Елорда мектептері жаңартылып жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан 2 жыл бұрын жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке әкімдермен бірлесіп, 1300 мектепті жаңғырту жөнінде тапсырма берген еді.

Бүгінде сол бастамалар іс жүзінде орындалып келеді. Біз жақында ғана жаңартудан өткен №41 жалпы орта білім беретін мектепке барып қайттық. 

Айта кетерлігі, елордада 2025-2027 жылдары 22 мектепті қайта жаңғырту жоспарға алынған екен. Қазір оның тоғызы күрделі жөндеуден өтіп үлгерген. Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы шамадан тыс тығыздықты азайту мақсатында 7 мектептің жанынан қосымша оқу ғима­раты салынды. Жаңғыртудың негізгі мақсаты  оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алуы үшін заманауи әрі қолайлы жағдай жасау еді. Қазір мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, қалалық және ауылдық білім беру ұйымдары арасындағы сапа алшақтығын азайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы орайда №41 мектептің оқушыларына да сапалы әрі жайлы білім алуға мүмкіндік туды. 

Негізінен, бұл мектеп 1970 жылы салынған. Мектепке кіре сала қаншама жұмыстың атқарылғанын көрдік, тіпті оқу орнына қарап жарты ғасырға жуық тарихы бар дегенге сенбейсің. Білім беру ұйымында бірден екі ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылған екен. Мұнда жаңа қосымша оқу ғимараты салынып әрі қолданыстағы негізгі корпусқа да күрделі жөндеу жүргізілген. Мектептің жаңарудан өткеніне ұстаздар да, оқушылар да ерекше қуанышты. Қа­зір мектепте оқушылардың заманауи білім алуына қажетті барлық жағдай жа­сал­ған. Арнайы пән кабинеттері, STEM зертханасы, робототехника, технология, көркем еңбек және техникалық еңбек кабинеттері, спорт залы мен бастауыш және жоғары сынып оқушыларына екі бөлек асхана да бар. Білім алуға қажеттінің бәрі болғандықтан, мұнда әрбір пән прак­тикалық тұрғыда тереңдетіле оқытылады. Мектепте тамақтану мәдениетіне қатысты жеке пән де бар. Мысалы, біз осы кабинетке барғанымызда, оқушылар бауырсақ пісіріп үйреніп жатты. Осы кезде көркем еңбек пәнінің мұғалімі Гүлім Сейітбекқызының қуанышы қой­нына сыймай жүр, себебі бұрын істеген мектептерінде ас пісіруге қолайлы жағдай тумаған. 

– Көркем еңбек пәнінен орта буын­ға сабақ беремін. Білім саласында жүр­геніме 14 жылдан асты. Бұл мектепке биыл­ғы оқу жылында жұмысқа кіріп отырмын. Алғашқы күннен-ақ қуанып жүрмін. Бұрын істеген мектептерімде ас әзірлеуге арналған плита, ыдыстар, құрал-жабдықтар болмап еді, – дейді ұстаз.

Оның айтуынша, қазір мектепте көркем еңбек, технология сынды пәндер қыздарға бөлек, ұлдарға бөлек оқытылады және жеке жұмыс бөлмелері де бар. Ұстаз оқушыларға дұрыс тамақтана білу, ас пісіруден бөлек, киім тігу, қолөнермен айналысу, өмірге қажетті білімді де береді. Осылайша, оқушылар қажетті өмірлік дағдыларды ерте меңгеріп, жан-жақты болып тәрбиеленеді. Дәл солай жаңалыққа қуанып жүрген ұстаздың бірі – технология пәнінің мұғалімі Әсел Қапышева. 

– Бұл мектепте жұмыс істеп жатқаныма 17 жылдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде мектептің ескі ғимаратында білім бердік, еңбек еттік. Бұрын жұмысымызға қажет құрал-жабдық, жайлы кабинеттер болмаған еді. Дегенмен сол кезде де қиындықтан шығуға тырыстық. Өзімнің тігін машинамды алып келіп, тігін тігуді үйрететінмін. Кейбір жұмыстарды қолмен тіктік, сәндік-қолданбалы өнермен айналыстық. Қазір мүмкіндігіміз кеңейді, енді әр оқушы жеке тігін машинасымен жұмыс істей алады, авторлық жұмыстармен айналысады, – дейді ол.

Қазір мектептің тігін кабинетінде киім пішу үстелі, киімді өлшеп көруге арналған бөлмеге дейін бар екен. Оқушылардың қолға алған жұмыстары да қызықты. Ұстаздарының айтуынша, жаңа оқу жылында жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып атқаратын жоба көп. Алда авангардтық үлгідегі костюмдер тігуді де жоспарлап отыр.

Қазір мектепте оқу кабинеттері жаңа жиһаздармен, компьютерлік техникамен және интерактив жабдықтармен қамтама­сыз етілді. Педагогтар үшін цифрлық білім беру ресурстары мен заманауи оқыту технологияларын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жұмыс орындары жасақталды. Ал информатика пәнінің мұғалімі Шынар Нұртасқызы оқу жылы бастала салысымен жаңа жобасын жетілдіруге кіріскен. 

–  AITeacherSpace атты авторлық платформамды үш айда жасап шықтым, бұл жобаны жасанды интеллекті техно­логияларын қолдана отыра дайындадым. Негізгі мақсатым – мұғалімдерге жасан­ды интеллект жүйесін оңай меңгеруге көмектесу және олардың уақытын барын­ша үнемдеу. Платформада интерактив тренажерлар да ұсынылған, сабақ жос­парын құрастыру, тапсырмалар дайындауға да мүмкіндік бар, – дейді маман.

Бір сөзбен айтқанда, жаңарған мек­тептің тыныс-тіршілігі де өзгерген, жұ­мысы да қарқынды жүріп жатыр. Жаңғыртылған инфрақұрылым оқушы­лар­дың білім сапасын арттыруға да әсер етпек, олардың шығармашылық, тех­никалық және зерттеушілік қабілетін дамытуға да мүмкіндік берері анық.

Айсұлу СЪЕЗХАН