табиғи нысандарда ауқымды сенбіліктер өткізілген.
Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының дерегінше, 2026 жылдың алғашқы 8 айында өңірдегі сенбіліктер мен санитариялық тазалық жұмыстарына мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлері, білім беру ұйымдарының өкілдері, жастар мен студенттер, коммуналдық қызметкерлер, ірі кәсіпорындар мен мұнай-газ саласының мамандары белсенді атсалысқан. Жалпы жұмыстарға 185 мыңнан астам адам қатысып, 3 600-ге жуық арнайы техника жұмылдырылыпты. Нәтижесінде 14 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Тазалық пен абаттандыру жұмыстарын күшейту мақсатында қала және аудан әкімдіктері жанынан 7 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын құрылды.
Бұл тұста ауыл халқы да акцияға белсенді қатысып жатқанын айта кетейік. Осы мақсатта «Үлгілі ауыл» конкурсы ұйымдастырылып, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 44 млн теңге бөлінген. Байқау қорытындысында 7 елді мекен үздік деп танылды.
Қазір Экологиялық мәдениетті дамытудың 2026 жылдың екінші жартыжылдығына арналған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқанының іс-шаралар жоспары бекітіліп, өңір бойынша кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанын айта кету керек. Қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын орындау үшін меншік нысанына қарамастан кәсіпорындардың орналасқан аумақтары бойынша тазалық жұмыстарын жүргізуге қатысты жеке базарлар, ауруханалар, ЖОО, зауыттар, құрылыс алаңдары қарастырылып отыр.
Экологиялық өзгерістерге тұрғындар да өз үнін қосып жатыр. Сонымен қатар өңірде күнделікті негізде мониторингтік және рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қазірге дейін 188 мониторинг ұйымдастырылып, 80 әкімшілік хаттама рәсімделген. Аталған жұмыстар Маңғыстау облысының Экология департаменті, Полиция департаменті, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, жергілікті атқарушы органдар және еріктілердің қатысуымен жүзеге асырылып келеді.
«Таза Қазақстан» акциясының тағы бір ерекшелігі – тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштеріне жедел ден қою. Бүгінде Tazaqazaqstan.kz платформасына Маңғыстау облысының тұрғындарынан 230 өтініш түскен. Оның ішінде 168-і орындалса, тағы 13 өтініш мақұлданып, жұмыстары басталған.
Бүлдіршіндерге берілген бағдар
Ақтау қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасы аясында кең көлемді экологиялық-ағартушылық іс-шаралар да ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, бастама аясында шаһардағы 39 мектеп қамтылып, білім беру ұйымдарындағы мұғалімдердің 10 пайызы арнайы оқыту бағдарламасынан өтті.
Іс-шара барысында экологиялық қауіпсіздік, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеудің маңызы, қоршаған ортаны қорғау мәдениеті және күнделікті өмірде экологиялық дағдыларды қалыптастыру тақырыптары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар қатысушыларға қалдықтарды бөлек жинаудың халықаралық тәжірибелері мен оның қоршаған ортаға тигізетін оң әсері туралы кеңінен айтылды. Бұл экологиялық ағарту жұмыстарының ауқымын айқындап қана қоймай, қоғамның қоршаған ортаны қорғау мәселесіне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Оқыту жұмыстарын эколог-маман Айгүл Абдуалиева, Алима Қисымова жүргізді. Ол қатысушыларға экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын түсіндіріп, табиғатты қорғау әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сабақтар барысында теориялық түсіндірулермен қатар практикалық мысалдар да көрсетіліп, қатысушылардың экологиялық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінді.
Іс-шара аясында мектептерге арнайы жинақ контейнерлері орнатылды. Жалпы саны 234 жинақ контейнер таратылып, Ақтау қаласындағы 39 мектепке 702 дана контейнер орналастырылды. Бұл контейнерлер қағаз, пластик және тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған. Мұндай инфрақұрылым оқушылардың күнделікті өмірде қалдықтарды сұрыптау дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, экологиялық білім беру жұмыстары мектеп қабырғасынан басталуы қажет. Себебі жас буынның табиғатқа деген көзқарасы мен жауапкершілігі дәл осы кезеңде қалыптасады. Экологиялық тәрбие – тек бірреттік акция емес, қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын маңызды бағыттардың бірі.
Бүгінде әлем елдері климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы және табиғи ресурстардың азаюы мәселелерімен бетпе-бет келіп отыр. Осындай жағдайда «Таза Қазақстан» секілді бастамалардың маңызы арта түсуде. Бұл жоба тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеруге, табиғатты қорғау құндылықтарын насихаттауға және қоғамда экологиялық жауапкершілік қағидаттарын орнықтыруға бағытталған.
Ақтау қаласында өткен бұл ауқымды іс-шара – экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасып, білім беру ұйымдарында экологиялық тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі деп күтілуде.
Табиғатты қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік. Сондықтан қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып қала береді.
Қоқыс – қайта өңдеуге болатын ресурс
Маңғыстауда қоқыс өңдеу бағытына жеке инвестиция тарту және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да атқарылып жатыр. Мәселен, «Пакетная фабрика» ЖШС 650 млн теңге инвестиция салып, сұрыптау жабдықтарын сатып алды. Кәсіпорын айына 200 тоннаға дейін крафт-қағаз өндіру қуатын іске қосты. Биыл құны 2,3 млрд теңге болатын полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу жобасын іске асыру жоспарланған. Жоба жүзеге асқан жағдайда ай сайын 300 тоннадан астам полиэтилен қалдығы қайта өңделмек.
Қалдықтарды жинау мен шығару жүйесін жетілдіру бағытында Zero Waste Aktau ЖШС да жұмыс атқаруда екен. Компания 1 млрд теңге инвестиция көлемінде 25 жаңа қоқыс тасымалдайтын көлік сатып алған. Сонымен бірге 196 млн теңгеге 2 100 қоқыс контейнері алынған. Бұл жұмыстар қоқысты уақытылы жинап, шығаруға, контейнерлік алаңдардың санитариялық жағдайын жақсартуға және елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Қалдықтарды басқарудың жаңа жүйесін қалыптастару әрі қарай да жалғасып жатқанын айта кетейік. Маңғыстау облысы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Өңірлік ерекшелікті ескере отырып, аудандарда коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын енгізу» жобасына енгізілді. Жоба аясында облыста қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму инфрақұрылымын кешенді дамыту көзделген.
Жоспар бойынша 5 полигон салу және дамыту, 11 қалдықтарды уақытша жинақтау пунктін құру, 59 қоқыс тасымалдайтын автокөлік сатып алу, сондай-ақ қалдықтарды сұрыптау кешендері мен қажетті арнайы техника және жабдықтарды іске қосу жоспарланған. Жоба Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау, Бейнеу, Мұнайлы, Қарақия және Түпқараған аудандарын да қамтиды. Оны іске асыруға қажетті жалпы қаржыландыру көлемі шамамен – 19,42 млрд теңге.
Өңірге танымал эколог, қоғам белсендісі Ықылас Көшербаевтың сөзінше, Маңғыстауда экологияға қатысты проблемалар бар, сондықтан өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясының бағыты дұрыс.
– Экологиялық акция көп нәтиже беріп жатыр. Мәселен, Айрақты жерінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, далалық жер болса да арнаулы қоқыс жәшіктері орнатылды. Туристік аймақтарда тазалықты қамтамасыз ету жақсы іс. Бұл жұмысты жағажайларда да қолға алу керек. Себебі әркімнің тазалық мәдениеті әртүрлі, халық бұл мәдениетті бойына сіңіргені абзал. Тазалық істерін, арнаулы қоқыс жәшіктерін орнатуды халық көп бас сұғатын әулиелі жерлерде де қолға алған жөн. Тағы бір өзекті мәселе – Қошқар ата көлі. Бұрын зиянды қалдықтарды осы көлге әкеліп төккенін білеміз. Айналасында Ақтау қаласы, Ақшұқыр, Сайын ауылы жатыр, арғы жағында әуежай бар. Ашық көлді көму жұмыстарын одан әрі жалғастырған жөн деп санаймын. Сол кезде аймақтың экологиясына, халықтың денсаулығына жақсы әсер болатынына күмән жоқ, – дейді эколог.
Осы тұста Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру аясында Маңғыстау облысында кейінгі 20 жылда алғаш рет арнайы коммуналдық техникалар паркі жаңартылғанын айта кетейік. Тазалықшыларға жалпы саны 115 заманауи арнайы техника табысталды. Атап айтқанда, Ақтауға – 24, Жаңаөзенге – 27, Бейнеу ауданына – 14, Мұнайлы және Маңғыстау аудандарына – 13-тен, Қарақия және Түпқараған аудандарына 12-ден арнайы техника берілді.
Игі іс халықаралық сипатта жалғасты
Жыл сайын тамыз айының 12-сі Каспий күні ретінде аталып өтіледі. Биыл күнтізбедегі күн алыс-жақын шетелдіктердің де назарын аударды. Себебі Ақтау қаласында «Caspian Sea Action Week – 2026» халықаралық волонтерлік апталығы өтті. Іс-шараға 8 елдің делегациялары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, волонтерлер мен жастар қатысты. Негізгі мақсат – Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, волонтерлік қозғалысты дамыту, экологиялық жауапкершілікті арттыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Іс-шараларға Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің өкілдері атсалысқанын айта кетейік. Апталық бағдарламасы экология, халықаралық ынтымақтастық және жастар бастамаларын қамтыды. Оның аясында «Бір Каспий – бір болашақ» халықаралық сараптамалық сессиясы, Caspian Clean Challenge экологиялық марафоны, Каспий маңы елдерінің «Достық аллеясының» ашылуы және халықаралық Caspian Hackathon өтті.
Апталықтың ерекше символына айналған «Достық аллеясында» 2046 жылғы ұрпаққа арналған уақыт капсуласы салынды. Болашаққа жолданған бұл үндеу ұрпақтар сабақтастығы мен Каспийді сақтаудағы ортақ жауапкершіліктің символына айналды. Халықаралық қонақтар Бозжыра шатқалына барып, Маңғыстаудың табиғи және мәдени мұрасымен танысты.
«Caspian Sea Action Week – 2026» апталығының басты идеясы – бір Каспий, бір жауапкершілік, ынтымақтастықтың бір кеңістігі және ортақ болашақ аталды. Бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасатыны мәлім болды.
Маңғыстаулық эколог Әділбек Қозыбақов жалпыұлттық акцияны одан әрі жетілдіре түсу қажет екенін айтады. Бұған дейін жекелеген белсенділер мен экологиялық үкіметтік емес ұйымдар айналысып, сенбіліктер ұйымдастырып, халықаралық гранттар тартып жүрді. Бірақ бұл жұмыстар қажетті деңгейде жүргізілген жоқ. Сондықтан бұл үрдіс мемлекеттік деңгейге көтеріліп жатқаны қуанарлық жағдай. Сонымен қатар экобелсенді табиғатты ластаушыларға жаза қолданып, сол арқылы мемлекеттің экологиялық мәселелерге атүсті қарамайтынын білдірсе, оң қадам боларына шүбә келтірмейді.
Каспий тағдыры – ортақ жауапкершілік екенін айқындайтын бастамалар бұнымен толастар емес. Өткен айдың соңында, нақтырақ, 24-25 тамызда Ақтау қаласында БҰҰ Даму бағдарламасының Каспий өңіріндегі бастамалары бойынша дайындық-консультациялық кездесу өтті. Басқосуда Каспий теңізі деңгейінің төмендеуін мониторингтеу және оның салдарына бейімделу, тұрақты аумақтық жоспарлау, Каспий теңізінің биоәртүрлілігін сақтау және экожүйелерді тұрақты басқару, қалдықтарды басқару және циркулярлық экономиканы дамыту, жасыл инвестицияларды тарту, сондай-ақ азаматтық қоғамды қолдау бағыттары таныстырылды.
Бұған қоса, Каспий өңіріндегі өзекті экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бастамалар талқыланып, Маңғыстау облысында аталған бағыттар бойынша алдағы екі жыл ішінде жүзеге асырылатын гранттық жобалардың басымдықтары айқындалды. Бұл гранттар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге және жасыл инвестицияларды тартуға бағытталатын болады.
Қорыта айтқанда, Маңғыстау өңіріндегі тазалық шаралары көпке үлгі боларлықтай іс. Бұл жұмыстар бұнымен тоқтап қалмай, жалғаса беретіні анық. Себебі жергілікті билік қоршаған ортаны қорғауға, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға көп күш салып жатыр. Аймақтың тазалығы туристік бағыттың дамып, теңіз табиғатын сақтауға сеп болатынына сенім мол.
Мадияр ТӨЛЕУ