Мұхтар Құл-Мұхаммед, заң ғылымының докторы, профессор, академик: Америка асқан қазақтар

Сталин өліп, темір шымылдық ысырылған кезде Американың есігі кеңес адамдары үшін айқара ашылады.

Алпысыншы жылдың ақпанында басталған Америка сапарына Мұхтар Әуезов Кеңес Одағының ең мәртебелі марапаты – Лениндік сыйлықты иеленіп, атақ-даңқы жердің жүзін шарлап кеткен мәшһүр жазушы ретінде аттанды. 

КСРО-ның соңғы жылдары Коммунистік партия идеологиясының тізгінін ұстаған академик А.Яковлевтің деректері бойынша 13 миллион адам Азамат соғысы мен ашаршылық құрбаны болса, 20 миллион жазықсыз жан сталиндік репрессияның қанды қасабына түсіп, сұмпайы саясат әр кезеңде жалпы саны 60 миллионнан астам адамның өмірін жалмаған екен (Яковлев А.Н. Большевизм – социальная болезнь ХХ века. Черная книга коммунизма. М., 1999, с.12-13). 

Сталиннің жауыздықтарын кеңес адамдарына ғана емес, күллі әлем алдында әшкерелеген 1956 жылғы тарихи съезден соң КСРО – АҚШ қарым-қатынастары жандана түсті. Кеңес ғалымдары мен жазушылары ілгеріде батыс авторлары індете жазып келген ел тарихындағы сұмдық саяси науқандар мен қанқұйлы репрессиялар тақырыбын игеру мүмкіндігі туындады.

Кеңес Одағының АҚШ-тағы елшісі Г.Зарубин мен мемлекеттік хатшының арнайы көмекшісі У.С.Лейсидің қол қоюымен 1958 жылдың 27 қаңтарында екі ел арасындағы ғылым мен техника, мәдениет пен білім саласындағы алыс-берістер туралы арнайы келісім жасалды. Ол әрбір екі жыл сайын ұзартылып, жетпісінші жылдарға дейін жалғасты. Он төрт тараудан тұратын бұл құжат Кеңес Одағы мен Америка Құрама Штаттарының алуан саладағы қарым-қатынастарының тамырына қан жүгіртті. 

Келісімде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ғылым мен медицинада делегациялар алмасулармен қатар, университеттер, кино және теледидар, мәдениет, әдебиет, спорт және туризм саласындағы ынтымақтастық мәсе­лелері де кеңінен қамтылды. 

Жақындасуға жол ашқан құжатқа сай МГУ мен Колумбия университе­тінің, ЛГУ мен Гарвард университетінің арасында әуелі оқытушылар мен профессорлардың тәжірибе бөлісуі мен әр тараптан жиырмадан студент алмасу қарастырылып, оның санын 1959-1960 жылдары 30-ға дейін жеткізу көзделді. 

Ғылым академиялары тарапынан алыс-беріс жанданып, түрлі басқосу өткізіле бастады. Кеңес-американ қарым-қатынасына іргетас болып қаланған дәл осы келісім негізінде мәдениет, өнер саласындағы шығар­машыл ұйымдардың өнері жаңа өріске шықты. Үлкен театр, Ленинград опера және балет театры, МХАТ-тың АҚШ-тағы гастрольдері зор табыспен өтіп, әлемге әйгілі кеңес музыка шеберлері Д.Ойстрах, С.Рихтер, М.Ростро­повичтердің өнеріне американдықтар тамсана қол соқты.

Қарсы жақ та қарымта ретінде Бостон, Нью-Йорк, Филадельфия симфониялық оркестрлерінің гас­трольдерін өткізіп, әлемдік опера жұлдыздары Рената Тебальди, Поль Робсон, Марио Ланцалар Кеңес Одағының айтулы сахналарында өнер көрсетті. Мұның бәрі кеңестік музыка кеңістігіне еркін леп, өзгеше ырғақ, сырлы саз әкелді. 

ХХ ғасыр музыкасына зор серпіліс әкелген әйгілі джаз композиторы Дюк Эллингтон 1971 жылы өз оркес­трімен Москва, Ленинград, Киевтің көрермендеріне ұмытылмас қуаныш сыйлап, кеңес кеңістігінде джаздың кеңінен қанат жаюына жол ашты.

Алпысқа толғанша соңынан аңду кетпеген, жиі-жиі сүргінге ұшырап, абақтыға дейін қамалған, «ұлтшыл-алашордашыл» деген атағы үнемі алдынан шыға берген М.Әуезовтің АҚШ-қа сапары екі ел арасында жасалған жоғарыдағы келісім мен соның аясында алдын ала жоспар­ланып, құзырлы органдардың қада­ғалауымен өткізілген шаралардың арқасында ғана мүмкін болды. 

Мұхтар Әуезовтің ғылыми, ұстаз­дық және жазушылық қызметі қазақ-американ келісімінің үш бірдей шартына әбден сәйкес келетін. 

Біріншіден, Мұхаң Қазақстан Ғылым академиясы құрылған күннен оның толық мүшесі – академигі болды. Екіншіден, келісімде аты аталатын Ленинград университетінің түлегі болумен қатар, құжатта тәжірибе алмасу қарастырылған Москва мемлекеттік университетінің де профессоры еді. Оның үстіне Мұхаң дәл осы кезде Орталық Азия мен Кавказ республикалары жазушы­ларынан шыққан жалғыз Лениндік сыйлық лауреаты болатын. 

Сонымен 1960 жылдың ақпанында дала данышпанын мол әсерге бөлеген Америка сапары басталды. Елге оралған соң денсаулығы сыр бере бастаған жазушы «Америка әсер­лерінің» екі тарауын ғана дауыстап оқу арқылы машинкаға түсіріп үлгереді. Өзі бір көруді талайдан армандаған ел туралы кемеңгердің кеңінен көсіліп, құлаштай сермеген ойларының үлкен бөлігі күнделік дәптердің беттерінде қалды. Тасқа басылған қос тараудың өзі жазушы қайтыс болған соң араға үш жыл салып, 1964 жылы ғана баспа бетін көреді. 

Айтылмаған ойлары мен ашыл­маған сырлары ұзақ жылдар бойы шаң басқан мұрағаттағы күнделік жазбаларда қалған бұл қандай сапар еді? Енді осы тақырыпқа ойысайық. 

Ең әуелі, «Америка әсерлері» ту­ралы әр жылдары қазақ баспасөзі тарихы мен теориясының білімпазы, профессор Н.Омашұлы, әуезовтанушы ғалым, филология ғылымының док­торы Г.Пірәлиева, мұрағаттанушы Т.Әкім, филология ғылымының кан­дидаты Д.Қонаевтар тарапынан қарастырылғанын атап өтуді өзімізге парыз санаймыз. Кейінгі жылдары бұл қатарға америкалық Денис Кин есімді зерттеуші азамат қосылып, ол жазушының «Америка әсерлері» очеркі мен күнделік жазбаларын үлкен ұқыптылықпен ағылшын тіліне ауда­рып, кеңес жазушыларының сапары туралы америкалық баспасөздің не жазғанын жарияға жеткізді. Ұлы қа­ламгер шығармашылығына құрметпен қараған зерттеушілердің бәріне ілти­патымызды білдіре отырып, Америка жазбалары туралы өзіміз байқаған ой-пікірлерді ортаға салуды жөн көрдік. 

М.Әуезов – ұлт тарихының ғана емес, әлем әдебиеті төрінен орын алған классик қаламгер. Біз үшін жазушының қаламынан туған әрбір шығармамен бірге, оның жазылу тарихы да айрықша қымбат. Сол себепті суреткер сырларына тереңірек үңілу үшін жарыққа жеткен жолбаян мен мұрағатта қалған күнделікті қатар қарастырамыз. 

Мұхаң «Америка әсерлерінің» бастау алар тұсында оқырманға «әсерлердің» үш түрлі ерекшелігін санамалап өтеді.

Қашанда кісілік пен кішіпейілдікті ту еткен жазушы әуелден-ақ жаз­балардың Америка туралы өзіне дейін жарияланған түрлі деректің жалғасы екендігін ескертіп, оқырманның «біздің кейбір көзбен көрген, құлақпен естіген күйлерімізді, көріністерімізді өз деректеріне тіркей түссін» деген ниетпен жазылғанын жеткізеді.

Екінші ерекшелікті «мен саяхатшы емеспін. Жазатыным саяхатнама емес» деп баса көрсетіп, саяхатшы өзі зерттеген өлкеге «ұзақ заманға барып, сан саладан көп ғылымдар құрамымен, баппен ізерлеп танып шығушылар» екендігіне тоқталып, өзінің жазатыны «тек көргеннен, көзбен көргеннен алған тікелей әсерлер ғана» екенін тағы да ілтипатпен ескертіп өтеді. 

Үшінші өзгешелігі ретінде «аса зор ұлы мемлекетті» «зерттеуші ғалым боп та, Америка тіршілігінің белгілі саласының маманы болып та жазбайтынын» алға тартып, естіген, көрген, білгендерін: «жай жанды, жұпыны ғана әңгіме етіп бермекпін» деп әдептіліктің әдемі үлгісін көрсетеді. 

Жазушының «жұпыны ғана» деген жазбалары әлі күнге дейін оқырманды сан алуан ойға жетелеп, түпсіз терең­ді­гімен таң-тамаша қалдырумен келеді. 

Мұхаң сапарға шығар алдында Үлкен кеңес энциклопедиясындағы Америка Құрама Штаттарына арналған мақаламен мұқият танысып, зер сала оқыған. 

Көлемі жүз бетке жуық мақалада АҚШ-тың арғы-бергі тарихы, эконо­микасы, табиғаты, мемлекеттік құ­рылымы, ғылымы, мәдениеті, әдебиеті мен өнері түп-түгелімен қамтылған. Энциклопедия 1956 жылы жарық көргенін ескерер болсақ, онда АҚШ өміріндегі елуінші жылдардың басында орын алған ең соңғы деректер молынан берілгенін аңғаруға болады. 

Ұлы жазушының басқан ізімен жүріп отыру үшін «әсерлерден» бұрын әуелі күнделікке үңілуге тура келеді. Ондағы алғашқы жазба 16 ақпанда түскен. Мұхаң: «Бүгін таңертең, сағат тоғызда «Москва» гостиницасынан мені жолға шығарып салуға достар келді. Зоя, Абель, Ахмет, Жұмағали және түннен қасымда қонып шыққан Мұратым», – деп сапар алдында сүйеніш болған ұлына жаны жапырақ болады. 

Ұшақ екі сағаттан соң Копенгагенге қонып, жолаушылар қала ортасындағы «Европа» қонақүйіне орналасады. Кешке дейін аздап дамылдап, аяқ жазған соң сағат тоғызда әуежайға келіп, ұзақ ұшуды жалғастыра түседі. Дәл осы сәттегі өз жай-күйін «Көңіл, жүрек, ой үйде, артта, ал сапар алға тартады. Сәт болсын!!», – деп қос леп белгісімен өрнектелген екі сөйлеммен әдемі жеткізеді. 

Бұл тарауда біз жазушы күнделігіне жиі үңіліп, оның көрген-білгендерін қалт жібермей, табан астында тауып айтылған сөз бен келісті образ, сөйлеп тұрған суреттермен бейнелейтін жазбаларына жиі ораламыз. Өкінішке қарай, машинкаға асығыстау оқып, ежелгі дағдысымен үстінен қайта қарап, редакциялап өтуге мүмкіндігі болмаған күнделіктегі көрікті ойлардың көбі «Америка әсерлеріне» енбей қалған. Мәселен, жазушы ұшақта 6 сағаттай ұйықтап, тыңайып оянған сәттегі Америка жағасындағы көргендерін: «Бір сағаттан бері Америка жағасындамыз. Ай жарық еді. Жер жақсы көрініп отырды. Самолет қанаты астында селдір-селдір, топ-топ оттар – бәрінде аз да болса әр бояулы көрік, рең бар. Дәл қазір бір жағымыз су – асты бұлт, бірақ бұлт астынан ел-ел көрінеді. Таң сызып атып келіп, қазір көк сәуле молайды. Бірақ шығыс ғаламат қызық боп көп уақыт өз реңімен өзгеше боп тұрды. Дәл көкжиек қан-күрең – ұзын тура сызық... Содан үстіңгі қабат қоңыр қошқыл бұлт. Ал одан жоғары аппақ ақ таңдақ – кәдімгі таң... Ал ең асты, көкжиек орны қызыл күрең, қан күрең боп тұрып алды», – деп суреттейді. 

                                                                       Кеңес жазушылары Америкада

Бір-ақ абзацтың өзінде Мұхаңдай сыршыл суреткер ғана сомдай алған бояуы қанық, ойы анық, оқыған жанды алуан әсерге бөлейтін «көк сәуле», «көкжиек қан-күрең», «қоңыр қошқыл бұлт», «селдір-селдір от», «бұлт астындағы ел» сияқты қай­таланбас суреттер бар. 

Жазушы күнделігінің 18 ақпанында «Шорм» қонақүйіне орналасқаны туралы жалғыз сөйлем жазылса, келесі күндегі жазбада Вашингтонда өткен баспасөз мәслихаты сөз болады. 

Жолбаянға келер болсақ, онда Нью-Йорк әуежайы туралы әсерін келістіре жазған. М.Әуезов: «Айдл-Уайлдың аты да қазақ құлағына өзінше ойда жоқта қызық естіледі. Сөз мәнісі үйлеспесе де, сыртқы дыбыс бойынша естілу қалпында Айдл-Уайл – айдын ауыл тәрізді естіледі», – деп әуежай атының қазақ құлағына жылы тиетінін атап өтеді. 

Бүгінгі Нью-Йоркте мұндай әуе­жай жоқ. Әуезовті тамсандырған Айдлуайлд (Idlewild) 1947 жылы ашылыпты. Әуезов сапарынан небәрі үш жыл өткенде оған АҚШ-тың 35-пре­зиденті Дж.Ф.Кеннедидің есімі берілген. Қазақ жазушысының көңіліне жаққан әуежай бүгінде Нью-Йорктің бас әуе қақпасы ретінде JFK деген атпен әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. 

Біз де үлкенді-кішілі әуежайларда болып, осы заманғы ұшақтардың неше атасымен ұштық. Бірақ оларға Әуезовтей көрген-білгенін сол сәтінде-ақ сөйлеп тұрған суреттерге айналды­ратын көзбен қарай алмаған екенбіз. Оқып көріңіз: «Самолеттер ұшатын жолдарымен біреуі баяулап, біреуі ағызып жүріп жатады. Кейбіреулер қалықтап, жаяулап барып-барып біраз шаққа қалтиып, қозғалыссыз тұрып қалады. Содан кейін ағыза-зырлай, оқтай зулай жөнеледі. Бейне бір үлкен теңіз түбіндегі әр алуан, әр атаның ұлы балықтар, жайындар теңіз түбіндегі өзгеше айуанаттары тәрізді. Біріне-бірі жылжи тақай келіп тұрысып, бір кішілеуі жүйткіп өтіп, кейбір үлкендері қалғығандай мелшиіп, бір сәт тұрып қалып, енді бірде үнсіз ағыза жөнелетін тәрізді, сондайлық теңіз жүзіндей, не теңіз түбіндей ұшып-қонысқан, сүңгіп шүйген мол әлемнің көп өзгеше жәндігі өз қимыл-қозғалысын, барлық болмысын аңдатады». Мұндай ұшқыр ой, ұтқыр теңеу Әуезовтей сөз зергерінің ғана қолынан келсе керек. 

Сөздің басы – Абай

Әуезов өмірін зерттеушілердің басым бөлігі оны Америкаға барған алғашқы қазақ деп жазуға әуес. Енді жиі-жиі алдыңнан көлденеңдей беретін осы сұраққа да жауап іздеп көрелік. 

Америкаға өзі болмаса да есімі алғаш жеткен қазақ ұлт ұстазы Абай болып шықты. Оны жеткізген, Сіз ойлағандай М.Әуезов емес, америкалық жазушы Джордж Кеннан. Бір ғажабы, Абай есімі дала данышпанының көзі тірісінде-ақ хатқа түсіпті. 

Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында өнеркәсіп айрықша қарқынмен дамып, жаңа жерлер ашылып, қазба байлықтар игеріле бастайды. Осы кезде араны ашылған алпауыт Америка көзінің сұғын Аляскаға қадайды. Ресей империясы ХVІІ ғасырдан-ақ «Русская Америка» деп ен тағып қойғаны болмаса, қойны қазынаға толы, табиғаты қатаң өлкенің байлығын молынан пайдалануға қуаты жетпеген. Ресей қиырдағы Алясканы былай қойғанда, ұлан-байтақ Сібірдің мол байлығын да қисынмен кәдеге жарата алмады. 

Қиыр Шығыстың қисапсыз мол қазынасын орталыққа тасымалдау үшін Ресейге әуелі теміржол салу керек еді. Аз халықтарды бірінен соң бірін оп-оңай отарлап ала берген озбыр империяның экономикалық, өнеркәсіптік жағдайы Еуропаның екпіндеп даму жолына түскен елдерімен салыстырғанда әлі мешеу күйде болатын. Ресейдің осындай кіражу кейпін жақсы білетін Америка 1876 жылы Алясканы небәрі 7, 2 миллион долларға (бүгінгі бағамен 200 миллионға жуық) сатып алады. Осының өзі-ақ үнемі асыра мақталып келген Ресей империясының өзінен зор мемлекеттермен салыстырғандағы әлжуаз халін анық көрсетсе керек. 

Жер көлемі жағынан АҚШ-тың ең үлкен штаты саналатын Алясканың бұдан кейінгі тағдыры мен одан алынған ұшан-теңіз байлықтың тарихы ғылыми әдебиетте аз жазылған жоқ. Аляска Америкаға сатылған соң түрлі салада ресей-американ қатынастары өркендеп, бірлескен кәсіпорындар мен толып жатқан сауда-саттық ұйымдары ашылады. 

Америкалық журналист-жазушы Дж.Кеннан 1865 жылы осындай мекемелердің бірі – Орыс-американ телеграф компаниясы деген кәсіпорынға жұмысқа тұрып, Аляска арқылы Чукотка мен Сібірге келеді. Екі жыл бойы Ресейдің аяз қысып, мұз құрсаған қарлы-боранды өлкесін армансыз аралап, соның нәтижесінде 1870 жылы «Сібір орманындағы өмір» атты кітабын жариялайды. 

Ресей тақырыбы америкалық оқырмандардың зор қызығушылығын туғызғанын бірден байқаған журналист алтын шыққан жерді белден қазып, Сібірге оралған екінші саяхатын тура Петербордан бастайды. Кеннан Джордж Фрост дейтін суретшімен бірге Сібірдің каторгаларында азап шеккен орыс зиялы қауымының қайғы-қасіреті жайлы көркем суреттермен безендірілген очерктерін «Сенчури мэгэзин» (The Century Magazine) журналында жариялайды. Бұл жазбалар Америка мен Ресей қоғамында үлкен талқылауға түсіп, оған қос елдің әдебиет алыптары Марк Твен мен Лев Толстойға дейін қолдау білдіреді. Аяқ астынан қатардағы журналистен танымал жазушыға айналып шыға келген Кеннан америкалықтарға тән әбжілдік танытып, 1891 жылы Нью-Йорк пен Лондон қалаларында орыс орман­дарына жасаған саяхаттары негізінде «Сібір және сүргін жүйесі» (Siberia and the Exile System) атты кітабын басып шығарады. Ол 1906 жылы Ресейде «Сибирь и ссылка» деген атпен орыс оқырманына жетеді. 

                                                            Сібір сүргіншілері. Дж.Кеннан түсірген фото

Кейін әлденеше рет басылған осы кітаптың 7-тарауы «Үлкен қазақ даласы» деп аталады. Онда Дж.Кеннан Түмен – Омбы – Павлодар – Семей – Өскемен – Барнауыл бағытымен жүріп өткенде қазақ даласында көрген-білгендерінің бәрін суреттеген. Кітаптың «Менің саяси жер аударыл­ғандармен алғашқы кездесуім» атты тарауында Семей қаласында айдауда жүргендердің жай-күйі баяндалады. Императорлық Паж корпусын бітіргеннен кейін Санкт-Петербор университеттерінде оқып жүргенде Қазақ өлкесіне жер аударылған жас ғалым А.Леонтьев: «Я знаю одного образованного старика-киргиза, которого зовут Ибрагим Конобай, так он не только ходит в библиотеку, но и читает таких авторов, как Бокль, Милль, Дрейпер... Когда я впервые увидел его он поразил меня тем, что спросил разницу между индукцией и дедукцией. Потом я узнал, что он и вправду изучал английскую философию и прочитал в русском переводе всех названных мною авторов», – деп Кеннанды таң-тамаша қалдырады (Кеннан Дж.Сибирь и ссылка. С-Пб, 1999, 1-том, 198-бет).

Әрине, Еуропаға терезе ашқан тұңғыш қазақ ғалымы Шоқан Уәли­ханов екені даусыз. Ол туралы 1865 жылы Англияда басылған ағайынды Джон және Роберт Митчелдердің «Капитан Уәлиханов пен М.Ве­нюковтың жазбаларындағы «Орта Азиядағы орыстар» кітабынан бастап, XIX ғасырдың соңына қарай бірқатар француз, неміс басылым­ында Шоқанның есім-сойы мен еңбектері жайлы мақалалар жарияланды. Бірақ америкалық журнал мен кітапта аты аталған семейлік оқыған қазақ Ибрагим Конобайдың данышпан Абай екендігі еш күмәнсіз. Сондықтан араға ғасырға жуық уақыт салып Америка төріне сол Абайдың рухани мұрагері Әуезовтің шығуы қазақтың қос алыбы өмір­баянындағы ғана емес, халқымыздағы рухани-мәдени сабақтастық дәстүрінің айрықша көрінісі деп білеміз.

                                             Абай Семей кітапханасында. Л.Леонтьевтің картинасы (1954)

Алтын шыққан тақырыпты белден қаза түсер болсақ, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін америкалықтар азат еткен аймақта қалған соғыс тұтқын­дары ішіндегі ондаған қазақ азаматы Отанында өздерін сталиндік лагерьлер күтіп тұрғандығын білгендіктен АҚШ-қа кетуді жөн көрген. Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана сол ғаріп жандардың тірі қалғандары мен ұрпақтары ата-бабасының топырағын тапты. Орайы келгенде тереңдете жазылатын мұңлы тақырыптың тізгінін осы тұстан тартып, қайтадан Әуезов туралы әңгімеге қарай ойысайық.

Егер есімі Америка құрлығына алғаш жеткен данышпан Абай болса, алып елдің топырағына тұңғыш табан тіреген қазақ Мұхтар Әуезов болып шығады емес пе? Олай болмай шықты. Сонда «Ол кім болды екен?» деген заңды сұрақ туындайды.

Ақ үйдегі Қонаев

Екі ел арасындағы ынтымақтыққа жол ашқан «Лэйси-Зарубин келі­сімінен» кейін 1959 жылдың 15-27 қыркүйегінде Кеңес Одағының бас­шысы Н.С.Хрущев пен оны қоштап-қолпаштаған алпыстан астам үлкенді-кішілі кеңестік шенеуніктер бар делегация АҚШ-қа ресми сапармен келеді. Осы кезде әлем назары қос алып арасындағы қарым-қатынасқа ауып, оның егжей-тегжейін жаһандық ақпарат құралдары жарыса жазды. 

Хрущев сапары Америкада маккартизм тұсында әбден ушығып кеткен коммунистерге деген жаппай сенімсіздікті аздап болса да жұмсарта түсті. Үнемі қабағынан қар жауып тұратын Сталинмен салыстырғанда, алды-артына қарамай сөйлей беретін әпербақандау Хрущев қарапайым америкалықтардың көңілінен шығады. 

Елуінші жылдар соңында Кеңес Одағы мен АҚШ қарым-қатынасы әбден шиеленісіп кетті. 1958 жылдың қарашасында орын алған Берлин қаласының құзыретіне байланысты туындаған дағдарыс кезінде екі тарап та ядролық қару пайдалану жөніндегі қоқан-лоқыға дейін жетті. 

Соғыс қасіретін өз көзімен көрген президент Д.Эйзенхауэр мемлекеттік хатшының орынбасары Роберт Мерфи арқылы 1959 жылдың 12 шілдесінде Кеңес үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Фрол Козловтан Хрущевке хат жолдап, күрмеуі қиын мәселелерді бірлесіп талқылап, тығырықтан шығар жолды бірге іздеу үшін екеуара кездесуге шақырады. 

Өзі бірінші болып қол созған Эйзенхауэрдің бұл хатына Хрущевтің көңілі жібіп, мұның соңы 1959 жылдың жазында вице-президент Р.Никсонның қатысуымен Мәскеуде өткен аме­рикалық көрменің ашылуымен жалғасты. 

Тапқыр журналистер «ас үй дип­ло­матиясы» деп атаған көрмеге Хру­щевтің өзі қатысып, журналистер қауымы «ас үйдегі пікірталас» деп ат қойған түрлі қағытпа әңгімеге негіз болды. Жайлы өмірге лайықталып жасалған америка­лық пәтерлер мен тұрмыстық техника­ны көрсетіп масат­танған вице-прези­дент Никсонға Хру­щев: «Біздің адам­дарға тұрғын үй алуға құқық беретін Кеңес Одағында тұрудан асқан бақыт жоқ», – деген жат­танды жауабын кеңес журналистері тапқырлықтың үлгісіндей тамсана жазды.

Хрущевтің Америкадағы екі аптаға созылған сапарын ядролық қақтығыс алдындағы жаһан тағдырына алаңдаған әлемдік ақпарат құралдары жарыса жариялап, күн сайын дерлік наси­хаттаумен болды.

Сол кезде қалыптасқан ахуалды академик-философ Л.Ильичев, жазушы, Социалистік Еңбек Ері Н.Грибачев, дипломат О.Трояновский, журналист А.Аджубей (Хрущевтің күйеу баласы), т.б. авторлығымен дайындалып, саяси әдебиет үшін орасан зор таралыммен (750 000) басылған «Лицом к лицу с Америкой» атты кеңестік қызыл насихат үлгісімен жазылған жинақта: «человечество вступает в пору обнадеживающего поворота, что тучи, затянувшие планету, светлеют, что в международ­­­ных отношениях подул сильный ветер, который обещает быть устой­чивым», – деп суреттейді («Лицом к лицу с Америкой». М., 1960, с.23).

Хрущевтің Америкадан тау жығардай екпінмен оралған ерекше көңіл күйі кеңес-американ қарым-қатынастарына жан кіргізіп, екі ел арасындағы түрлі деңгейдегі делегациялар алмасуына игі әсерін тигізді. 

Мұны осы сапар барысында мемлекет басшысына аудармашылық қызмет атқарған белгілі дипломат О.Трояновскийдің мемуарындағы: «Будучи человеком эмоциональным, увлекающимся, он стал воспринимать свою поездку за океан как начало новой эры в советско-американских отношениях», – деген жолдардан айқын аңғаруға болады (Трояновский О. Через годы и расстояния. М., 2017, с. 201).

«Лейси-Зарубин келісімі» мен Хрущевтің Америкаға сапары әбден ушығып кеткен халықаралық жағдайды сабасына түсіріп, қос алыптың алуан саладағы ынтымақтастығына жол ашты. Бұл туралы Сталиннен Горба­чевке дейін кеңестік сыртқы саясат тізгінін ұстаған аса көрнекті дипломат А.Громыконың: «Вся история советско-американских отношений убедительно показывают, что, когда СССР и США идут курсом взаимопонимания и сотрудничества, выигрывают народы, интересы международной безопас­ности», – деген тұжырымымен келіспеу қиын. (Громыко А. Памятное. Испы­тание временем. М., 2012, с. 300).

Хрущев сапары барысында екі ел арасын түбегейлі түрде жақындатқан нақты келісімдерге қол қойылмаса да «қырғи-қабақтық» жағдай бәсеңсіп, Черчилль айтатын «темір шымылдық» ысырыла түсті. 

Жылымыққа жол ашқан 1959 жылдың басында Қазақстанның саяси өмірінде үлкен тарихи оқиға орын алып, республика басшылығына Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келеді. Тарихи болатын себебі 1920 жылы Қазақстан автономиялық республика ретінде шаңырақ көтерген кезден-ақ оны басқаруға білім-білігі жағынан Сталин мен оның төңірегіндегі шаласауатты басшыларды әлденеше орап әкететін Алаштың қайраткер тұлғалары жетіп артылса да, қырық жылға жуық ел тізгінін өзге ұлт өкілдері ұстап келді. 

Д.Қонаев 1920 жылдың тамызында автономиялық республика кезінде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитетті небәрі бір-ақ ай ғана басқарған С.Арғыншиевті қоспағанда Ж.Шаяхметовтен кейінгі Қазақстанды билеген екінші қазақ болды. 

Дінмұхамед Қонаев 1959 жылы Қазақстан үкіметінің басшысы ретінде жазда республикаға келген амери­кандық губернаторларды қабылдап, оларды республика жетістіктерімен таныстырады. Ол кезде жасы қырық­тың қырқасына енді шыққан, қай салаға салсаң да ағып тұрған, жігерлі, білімді басшы көп ешкімді мойындай бермейтін американдықтарға жақсы әсер қалдырады. Бұл құпия каналдар арқылы Н.Хрущевке де жеткенге ұқсайды.

Келесі 1960 жылдың қаңтар-ақпан айында сол заманда жұлдызы оңынан туып келе жатқан кеңестік саяси элитаның көрнекті өкілі Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.Полянский басқарған партия-кеңес қайраткерлерінің үлкен тобы АҚШ-қа сапар шегеді. Оның құрамына республиканың жаңадан сайланған бірінші басшысы Д.Қонаевтың енгізілуін Қазақстанға келген амери­кандықтардың менменсіген мінездерін зиялылығымен басып, астамсыған көңілдерін биязылығымен алған шеберлігімен түсіндіруге болады. 

                                Д.Қонаев Ақ үйде Президент Д.Эйзенхауэрдің қабылдауында

Дінмұхамед Ахметұлы «Менің заманым туралы. Сталиннен Горбачевқа дейін» мемуарында өзінің Нью-Йорк штатының губернаторы Нельсон Рокфеллер, мемлекеттік хатшы К.Хертер, Жоғарғы Сот төрағасы Э.Уорренмен, сапар соңында АҚШ Президенті Дуайт Эйзенхауэрмен кездескені жайлы үлкен ықыласпен еске алады. Осы кітапта: «На приеме у Гертера, в здании Госдепартамента, мне было очень приятно встретиться с нашим прославленным земляком Мухтар Омархановичем Ауэзовым, который в составе группы деятелей культуры находился тогда в Амери­ке», – деген жолдар бар (Кунаев Д.А. О моем времени. От Сталина до Горбачева. А., 2022, 125-бет). 

Дәл осы тұста жоғарыда көтерілген «Қазақстаннан Америкаға алғаш барған қазақ кім?» деген сұраққа қайта оралар болсақ, оның жауабы «қайраткер Д.Қонаев» болып шығады. 

М.Әуезов Вашингтонға келген күннің ертеңінде-ақ кездесулерін бастап кеткен. Бұл туралы Мұхаң жолжазбада: «Вашингтонның алғашқы кештері мен ең алғашқы бірлі-жарым күні ресми ұшырасулар өтті. Алғашқы кеште біз өзімізден бұрын Американы аралап, енді қайтуға айналған жолдас Полянский бастаған советтік үкімет өкілдерін шақырған қонақта бірге болыстық», – десе, енді бірде: «Келер күні біздің Вашингтондағы елшілік Америка қонақтарын сол елшілік сарайында қабылдап, жолдас По­лянский тобымен енді Америка қонақтарын өздері қабылдап қарсы алысты», – деп елшіліктегі кездесулер жайлы толығырақ мағлұмат береді. Д.Қонаев мемуарында кеңестік делегацияны Президент Д.Эйзенхауэр 18 ақпанда қабылдағанын көрсетеді. Соған қарағанда кездесулер жиілеген қайтар шамада меймандар түске дейін мемлекеттік хатшымен кездесіп, түстен кейін Президент Эйзенхауэрдің қабылдауында болғанға ұқсайды. Күндіз ресми шаралардан қолы босамайтын елшілік барлық қабыл­даулар аяқталған соң оның нәтиже­сімен енді ғана Америкаға келген жазушыларды хабардар етіп, түрлі «нұсқаулар» беру үшін С.Полянский басқарған үкіметтік делегацияның жазушылармен кездесуін ұйымдас­тырған сияқты.

Қонаев пен Әуезовтің ұшырасуы елшілік ұйымдастырған осы кеште өткенге ұқсайды. Мұны күнделіктің 19 ақпанға арналған бетіндегі: «Қо­нақтарды елші, Полянский, Димаштар қат-қатар тұрып қабылдап тұр», – деген оқиғаның ізі суымай тұрып, сол күні қағазға түскен сөйлем дәлелдей түседі. Өйткені бірі мемлекет қайрат­керлерінен тұратын, екіншісі күні кеше ғана келген жазушылардан құ­ралған екі түрлі мақсат пен құрам­дағы делегацияларды мемлекеттік хатшының бірге қабылдауы көкейге қона бермейтін жағдаят. Димаш аға­мыз арада алпыс жыл өткенде жазылған мемуарында кейбір жайттарды ұмытуы да мүмкін. Шынын айтқанда, екеуінің қай жерде кездескенінің маңызы да шамалы, ең бастысы – ұлт тарихының төрінен орын алған екі аяулы жанның алыстағы Америкада шұрқырай та­бысып, ашыла сырласқаны. 

Сонымен, жоғарыда айтқандар­ды түйіндер болсақ, Америкаға есі­мі алғаш жеткен ұлт ұстазы Абай бол­са, АҚШ-қа табан тіреген тұңғыш қа­зақ – республиканы ширек ғасырдан астам уақыт басқарған айтулы қайраткер Дінмұхамед Қонаев, ал оның ізін ала алып елге келіп, соңына әлі күнге дейін құндылығын жоғалт­паған «Америка әсерлеріндей» тамаша жолбаян жазған кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов болып шығады.

Халқымыздың аяулы перзент­терінің мұхиттың арғы жағындағы кездесуі жайлы әңгімені осы тұстан доғаруға да болар еді, егер қазақ қоғамының дамуына орасан зор әсер еткен тұғырлы тұлғалардың отбасылық қарым-қатынастарына қатысты кейбір деректер болмаса... 

Мұхаң Д.Қонаевтың сырлас, сый­лас замандасы ғана емес, жанындай жақсы көретін қызы Ләйласын оның жалғыз бауыры Асқарға ұзатқан туған құдасы да еді. Ендеше жазушының өзі айрықша қадірлейтін жанмен мұхиттың арғы жағындағы алыс жағалауда жылыұшырай кездескені жайлы күнделігінде жақын-жуықтары ғана атайтын «Димаш» деген жалғыз сөзден басқа ештеңе жазбауының сыры неде? Бұл сұрақтың жауабын американдық әуезовтанушы Денис Киннің осыдан бірнеше жыл бұрын жариялаған мақаласынан тапқандай болдық. Ол: «Поездка Кунаева началась, с позволения сказать, с неловкого инцидента: Кунаев был объявлен убийцей», – деп жазады (www. tatlerasia.kz). 

Арына дақ түсірмеген Д.Қонаевтай қайраткерге «кісі өлтіруші» деген ауыр айып не үшін тағылды? Оның мәнісі мынада екен. 

Сталинді дәріптеушілер әлі күнге дейін бар. Оның тікелей тапсырма­сымен ОГПУ, НКВД органдары жа­са­ған жауыздықтардың бірі 1930-59 жылдары қанқұйлы жүйеге қарсылық білдірген кеңес адамдарын азапқа салған ГУЛАГ жүйесін құруы болды. Түрлі дереккөздерде сталиндік лагерьлерде әр жылдары 10 миллионға жуық адам азап шеккен. Кеңестік статистика мұны төмендетіп көрсетуге тырысады. Сталин өлген соң Л.Бе­рияның КПСС Орталық Комитетінің Президиумына жолдаған жазбахатында тек 1953 жылы ГУЛАГ жүйесінде 2 526 401 адам, оның 438 788 әйел, ал 35 505 бала болған екен. 

Ресми деректер лагерьдегі адам төзгісіз азаптардан 1 148 878 адам қайтыс болғанын көрсетеді. Егер тек 1938 жылы 90 546, ал арада 4 жыл өткенде 248 877 ғаріп зәбір-жападан көз жұмғанын ескерер болсақ, опат болғандар саны ресми деректерден әлдеқайда көп екендігін аңғарудың еш қиындығы жоқ. 

Мұның бәрінің Қонаевқа қандай қатысы болуы мүмкін? Тікелей еш қатысы жоқ, бірақ әр жылдары осындай үлкенді-кішілі лагерьлердің 27-сі Қазақстанда орналасқанын ескерсек пәле іздегендер үшін «қатысы» бар болып шығады. Солардың «Степ­лаг» деп аталатын ең ірілерінің бірі осы күнгі Жезқазған қаласының маңындағы Кеңгір поселкасында орналасты.

Лагерь жүйесінде ресми түрде №4 «Особлаг» деп аталатын бұл қасірет мекенінде мыңдаған жан жазықсыз жапа шекті. Олардың ішінде елуінші жылдары студент жастардан «ЕСЕП» партиясын құрған күрескер ақын Бүркіт Ысқақов та болды. «Степлагтың» атын жер жаһанға оның атышулы тұтқыны А.Солженицын шығарды, бірақ бұл Д.Қонаевтың сапарынан көп кейін орын алған оқиға еді... 

Сонымен, қазақ басшысына неге «кісі өлтіруші» деген кінә тағылды?

Американдықтар кеңестік делегация болған қалаларда оларға қарсы түрлі митингтер ұйымдастырады. Солардың ішінде «Кеңгірдегі 1954 жылы көтерілісті кім талқандады – Қонаев», «200 әйел-тұтқынды танкімен кім таптады – Қонаев» деген плакат алып шыққандар да болды. 

«Степлагта» 1954 жылды 16 ма­мыр – 26 маусымда тарихқа «Кеңгір көтерілісі» деген атпен енген саяси тұтқындардың ең әйгілі ереуілі орын алды. Қырық күнге созылған бұл бас көтеру күшпен басып-жаншылды. Кейін белгілі болғандай, оны талқандау үшін танктер де қолданылыпты. Ресми деректер бойынша, қаза тапқандар саны – 46 адам. Әрине, бұл әлденеше есе төмендетіле көрсетілген дерек. 

Көтерілістің өте ауқымды болған­дығының бір белгісі ретінде олармен келіссөз жүргізуге Мәскеуден КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары С.Егоров, ГУЛАГ бастығы, генерал-лейтенант И.Долгих бастаған арнайы комиссия келуінен де байқауға болады. Көтерілісшілер талабын орындаудан бас тартқан биліктегілер оларға қарсы Т-34 танкісін, мұздай қаруланған әскерді пайдаланып, ереуілшілерді жауыздықпен басып-жаншиды. Кейін бостандыққа шыққан тұтқындардың мағлұматы бойынша танкінің астына тапталып, оққа ұшып, түрлі жарақаттан қайтыс болғандардың саны 200-ден 500-ге дейін жеткен екен. 

                    Д.Қонаевқа қарсы плакат алып шыққандар (фотоны алғаш жариялаған Д.Кин)

Ал енді мәселенің Д.Қонаевқа байланысына келсек, Қазақстан басшысының Кеңгір көтерілісіне де, оны талқандауға да еш қатысы болған жоқ. Ереуіл жасалған 1954 жылы ол Ғылым академиясының президенті қызметін атқарған. 

Д.Қонаев мұның алдында он жыл қатарынан (1942–52) Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары, ал Ғылым академиясы президенттігі­нен кеткеннен кейін 1955-60 жылдар­да республика Үкіметін басқарды. Шындығын айтқанда, Кеңес Одағы басшылығы Қазақстан аумағында орналасқан лагерь жүйесіне ғана емес, әскери полигондар мен Байқоңыр ғарыш айлағының жұмысына да республика жетекшісін жолатқан емес. 

Америкада Қонаевқа қарсы плакат ұстап шыққандар әлем картасынан айдаладағы Кеңгірді былай қойғанда, Қазақстанның өзін де тап басып көрсете алмасы анық еді. Мұндай арандатушылықты Америкадағы кеңестік жүйе мен коммунистік идео­логия атаулыға қарсы әрекет етуші мүдделі топтар ұйымдастырған деп білеміз.

АҚШ-қа енді ғана келген Мұхаңа Димаш інісі осындай келеңсіздеу жағдайлардың орын алғанын шет жағалап жеткізуі де мүмкін. Сол себепті жазушы күнделікте «жабулы қазанның» қақпағын көтеруді артық санаған әрі жақын досындай сырласқан туған құдасы туралы әңгімені одан әрі өрбітуді қажетсіз деп тапқан. 

Америка жұмбақтары

Кеңестік жазушыларды қарсы алушы американдық тарап техника мен технология жағынан әлемде көш бастап тұрған алып өнеркәсіп орын­дары шоғырланған үлкен қалаларды аралауды ұсынған. Бірақ Мұхаң бастаған топ: «Біз ақылдасқанда Чикаго, Детройт сияқты үлкен, атақты зәулім өндірістер орталығын ара­ламасақ та болар дестік. Ондағы бір ой – тілсіз цехтар, станоктар, агрегаттар жанындағы үнсіз жұмыскерлерді құр көзбен қарап, көріп өткен болмаса, олармен сөйлесу, мәмілеге келісу мүмкін болмайды», – деп ғылым-білім мекемелері, оқу орындары молынан шоғырланған Лос-Анджелес, Бостон сияқты қалаларды, құрлықтың байырғы тұрғындары – үндістер мекен ететін резервацияларды және Американың «Тынық мұхит жағасы, Калифорния өлкесі сияқты бір шетін көрсек», – деп тілек айтады. Бұл ұсыныстар түгелдей қабылданып, 19 ақпаннан бастап жазушылар Аме­риканы емін-еркін аралауға кіріседі. 

Алғашқы кездесуі танымал ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан баспасөз мәслихатынан басталыпты. Алматы мен Мәскеу университеттері аудиторияларында әлем әдебиетінің арғы-бергі тарихынан ақ дариядай ағыла лекция оқуға дағдыланған Мұхаң бұл кездесуде әдеби байланыстар туралы сөз болады деп шамаласа керек, бірақ жағдай ол күткендей болмай шығады. «Әдебиеттік күрде­лі, не кең, не терең жайларға соққан жоқ», – деп өкініш білдірді. Ары қарай: «соңғы жылдары ауызға көп алып жүрген бірер адамның ғана жай-жөнін сұрасты», – деп мәс­лихаттағы әңгіме ауанынан аздап мағлұмат берсе де, әңгіменің кімдер туралы болғандығы жөнінде ашып айтпайды. 

Күнделіктің 19 ақпандағы пара­ғында журналистер тарапынан қойылған алтыншы сұрақта (ұқыпты профессор сұрақтарды нөмірлеп отырған): «Пастернак кітабы басыл­мады ғой?» – деген сауал қойылып, оған Л.Леоновтың жауап бергенін жазады. 

Жалпы, Пастернак тақырыбы кеңес жазушыларының үнемі алдынан шығып отырған. Олар АҚШ-қа барған 1960 жылы батыс баспасөзі Кеңес Одағында шығармашылық бостандығы тұмшаланып, азат ойлы қаламгерлердің қалай қудаланып жатқаны туралы сөз болғанда, алдымен 1958 жылы «Доктор Живаго» романы үшін Нобель сыйлығы беріліп, коммунистік билік одан бас тартуға Пастернакты қалай мәжбүрлегені жайлы сорақылықты жиі жазатын. 

Роман аяқталған 1956 жылы Пастернак оны «Новый мир», «Знамя» және «Литературная Москва» сияқты үш бірдей басылымға ұсынып, үшеуінен де теріс пікір алып, тауаны шағылған жазушы оны итальяндық журналист арқылы шетелге асырады. Осылайша, «Доктор Живаго» 1957 жылы тұңғыш рет итальян тілінде жарық көрді. Сол-ақ екен орыс прозасының ғажайып табысы ретінде бағаланған роман бас-аяғы 2-3 жылдың ішінде батыстың бірнеше елінде жарияланып, жердің жүзін шарлап кетеді. Мұхаңның «ауызға көп алынып жүрген» адам туралы ишарасының Пастернак туралы екендігі осындай­лардан аңғарыла түседі. 

Журналистермен кездесу өткен 19 ақпан күні делегация мүшелері Мұхаң «мұндағы мәдениет ескерт­-

кіштерінің ең зоры дерлік» деп баға берген екі орында – Конгресс және Шекспир кітапханаларында болған. 

Мұның алғашқысы жөнінде: «дүниедегі ең бай кітапхананың бірі деседі. Мұнда он бір миллион кітап бар екен», – деп Конгресс кітап­ханасына риза көңілмен баға береді. Жазушы кітапхананың славян бөлімінде орыс тілінде 200 мыңнан астам кітап барын және олар жыл сайын Кеңес Одағынан 8 000-дай кітап алдырып тұратынын жеткізген. Мұхаң: «Сол қатарда Украинадан жылына бес жүздей, Қазақстаннан, қазақ кітабынан жылына елу шама­сын алдырып тұрады екен», – деп жа­нын жадыратқан деректерді қуана жеткізеді.

Кітапхана қызметкерлері делега­ция құрамындағы төрт жазушының да кітаптарын каталогтағы тізімнен бірден тауып берген. Дүниедегі ең бай кітапхана төрінен қазақ кітаптарын көргенге көңілі өскен кемеңгер бұл жолы да: «Менің кітабым орыс, ағылшын тілінде болумен қатар, сол менің еңбегім туралы жазылған Кедрина, Айқын Нұрқатов еңбектері де бар», – деп шат-шадыман болады. 

Бұдан кейін жазушының көз мейірін қандырған Шекспир кітапха­насы туралы: «Шекспир заманы мен еңбектеріне арналған кітапханалар ішінде дүниежүзіндегі ең бай кітапхана осы», – деген көтеріңкі бағадан кейін Шекспир шығармалары туралы ағыл-тегіл әңгіме тиегін ағытады. 

Әлі күнге дейін «қазақ ұлттық драматургиясы мен театр өнерінің негізін салушы» деген заңғар биікте тұрған Әуезов Шекспирді ұстаз тұтқан. Одан көп үйренген. Шекспирдің алуан тілдерге аударылып, әлем сахнасын шарлап кеткен классикалық туындылары «Отелло» мен «Асауға тұсауды» қазақ тіліне аударып, оны сахналау барысында режиссер мен артистерге әр сөздің, әрекеттің, образдың сырын ашу жөнінде кәсіби ақыл-кеңестер берген.

М.Әуезов Шекспир шығармаларын аударуға өзінің «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» және «Хан Кене» сияқты айтулы драмаларын дүниеге әкеліп, театр өнері саласында мол тәжірибе жинақтағаннан кейін келген. 

Алғашқы аударғаны – «Отелло». Ол әйгілі трагедияны қазақ театрының қалыптасу кезінде – 1939 жылы аударып, сол жылы-ақ сахналанған. 

Әуезов драматургиясын тереңнен зерттеген, академик Р.Нұрғали ақ өлеңмен аударылған бұл шығарма туралы: «Шекспир шығармашылығын зерттеп, ол туралы ғылыми еңбектерді мол қарастырған Әуезов ұлы ағылшын драматургін қазақша сөйлетудің кілтін тапқан», – деп жазады. 

Алғашқы қойылымдарда Отелло рөлін Қ.Бадыров пен Ш.Айманов кезектесе ойнаса, ал Ягоны – К.Қар­мысов, Родригоны Ш.Аймановтар сомдаған. Ал 1964 жылғы екінші қойылымда қазақ сахна өнерінің Н.Жантөрин бастаған саңлақтары классикалық туындыны сахналық жаңа биікке көтереді.

                                                                   Ш.Айманов Отелло рөлінде

«Асауға тұсауды» аударған 1943 жылы Әуезов кемеліне келген жазушы, айтулы драматург, шебер аудармашы ғана емес, Шекспир шығармашылы­ғының білгірі ретінде еркін көсіледі. Мұхаңның «Асауға тұсауын» қазақ сахнасының ардагері, жазушының ұзақ жылдар бойы сырлас досы болған Қалибек Қуанышбаев сөзімен айтар болсақ, «аударма деуге аузың бар­майды». Белгілі театртанушы, про­фессор Б.Құндақбаевтың: «Мұндағы өзіміздің күлдіргі шығармалардағы­дай өткір қалжың, жарасымды әзіл-оспақ, әжуа-мысқыл – бәрі де ұлттық көрермен мен актерлерге етене жақын, халықтық сипатымен баурап алатын көркемдік құдіретімен қымбат», – деген пікірі М. Әуезовтің аударма­шылық шеберлігінің табиғатын тап басады. 

«Асауға тұсау» аударма болса да қазақ актерлерін шеберлік мектебінен өткізген кезеңдік шығарма ретінде ұлттық театр өнерінің тарихына енді. Ш.Айманов (Петруччо), Х.Бөкеева (Катарина), Қ.Қуанышбаев (Баптиста) сомдаған бейнелер қазақ актерлерінің қазіргі буыны үшін де хрестоматиялық образдар ретінде қабылданады. 

                                                         Қазақ сахнасындағы «Асауға тұсау»

Кітапханадан тапқан қазыналарға әбден риза болып, керемет әсерге бөленген Мұхаң: «Мен «Асауға тұсауды» қазақ сахнасында қою үстінде Шәкен Аймановтай СССР халық артисінің, Хадиша Бөкеевадай Қазақ ССР артисткасының үлкен даңққа ие болғанын айтып ем, кітапхана дирек­торы «Асауға тұсау» туралы менің көп мәлімет суреттер жіберуімді талап етіп қалды», – деп жазады. Жазушыға кітапхананың ұнағаны соншалық, оның ерекшеліктерін 13 абзацқа жіктеп-жіліктеп көрсетеді. Ол Шекс­пирдің өз кітаптары, оқыған, оқуы мүмкін және оның заманында жарық көрген кітаптардың жеке жинақ­талғанын таңданыспен тізбелейді. 

Драмалық шығармалар жазу мол дайындық пен ізденісті қажет ете­тін­дігіне баса назар аударып: «Шекспир трагедияларына, комедияларына себеп, сілтеу саналатын тарихтық, ар­хивтік, әдебиеттік көптен-көп дерек­тері мол жиналған», – деп сүйсіне жазады. 

Өзі барған елдер мен қалаларда Әуезовтің тағы бір міндетті түрде ат басын тірейтін жері – сурет галереялары. Өмірден үнемі сұлулық пен сыршылдық іздеп, соның бәрін өлмес шығармала­рын­да өрнектеген қаламгер Вашингтондағы ұлттық галереяны арман­сыз аралап, ондағы Сезанн, Ренуар, Моне, Мане, Гоген, Матисс, Марке, Пикассо, тағы басқалардың картиналарын тамашалайды.

Суреткер өзі көрген өнер туын­дыларының қайталанбас ерекшелік­терін тап басып, келісті бағасын бе­реді. Ол: «Мұнда өзгеше бір үлгіні та­нытады деп санашылдық жолдағы Мексиканың күшті шебер суретшісі Сальвадор Дали салған «Тайная вечеря» діншілдік нанымның бір сәтін баяндайды. Мұнда Ғайсаның екінші тірілуінің символы буалдыр-бұлдыр қалыпта бейнеленген, Аме­рика буржуаздық эстетикасы ұна­татын су­реттің тағы бір алуаны осындай мис­тикалық ізденгіштік болса ке­рек», – деп Сальвадор Дали шығар­машылығында шоқтығы биік туын­дының ерекшелігін кәсіби өнерта­нушыдай тарқатады.

Осы тұста жазушының галерея­дағы қаншама көп жұмыстың ішінен осыдан бес жыл бұрын ғана Леонардо да Винчидің әйгілі фрескасының әсерімен салынып, оған түрлі символ ишарат, аллюзиялар қосып, діни түсініктерді математикалық пропор­циялармен астастыра бейнелеген С.Дали карти­насына арнайы тоқталуы оның сурет өнеріне деген ерекше талғампаздығын тағы бір қырынан көрсете түседі.  

Театр мен кино өнері ХХ ғасырда жарыса дамыған сала болғандықтан, Мұхаң киноға да барып, ерінбей-жалықпай «Джек потрошительді» басынан аяғына дейін  көріп шығады. Өзі «Қырғын Жак» деп аударған фильм туралы: «Бұл тек қана қантө­гістің сұмдық бір сорақы қылықтары» деп, Америка өнерінде: «Осындай қантөгіс сұмдықтарға толы оқиғаларда, киноәңгімелерде болады екен», – деп үлкен қынжылыспен баяндайды. 

Мұхаң «Қырғын Жакқа» әшейін әуестікпен бармаған. Мұндай «сұмдық» фильмдердің америкалық көрерменді несімен тартатынын білу үшін көрген. Детектив, триллер және үрейлі фильмдердің қосындысы саналатын фильмнің «сорақы» тұстарын алып тастар болсаңыз, оның викториандық Англия мен тұман басқан Лондонның сұрқы, сол тұстағы адамдардың киім киісі,  мінез-құлқы, жүріс-тұрысы жайлы беретін ақпараты аз емес екенін  жоққа шығаруға болмайды. 

Өзі «сұлу үйлердің бірі» деп баға берген Конгресс  ғимараты Капито­лийде болып, қаланы аралауға уақыт тапқан. Төрағасы (жазушы мұны бүгінгі саяси лексикаға әлдеқашан еніп кеткен «спикер» сөзімен атайды) «іші пысып, қажыған адам қалпында зор өткізіп отырған» сенаторлар жиыны жазушыны көп қызықтыра қоймапты. 

Күнделіктерінде көрсетпесе де, «әсерлерде» Мұхаң Вашингтонда мешітке барғанын да тарата жазады. «Мешіттің имамы Мысырдың арабы екен», – дей келіп, одан азанды қалай шақыратыны жайлы сұрапты. Оның жауабын: «Азанды запасқа шақыртып, пластинкаға түсіріп алады екен де, бес уақыт намаздың азанын Вашинг­тон мешітінің мұнарасынан радиоре­продуктор арқылы қышқыртып ша­қырып алады екен», – деп жазады. 

Делегация Вашингтоннан по­йыз­бен шығып, 20 ақпан күні Нью-Йорк­ке жетеді. Әдетте Америкаға барған кеңес жазушылары оның кө­леңкелі жақтарын жазуға бейіл тұ­ра­ды. Қазақ суреткері ақиқатты аттамай, алып қаланың көз арбаған ғажайыптарын термелеп, «Нью-Йорк көпшіліктің естуіндей, дүниежүзі­нің бар қаласы­нан бар үлгісі бөлек қала», – деп ба­уырына тарта жазады. 

Ары қарай: «Нью-Йорктің көше пландауы өте ұқыпты, бір есеппен тұрғын, келгін адамға оңай ұғылып аңғаратын қалыпта жасалған», – деп қала жоспарлаудағы артықшы­лық­тарға дейін тоқталады. 

Қаланы, әсіресе өздері орналасқан Манхэттен аралығындағы көрген-білгендерін түйіндеп: «Жалпы Нью-Йорк жайлы ойлағанда, озғын адамзат цивилизациясы жиырмасыншы ғасырдың орта кезінде осылайша қалыптап келген анық мәдениеті зор, анық зәулім алып қала осы дейсің», – деген көтеріңкі баға береді.

М.Әуезов орыстың арқалы ақыны В.Маяковский жырлаған Бруклин көпірін, Бродвейді, сол замандағы әлемдегі ең биік ғимарат – Эмпайр стейт билдингтің  ұшар басына дейін көтеріліп, түнгі қаланы тамашалап, оған «мың бояудың той-тоғысы дерсің» деп көңілі тоғайып, ерекше риза болады. 

Көрген-білгенінің бәрін көкейге түйе жүретін қаламгер Америка жұмбағын: «Ол замандағы мәдениетті Еуропаның ең алдыңғы қатар өнері бар англо-саксон, роман, герман және басқа да солар шендес елдердің өз заманындағы білімі, техникасы, мәдениеті, қару-құралы – бәрі-бәрі де Америкаға әр саладан өз сайының өнер суларын құйған», – деп өзінше тарқатады. Шындығында, жүздеген жыл бойы Еуропа жұртында қо­л­данудан, тәжірибеден өтіп жүйеге түскен саясат пен экономика, ғылым мен мәдениет жетістіктері Американы бас-аяғы екі жүз жылдың ішінде күллі әлемнің алдына шығарды. Кемеңгер алып мемлекеттің осы ерекшелігін дәп басқан. 

Жазушыны Нью-Йорктің төбесі көк тіреген үйлерінен гөрі «әр саладан өз сайының өнер суларын құйған» мәдениеті айрықша қызықтырады. Ол «әсерлерде» осы жағына көбірек көңіл бөліп: «Көркемөнер, сурет өнерінен зор, мол қазынасы жиылған Американың атақты Метрополитен-музей, Нью-Йорк театрлары, Нью-Йорк кино, телевизор өнерлерінің бізге көрінген көріністерін еске алайық», – деп біртіндеп мәдениет, өнер тақырыбына қарай ойысады. 

Әуезовтанушылардың әлі күнге дейін жеріне жеткізе алмай жүрген тақырыптарының бірі – оның  өнерта­нушылығы. Ол картина галереясы мен  мұражайларда көрген түрлі сәулет, сымбат, сұңғат өнер туындыларын кәнігі өнертанушыдай келістіре тал­дайды. Көптің көзіне шалына бермеген ерекшелікті құлпырта көрсетіп, өзгеше қырынан жарқырата танытады. 

                           Р. Липпольдтің «Күні» басылған Life журналының мұқабасы. 1956 жыл

Мұхаң Метрополитен-музейіндегі Роден, Ван Гог, Моне, Гоген бастаған еуропалық суретші, мүсіншілер туын­дыларымен қатар кеңес адамына беймәлімдеу болып келетін амери­калық шеберлердің картина­ларынан өзгеше өрнек іздейді. Мәселен, сол заманда кәдімгі сымтемірден алуан түрлі өнер туындыларын жасаған Ричард Лип­польд дейтін конструк­тивист сәу­лет­шінің «Күн» атты жұ­мысына қадала көз тастап: «Ол өрмектен және жалпақ жалтыраған алтын табақшаның өзінен бояусыз жасалған бір өрнек (конструкция). Бұл әдеттегі сияқты жақшаға бөленген емес, қабырғаға да ілінбеген. Аспан­нан төмен қарай асулы тұр. Өзінде өрмекші өрмегіндей, әлде жұлдыздай ма, әйтеуір тірі жәндік қозғалыс бар сияқты», – деп жазады. 

Дәл осы тұста қиядағыны ғана емес, қиялдағаны да көретін қазақ кемеңгерінің сұңғылалығына тағы да таң-тамаша боласың.  Мұхаң сол заманда америкалық өнертанушылар жатырқай қабылдап, кейін әлемдік конструктивизмнің жауһар туындысы ретінде бағаланған жұмыстың жұмбақ табиғатын тамыршыдай тап басқан. 

«Қабырғаға ілінбеген», «Аспаннан төмен қарай асулы тұр» деп Әуезов өзге бір қырынан байқаған  жаңашыл өнер туындысында  Липпольд кеңіс­тіктің өзін шеберлікпен пайдаланған. Оның алтын жалатылған сымтемірден жасалып, математикалық дәлдік пен геометриялық гармонияға негізделген «Күні» күні бүгінге дейін көрген жанның көзін арбап, шуақ шашады.

Әуезов сияқты талғамы мен таным-түсінігі классикалық өнер негізінде қалыптасқан кеңес ада­мы­ның ХХ ғасырдың ортасында пайда болып, басқаны былай қойғанда, кәсіби өнертанушылар тарапынан әлі орнықты бағасын алып үлгермеген өнердегі мүлде жаңа бағытта жасалған туындыларды  жатсынбай қабылдап, жарасымды баға беруі оның заманы­нан асып туған ақылмандығын тағы бір қырынан дәлелдеп тұрғандай. 

                                                              Д. Эрнст. «Тыншыған тыныштық»

Жаңалық атаулыға жаны құмар Әуезовке абстрактілік экспрессионизм бағытындағы Германияда туған америкалық суретші Джимми Эрнстің «Тыныштық» атты суреті де ерекше ұнапты. Оған: «Бұл да өзінше бір алуан  ізденуді аңғартады. Сенімді, батыл бояумен қап-қара, көк түн ажары берілген», – деген сипаттама береді.

Эрнстің бұл жұмысында акаде­миялық стильдегі сюжет жоқ. Оның орнын Мұхаң дәл байқаған «сенімді батыл бояумен» жасалған, түн түнегі басқан. «Қап-қара, көк түн ажарын беретін» бұл картинаны суретші 1952 жылы салған. Атауы – «Тыншыған тыныштық» (Almost Silense). Бір қызығы, музейде осы суретшінің жалғыз ғана жұмысы бар екен. Сол жалғыздан өзінен «жыл келгендей жаңалықтың» лебін сезе білген жа­зушының сұңғылалығына тағы  да таңырқай қарайсың. 

Әуезовке сол кезде шығармашы­лығы алуан түрлі пікірге дем беріп тұрған америкалық суретші Айвен (жазушы оның есімін «Иван» деп көрсетеді) Олбрайттың картинасы да ерекше ұнаған. Оны «жұмбақ сурет» деп бағалап: «Ғаламат жүзді бір қарт отырады. Қолындағы қолғабына қарағанда жүк тиеуші тәрізді. Қарттың жүзі көп ой салатын мағыналы жүз». Жазушы суреттің атын «Өткінші заман», мені қартаю үстінде сақтағай­сың» деп аталатынын жазады. 

                                                               А. Олбрайт. «Өткінші уақыт...»

Қырағы көзі қырқадағыны ша­лып түсетін қаламгердің сұңғыла­лығына бұл жолы таңданбасқа амалың қалмайды. Қазақ кемеңгерінің на­за­рын аударған портрет Олбрайттың «Өткінші уақыт. Сен мені қария етіп қалдырдың» (Fleeting time, Thou hast left me old) деп аталатын 1928-1929 жылдары салынған жұмысы болуы мүмкін деп шамалаймыз. Ол Мұхаң АҚШ-қа бар­ған жылдары Метрополи­тен-музейіне қойылған. Бұл еңбекті америкалық өнертанушылар кезінде көзге қораш, көңілге жат санаған. Ал шындығында гиперреализм стилінде жазылып, ұсақ детальдарына дейін «сөйлеп» тұрған, өмірдің сан алуан қиындығына қайыспаған қайсар жанның жұмбақ портретін кейінгі өнертанушылар қауымы Әуезов айтқандай, «көп ой салатын мағыналы жүз» ретінде қабылдап, оны портрет жанрындағы үздік туын­дылардың бірі ретінде мойын­дайды. Әуезов  өзінен көп кейін айтылған солардың бәрінен де асып түсіп, картинаға: «түрі, пішіні, жүзі ғаламат» деп қысқа да нұсқа сөздермен нақпа-нақ баға берген. 

«Әсерлерде» айтылмаса да күнде­ліктерінде Метрополитен-музейінде көргендер ішінде «Иран. кілем. ХVІ в. Табриз. 1) Коран ХVІ в. Египет араб; Шахнаме» деген орысша, қазақша аралас жазылған тағы бір сөйлем бар. Очеркте бәлкім «Аме­рикада жүріп, ислам мәдениетінің жұрнағын іздеген» деп келетін сол баяғы қаңқу сөзден бойын аулақ салғандықтан,  бұл тақырыпты әрі қарай қаузауды қош көрмеген сияқты. 

Бар өмірін кітаппен өткізген жазушы Нью-Йорктегі қат-қабат шаралардың арасынан кітап дүкеніне бас сұғуға да уақыт тауып, екі кітап сатып алған. 

Азат өнер айшықтары

Драматург Әуезовтің қай елге барса да міндетті түрде ат басын ті­рей­тін тағы бір жері – театр. Ол: «Нью-Йоркте театрлар аз емес екенін арнайы атай кету керек. Бір күнгі кешкі газеттегі жарнамаларға қа­ра­ғанда, Нью-Йорктегі театрлар саны отыздың ішіне жететінін оқыдым», – деген сөздері оның театр туралы мағлұматтарды қыл аяғы газеттегі жарнамадан да іздеп жүріп оқитынын көрсетеді. Әрі қарай: «Бродвейдің бір өзінің бойында талай белгілі театр бар көрінеді... биыл халық әсіресе көп  баратын екі спек­такльді екі театрдан өзім көрдім», – деп жазады. Соның бірі драматург Пэдди Чаеф­скидің  «Оныншы адам» драмасы екен.

Бұл – америкалық қоғамда көп мақталып, ұзақ жылдар сахнадан түспеген спектакль.  Чаефски мұны еврей жазушысы Семен Ан-скийдің (шын аты-жөні – Шлойме-Занвл Раппопорт) ХХ ғасыр басында жарық көрген еврей драматургиясының үздік туындыларының бірі деп баға­ланған «Диббук» пьесасының негізінде жазып, ондағы оқиғаларды амери­калық көрерменге бейімдеген.

                                                        П.Чаефскиге арналған шарж

Арзан күлкіге құрылған «Оныншы адам» Әуезовке ұнамаған. Ол: «Спектакль күлдіргі болғанмен, жазушылық соншалық терең табыстай боп танылмады. Күлкісі жеңіл, адам басындағы күй жайы, тартысы үстірт, жеңілдей келіп, күлкісінің көбі ерсі, қайшы жайларды оқыстан тоғыстыру себебінен туады», – деп қайткен күнде күлкі шақыру үшін жазылған, арқауы бос, характерлер қақтығысы қолдан жасалған дәлдүріш драманың тас-талқанын шығарады. «Шынға келіп, ойға салғанда бұл спектакльдің күлкісі де, тартысы, бар болмысы да адамның көркем  келісті шындықтан туған күлкі емес, көпшілікті зорлап, қы­тықтап күлдіргендей. Әр алуан ерсі­лікпен күлдіруге арналған», – деп одан әрі шүйліге түседі. 

Күнделіктегі жазбасында Мұхаң пьесаны одан әрі сүмірейтіп: «Пьеса нашар – күлкі болғанмен, «Хохма одессита» күлкісымағы», – деп автордың сыбағасын оңдырмай береді. 

Комедия жанрының табиғатын терең зерттеп, өзі де әлі күнге дейін қазақ театр сахналарының төрінде келе жатқан «Айман-Шолпандай» саф туындыны дүниеге әкелген Әуезовке «көпшілікті зорлап, қытық­тап» күлдіретін «орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаң» ұнамаған. 

Әуезов «әсерлерде» Пэдди туралы пікірін іркіп қалған. ХХ ғасырдың ортасында Америкада теледидар өркен жайғанда көгілдір экраннан түспеген арзанқол фильмдер жасаумен айналысқан Чаефски қатарынан үш мәрте «Оскар» сыйлығын алыпты.

Ресейден келген еврей эми­грант­тары әулетінен шыққан Чаефскидің шығармалары ғана емес, өзі де Әуезовке аса ұнай қоймапты. Оның Кеңес Одағында болған кезіндегі тындырғаны жайлы күнделік бет­терінде: «Ол мақтан, менмен, кеке­сінге толы адам тәрізді. Мен впечат­ление, очерк жазбайым, ол өз маманының ісі дейді. Кейін тек мас болумен өткіздік. Түк біле қойғамыз жоқ дейді», – деп желқуар жазушыны іреп алады. 

Пэддидің Кеңес Одағын ұнат­пағанның өзінде Мәскеу сияқты үлкен қаладағы  өзіндік дәстүрі бар Үлкен театр, МХАТ, «Современник», Вахтангов атындағы театр, тағы басқа өнер ордаларының бірде-біріне бас сұқпай, бар уақытын орыс арағына бөгумен өткізуін дарақылық санаған. 

Шындығында, төңкеріске дейінгі орыс театры мен әдебиетінің үлгі аларлықтай өзіндік мектебі болды. Орыстың ең әйгілі драматургі Чехов әлі күнге дейін әлемде Шекспирден кейін ең көп қойылатын қаламгерлер қатарында. Чаефски туралы ойын өрбіте түскен Әуезов ресми ортада көп айта бермейтін социалистік реализм туралы өзгеше пікірін де ортаға салыпты. Ол: «Чаефски, Толстой, Достоевский, Горький – бәрі-бәрі, түгел орыс әдебиеті реализм. Реализм – соцреализм де сол – түк айырмасы жоқ. Мен Чеховша жазам», – дейді. Демек, Әуезов соцреализмді кеңес әдебиеттанушылары жазып жүргендей, социалистік өмірдің артықшылықтарын көрсететін дербес ағым ретінде ғана қарастырмаған, оны өмір шындығын өнер туын­дысына айналдыратын реализмнің өзгеше бір түрі деп қабылдаған және оты­зыншы жылдардағы шығар­маларында дәл осы ұстанымды басшылыққа алған. Оның «Абай жолындай» алып эпопеясынан Мәскеу мен Алматының әсіреқызыл сыншылары саясат үшін мәжбүрлеп қостырған «қыстыр­маларды» алып тастар болсақ, соцреализмге еш қа­тысы жоқ өмір шындығына тұнды­рылған, тұғырлы, ғұмырлы, реалистік роман болып шығады. Оның дәл солай болып шыққанын  эпопеяның кейінгі тағдыры ұдайы дәлелдеумен келеді. 

Әуезов көрген екінші спек­такль – «Ғажайып жасаушы» деп аталатын Гибсонның пьесасы. Оған «Америка әсерлерінде»: «Екінші спек­такль бұдан әлдеқайда мәнді, келісті де», – деп салмақты баға береді. 

Өмірде болған, «соқыр, саңырау, мылқау болып туған» Хелен Келлер деген америкалық қыз кейін «Менің өмірімнің тарихы» деген өмірбаяндық кітап жазыпты. Оны драматург Уильям Гибсон сахна тіліне көшіріп, кейін соның негізінде фильм де түсірген. Ол бірнеше «Оскар» да алған.

Әуезов 1959 жылы жазылып, сахнаға шыққан бетте-ақ америкалық қоғамды дүр сілкіндірген туынды туралы: «мынау пьесада үш акт бойынша сондай жарым ес, мүгедек әйел баланың ең алғаш есін кіргізіп, мылқаулар ымымен сөйлетуге үйрете бастаған мықты тәрбиеші әйелдің тартысы, еңбегі, табысы танытылады», – деп пьесаның бүкіл синопсисін бір ғана сөйлеммен тұжырымдайды. 

Әуезовке зағип қыздың ұстазы Салливанның рөлін ойнаған актриса ерекше ұнаған. Бұл туралы: «Сол тәрбиеші болған артистка шын ғажайып жасаушы жанның бейнесін ішкі-тысқы құбылыс­тарымен, мың сан әрекетімен көңілге аса қонымды етіп бе­й­неледі. Біз Америкада жүргенде осы әйел актрисаның суреті сан газет-журналдарда, киножурналда, телевизор экрандарында аса көп көрсетіліп, алғыспен аталып жүрді. Оның күйініш, үміт, іздену, қиналу, күлу, жылау, оңаша күңірену, қайнай жігерлену, ғаріп жан үшін тұтанып жану сияқты ішкі көңіл күйлері қырлаған алмас құбы­лыстарындай  көңілге оттай ба­сылды», – деп, сымбатты келбеті, сұлу өнерімен өзіне ерекше ұнаған актрисаның күрделі образды сомдау барысындағы шеберлігін алып эпопеясының бірінен-бірі асып түсетін тараулары атауындай әдемі эпитеттермен тамсана суреттейді.

Бродвейдегі Әуезов көрген пьесадағы тәрбиеші Энни Сал­ливанның рөлін америкалық театр және киножұлдызы Энн Бэнкрофт ойнаған. Дәл осы рөльді кинода сомдағаны үшін оған да 1963 жылы «Оскар» сыйлығы беріліпті. 

Қазақ сөз өнерінде күміс семдеп, зер төккен суреткер Ғабит Мүсіреповтен қалған «Бір ойды бір ой оятады» дейтін қанатты сөз бар. Хеленнің оқыған адамды бейжай қалдырмайтын ғұмыр­баяндық кітабы Гибсонға тама­ша пьеса жаздырған. Драматург оның атауын американ әдебиетінің клас­сигі Марк Твеннің: «Хелен – бұл ғажайып, ал мисс Салливан – ғажайып жасаушы» деген сөзінен алған екен. 

Жаңалық атаулыға жаны құмар жазушы Кеңес Одағында сирек кездесетін ревюді де тамашалап­ты. Мұндай туындылар  20-30 жыл­дары Мәскеу мен Ленинград театрларында сахналанған. Жастау кезінде сондайлардың бірін Мұхаң Ленинград мюзик-холынан көруі де мүмкін. 

 Ревюдің табиғаты оперетта немесе мюзиклге жақын болға­нымен – өзгеше жанр. Онда бі­рыңғай сюжеттік желі тартыл­майды. Музыка, би, драмалық, эстрадалық, тіпті цирктік номер­­лер мидай араласып, кейде оған батыста көп тараған варьете, кабаре элементтері де кірігіп кетеді. 

«Кешке ревю дейтін пос­тановкасын көрдік», – деп жазады Мұхаң күнделігінде. Одан әрі: «ревюде әуелі симфония оркестрі жақсы, әсем күй тартты. Содан соң оркестр... платформасымен төмен түсіп, сахна ашылды. Индия әні, биі – әдемі киім бояуы, сти­лизация үлгісі жақсы көрінеді. Әсіресе алтын киім киген баядерка тәрізді әйел ортада ерен бөлек танылды. Биінде басты ырғақ, қолдарын жылан етуі өте ше­бер», – деп қойылымнан өзі байқаған ерекшеліктерді тарқата жазады. Мұнымен де тоқтамай: «Осыдан кейін әдемі костюм­дерімен ковбойлар билері шықты. Және бір кезек аппақ атқа мініп, шапқылап шығып, ат ойынын көрсетті», – деп бар ғұмырын ат жалында өткізген қазақтың жаны­на жақын суреттерді тізбелеп өтеді. 

Келлер мен Салливан. 1888 жыл

Әуезов Америкаға келгенде еврей текті жазушылар мен дра­матургтер әдебиет, театр мен ки­нода «Таурат» аңыздары желі­сімен бірінен-бірі асып түсетін өнер туындыларын дүниеге әке­ліп, оқырман мен көрерменнің жүре­гін жаулай бастаған бола­тын.  Бұл атеистік қоғамда өмір сүрген кеңес адамдарына таңсықтау тақырып еді.

Сейдін ой сеңгірлері

Университет, оқу-білім тақы­рыбына келгенде жазушының жаны жайдарыланып, қаламы жорғалап кетеді. Мұхаң  «соқ­тықпалы, соқпақты замандарды» бастан өткізе жүрсе де ешқашан  ұстаздықтан қол үзбеген. Сон­дықтан Америка университет­терінің жетістіктерін «әсерлер» мен күнделігінде жадырай жаза­ды. Ол 22 ақпанда АҚШ жоғары оқу орындарының «Лига плю­ща» деп аталатын әйгілі сегіз­ді­гіне кіре­тін Колумбия универ­ситетінде бо­лады. 

Мұхаң әңгімені әріден, 1754 жылы  университеттің құрылу тарихынан бастап, онда бүгін 37 мың студент білім алатынын, кітапханасында үш миллионнан астам кітап барын сүйсіне жаза­ды. Профессор Әуезов мұндағы студенттер мен оқытушылардың үш сатылы оқу жүйесін саралай келіп: «Мұндағы ғылым дәреже­сі – бакалавр, магистр, доктор. Профессорлықтың өзі үш са­ты», – деп түйіндеп өтеді. Бүгінгі қазақстандықтар үшін мұның бәрі әлдеқашан жаңалық болудан қалған, бірақ сол заман оқыр­мандары үшін берері мол мағлұматтар. 

Ол филология факультетінде орыс, украиннан басқа өзбек, әзербайжан және армян тілдерінің де оқытылатынын тілге тиек ете келіп, «бұл университетте моңғол тілінің, жалпы тюркологияның, арабистиканың, угро-финн тіл­дерінің белгілі мамандары бар» екендігіне көңілі  тола түседі.

Славян бөлімінде оқитын студенттердің революцияға дейін­гі классикалық орыс әдебиетін жақсы меңгерсе де, кеңес әдебиеті жетістіктерінен хабары шама­лылығына кейіс білдіреді. Әйтсе де «бұрынғы әдебиетімізді, өткен дәуірлер жазушылары едәуір жақсы біледі деуге болады», – деп соның өзіне қанағат танытып, «өзбек әдебиеті мен қазақ әдебиетінің ауызша үлгілері, ескі эпостары туралы екі американ жастары ғылым дәрежесін ала диссертация қорғасыпты», – деп көңіліне жаққан жаңалықты ризалықпен  жеткізеді.

Университет тақырыбына келгенде профессор Әуезовтің назарынан оның ғимараттары, аудиториялары, жатақханалары, асханалары, тіпті оқытушы про­фессорлардың демалыс жайларына дейін тыс қалмаған. Өзі де аздап преферанс ойнайтын жазушы профессорлардың «енді бір бөл­мелерде карта мен бридж ойнай­ды екен. Ол ауыр, қиын ойындар­дың бірі саналады. Ермек үшін аз-аздап ақша салысып ойнайды екен», – деп америкалық оқы­тушылар ермегінен де  хабар беріп өтеді. 

Әріптестері мен шәкірттеріне қылдай қиянат жасамай, ғұмыр бойы ұстаздығы мен шығарма­шылығына адалдығын сақтап өткен академик-жазушы сол жылдарда америкалық жоғары оқу орындарында ақша үшін диплом, тіпті докторлық диссер­тация жазатын өрескел қылық­тардың әшкереленгеніне қын­жылыс білдіріп, мұның көңілге қораш, «адамгершілікке жат мінез» екенін көрсетіп айыптай сөйлейді. 

Университет сияқты зиялы қауым өкілдері молынан жинал­ған басқосуда орыс жазушысы Л.Леонов тарапынан оқыс, тіпті келеңсіз жағдай орын алыпты. Әрине, бұл туралы Әуезов «әсер­лерде» дәнеңе демеген. Ал күн­делігінде: «Әңгімелесуде Леонов өзін ақылсыз, нашар ұстады. Белинскийдің Гогольге жазған хатын жамандады. Щипачев ренжіп, залды тастап кетті. Біз де реніш айттық», – деп дөндік мінез танытқан әріптесінің әбестігіне кейістік білдіреді. 

Кездесуге кеңес әдебиетінің өкілі ретінде төрт жазушы қа­тысқан. Мемлекеттің ең үлкен марапаты – Лениндік сыйлық алған Л.Леонов «өзін ақылсыз, нашар» ұстайды, ал кеңестік поэзиясының «қып-қызыл» клас­сигі Щипачев  деліріп, жинал­ған жұртқа жонын берген.  Қаумала­ған  қауымның ортасында украин О.Гончар мен қазақ М.Әуезов қана қалған. Әдетте, ашуға көп бой алдыра бермейтін Әуезов бұл жолы қатты кетіп: «Өте бестактный мінез, осындай ұшырасу көптің ұшырасуы емес. Өзінің бір кітабы жөнінде бір ғана аумақ сұрақ бергенге елігіп қайда отырғанын, неге бас қосқандығын ұмытып, эмпирик мылжың сөз мінездемеге кетті», – деп шырт етпе әріптесін сойып салып, іреп алады. 

 «Орыс орманы» Лениндік сыйлық алған соң Леоновтың асыра мақтаудан басы айналған, орнымен айтылған сынды кө­теруден қалған. Ал алғашқы әңгі­ме­лері жарық көрген жиыр­масыншы жылдардан бастап, өмірінің соңына дейін үнемі сынға, сын ғана емес, зіл батпан айып­тауларға ұшыраған, тіпті абақтыға жабылып, айдауға кете жаздаған Әуезовтей нар қазақ кірапат атаулының бәрін қара нардай көтеріп, сабырмен, салмақпен жеңе білген. 

Сол күні пен-клубта тағы бір кездесу өтіпті. Жазушы бұл туралы: «Мені жазушылар қамап алып, көп сұрақтар берді. Көп-көп әң­гімелестік. Бір үлкен қартаң жазу­шы менімен әңгімеден кейін 90% қанағаттандым әңгімеңізге деді... Бәріміз де көп, жақсы әңгі­мелес­тік», – деп әріптестермен болған ашық-жарқын әңгіменің көңілінен шыққанын жадырай жазады. 

 «Орыс орманының» жыршысы Л.Леонов

Кешке қарай «белгілі жазушы әйелдің үйінде қонақта болдық. Аса көп әңгімелестік», – дей келіп, сол әңгіме барысында Жапонияға барған сапарында өзі көтерген аударма мәселесінің тағы да сөз болғанын тілге тиек етіп: «Шығыс көп аударады, біз Еуропа, Америка, тіпті тілді білмей аз аударады екенбіз. Соны сөйлестік», – деп әріптестеріне аудармашы ретінде ой тастап, сендіре сөйлегені жа­йынан хабар береді. 

Қазақ кемеңгері Нью-Йоркті бір аптадай армансыз аралап, «Сатердей ивнинг» журналының редакциясында, америкалық жазушылардың қонақжай шаңырағында, Пен-клубта, тіпті Нью-Йорктің қор биржасына дейін болып, мол әсерге бөленеді. 

Сапар соңына қарай көңіл толқытатын тағы бір жағдай болады. Мұхаң: «Мен Нью-Йорк қаласын Маяковскийдің кейбір бағаларын еске ала отырып, өзімше бір ақынша, ақын болмасам да, метафора, теңеу айтайын», –  деп бастап, Нью-Йорктің төбесі көк тіреген зәулім ғимараттарын көргендегі әсері жайлы: «Сондағы айтқаным: менің көзіме тастан салынған небоскребтардан құ­ралған қала сипаты бейне бір Ман­хэттен аралының аспанына таспен жазылған поэма боп кө­рінеді. Ол поэманың әрбір жо­лы – ұзын, бір жолы қысқа болғанындай, небоскребтардың да біреуі ұзын, біреуі қысқа. Және сол жолдардың ішіндегі ең ұзын, ең мазмұнды жол – жүз екі этажды Эмпайер Стэйт Билдинг. Ол поэманың бұл жолын дүниежүзі халқының бәрі білді, бәрінің де жадында деген едім», – деп табан астында сол ғимараттарды көрген миллиондаған адамның басына келмеген ғажайып теңеу шығарады.

Қызыл поэзия классигі С. Щипачев

Мұхаң көкке өрлеген биік үйлерді өзі жиі пайдаланған ақ өлең үлгісіндегі американ поэ­зиясына ұқсатқан. «Таспен жа­зылған поэма» деген  ғажайып те­ңеуінің арғы жағында Күлтегін, Тоныкөк, Білге қағанға арналған көне түркі жазба ескерткіштері тұрғаны анық. Жазушы Ленинград университетінде оқыған жылдары бітік жазуын зерттеп, бірнеше іргелі еңбектер жазған профессор С.Маловтың дәрісін тыңдаған. Әйгілі түрколог соғыс жылдары Алматыға қоныс аударып, Қазақ университетінде сабақ бергенде түрколог  ғалыммен етене ара­ласқан. 

М.Әуезов көне түркі жазба ескерткіштерінің суретін, сызбасы мен сұлбасын С.Маловтың 1951 жылы басылып шыққан «Па­мятники древнетюркской письменности» монографиясынан көрген. Осы ескерткіштердің поэтикасын зерттеген профессор И.Стеблева оларды әлемдік поэзияның ғажайып үлгісі ретінде бағалайды. Ақ өлең үлгісімен жазылған бұл ескерткіштерді Әуезов айтқандай, тура және ауыспалы мағынадағы «таспен жазылған поэма» деуге әбден болады. 

Мұндай өлеңге сұранып тұрған теңеуді орыс ақыны С.Щипачев естіген бойда жата кеп жабысып, тіпті жазылар өлеңді М.Әуезовке арнайтынын айтып, қанжығасына байлауды өтінеді. Орыс ақыны уәдесінде тұрып, делегация сапардан оралған соң әлгі өлеңді «Правда» газетінде жариялап, оны Мұхтар Әуезовке арнайды. 

«Америка әсерлерінде» айтылатын осы өлеңнің бір шумағын кейін профессор Е.Лизунова М.Әуезов туралы есте­лігінде келтіреді. Бұл Мұхаң туралы естелік, еңбектердің бірсыпы­расында аталғанымен көпшілігі Лизунова келтірген жалғыз шумақпен шектеледі.

Әуезов «әсерлері» мен Лизуно­ва естелігінде өлеңнің «Правда­ның» дәл қай санында жария­ланғаны жайлы дерек көрсе­тіл­меген. Оның толық нұсқасын ғаламтор арқылы  іздеу еш нәтиже бермеді. Щипачевтің электронды кітаптарынан да бұл өлеңді таба алмадық. Өлеңнің толық нұсқасын табу үшін бізге «Правда» газетінің 1960 жылғы цифрлы «тігіндісін» түгел ақтаруға тура келді. 

«Нью-Йорк» өлеңі газеттің 1960 жылғы 10 сәуірдегі санында басылыпты. Кейін екі ел ара­сындағы қарым-қатынасқа сызат түсіп, «қырғи-қабақ соғыс» бас­талғанда орыс ақыны әсіре сақтық танытып, оны кейінгі жыр жи­нақтарына қоспаған тәрізді.  

«Нью-Йоркті» өлең етіп тұр­ған Әуезов теңеуінен алынған алғашқы шумақ қана. Онда былай делінген: «Стоят небоскребы стойкие, Человеческих рук тво­ренья, Как будто неровные строки  Окаменевшего стихотворенья». 

Тосын теңеу, тың тақырып. Поэзия тарихынан  хабары бар адам алғашқы шумақтағы тасқа айналған өлең жолдары туралы теңеуден оның көне түркіден келгендігін жазбай таниды.

Бастапқы әсер келесі шумаққа келгенде шыныдай шытынайды. Оқып көрейік: «Стоит на граните город, И сам – стекло и гранит. Холодный, расчетливый город  Поэтами не знаменит». 

Иә, бұл шумақты поэзия деудің өзі қиын-ақ. Алғашқы екі жолдағы көкке өрлеген көңілдің әп-сәтте тас-талқаны шығып, аудандық газеттегі насихаттық мақала оқығандай күйге түсесің. 

Мүмкін, ақын түйінді ойын соңғы шумақта айтқан болар деп үшінші шумаққа көз жүгірттік. Бұл да «бір қызымнан бір қызым сорақы» дейтіннің кебі болып шықты. Сіз де оқып көріңіз: «Он первый банкир. И этим известен со всей суетой. Что чувствует остров Манхэттен  Под гранитной его пятой?» деп сорлы Степан алғашқы шумақта көк аспанға қол созған оқырман көңілін орыс мұжығы көн етігінің өкшесіне бір-ақ түсіреді. 

Есімін бүгінгі заман оқыр­ман­дарының көбісі әлдеқашан ұмыта бастаған екі мәрте Сталиндік сыйлық лауреаты С.Щипачев кеңестік оқулықтар төрінен орын алған «Пионер галстугі» өлеңі және «Павлик Морозов» поэ­масымен аты шыққан ортақол орыс ақынының бірі ғана еді. Ол шау тартқанда «Қайың сөлі» атты өмірбаяндық повесть те шы­ғарыпты, бірақ онда бір кездері өзі жыр арнаған Әуезов жайлы жарым сөйлем жоқ болып шықты. 

Нью-Йоркке Мұхаң шын көңілден «үлкен өнерлі зор ескерт­кіш» деген баурамды баға беріп, оның кереметтеріне «әрқайсысы әрбір заманның ұлы ескерткі­шіндей ғаламаттар», «адамзат цивилизациясының сан алуан сеңгірлері» деп сейдін көңілмен суреттеген алып қаламен қимай қоштасады. 

Ақпанның соңына қарай «қарлы, жауын-шашынды, әлі қысы аяқталмаған» Нью-Йоркті артқа тастап, «мемлекеттің мау­жыраған жылы жағы – Тынық мұхит жағасындағы Калифорния штатына» қарай беттейді. 

«Америка әсерлері» дәл осы тұстан үзіліп, аяқталмай қалған. Жазушының бұрынғы ғадетін­ше диктовкадан кейін ма­шин­кадан шыққан қолжазбаны үстінен қарап, мұқият редак­ция­лап шығуға да мүмкіндігі болмаған. Ол тек қаламгер  қай­тыс болғаннан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде 1964 жылы шілде айының төрт нөмі­рінде жарияланады. 

Ашылмаған Америка

Әуезов Америка сапарынан жілікті дүние жазуды жоспарлағаны оның көрген-білгендерінің бәрін үлкен ыждағатпен күнделік беттеріне түсіргендігінен айқын аңғарылады. Жазушының күнделіктегі келісті ойлары   көркем шығарманың үзіктеріндей оқылады. Ендігі әңгімені сол жазбалар арқылы жалғастырайық.

Әуезов Нью-Йоркте 8 күн өткізген соң 26 ақпанда ертелетіп Лос-Анджелеске жол тартады. Сұлулық атаулыға сұқтанбай өте алмайтын жазушы ұшаққа кіргендегі көргені жайлы: «Лос-Анджелеске 5 сағат 22 минут ұшамыз деп жариялады. Стюардесса қыздар және жалпы бар қыз­меткер қыздар тазыға ұқсайды, поджарые, чуткие, подвижные – особая порода, племя», – деп ұшақтағы қыз-жігіттерді жұтынып тұрған сүйрік тазыға теңейді.

Көргендері жайлы көсіле жазуды жоспарлаған суреткер ұшақта отырып-ақ ұшар биіктен көзге шалынған көркем көріністерді блокнотына түсіре берген. Ол: «Қазір қарлы, мол шаруалы аудандарды басып келеміз. Қар қалың, бірақ әр жерде аз-аз қоңырқай көкшіл ағаштар көрінеді... Жол аса қызық. Тауларға кірді. Көп-көп таулардан, елсіз таулардан өттік. Қара­ғайлы, қалың жыныс ағашты таулар көп», – деп жазады.

М. Әуезов Фресно әуежайында (суретті алғаш жариялаған Д. Кин)

Тынық мұхит жағасында тоқтаған алғашқы қаласы Калифорния штатындағы ірі орталықтарының бірі Фресно болыпты. Сөз зергері мұнда  жүріп те қайнаған тір­лік­тің ортасындағы өзі байқап қалған әдемілікті қалт жібермеуге тырысады. Тынығып, «Хасиенда» қонақүйін тамаша­лауға кіріскенде мейманхана қонақтарының көңілін көтеруге арналған әдемі көрініске тап болады. Ол: «Су ішінде пиала арқылы би көрініс жасаған сұлу әйел әрекетін көрдік. Қараңғы зал (қоңырқай), музыка, электрон ойнайды. Төрде жасыл әйнек, үлкен сахна сияқты, онда терең су. Сол суға алтындаған трико (купальный костюм) киген ұзын бойлы, сұлу денелі қыз (сары алтын сары шашты)  сүңгіп түсті. Содан ары айналып түсіп бұралып, оралып шал­қалай айналып, басымен дөңгелене айналып, сәнді грациялы пластикалық өзінше өзгеше би қимылдарын жасады. Сырғанақты би өзгеше болып созылып, тамылжып ырғалғандай су ішінде де ғажап сұлу қозғалыстар әсем-сәнмен ырғала тамылжып шығады екен», – деп сүйсіне жазады. 

Бұл, әрине, көңілінен шыққан көрі­ністерді қаз-қалпында жадында сақтап қалу үшін қағазға асығыстау түсірілген сөйлемдер. Соның өзінде көргендерін көркем сөзбен көмкеріп, әдемі өрнек салған. Күнделіктегі осындай  сүйкімді  жазбалар қырланып, сырланып, өңделіп барып қағазға түссе қалай ғана құлпырып шыға келер еді деген ой келеді санаңа...

Қала сыртына шығып, інжір бағын аралаған. Дәл осы бақты талай адам көріп, уылжыған жемісінен дәм де татқан шығар. Әуезов жай ғана көріп қоймайды, сол көргендерінен көкейде қалар келісті сурет салады. Ол: «Жапырағы жоқ, күзелген, көктемді күткен, қырқылған қарағандай боп тырбайып, шашырай үрпиісіп тұр-ған – алмадан гөрі аласа ағаш», – деп әр сөзі ойнап, ойлантып тұрған бір ғана сөйлеммен «үрпиісіп тұрған» інжір бағын көз алдыңа әкеледі. 

Делегация Фресно қаласындағы 5 мың студенті бар колледждің біріне барып, оқытушы, студенттермен кездесу өткізеді. Бұл жүздесуде  Л. Леонов «Поэзия математиканың күшейген заманында баяғы арифметика болып қалуы керек емес» деген «заумный әңгіме» айтыпты. Қашанда «алыстан сермейтін» Әуезовке мұндай бөстекі сөз ұнамаған. Әріптесінің жадағай пікірін жақтырмаған  жазушы күнделік беттеріне: «Сырты сұлу, шешен, тапқыр, алғыр тілмен айтылғанмен, ән­шейін жаңсақ, тек бір поза, фасон тәрізді... Үйткені адам нелер Эйнштейн жүйелерін тудырып, біліп тұрса да, бала боп туып-өсуден ешқайда кетпейді. Бәрібір ауа, ұйқы, ас ішу қалады. Ол ғана емес, табиғатты сүю, аталық, аналық, достық, махаббат, өлім, қиял, сағыныш болады. Бұның бәрі логарифм тілімен, математика, химия формуласымен математика выкла­д­касында баяндалмайды», – деген сентен­цияларды түсіреді.

Алуан жанрда қалам тербеген Әуезов шығармашылығының бір ерекшелігі – ондағы ассоциативті ойлау жүйесінің басымдығы. Ол Үндістанда, Жапонияда, Америкада көрген-білгендерін оқырман­ның қабылдауына жақындата түсу үшін үнемі ұғымға оңай, түйсікке жеңіл, таныс образдар, көріністермен салыстыра бейнелейді. Бұл өзі бір қарағанда тым қара­пайымдау тәсіл сияқты болып көрінгенімен, сол образдар, теңеулер мен метафоралар сөйлеп қоя бергенде оқыған жанды алуан түрлі ойға жетелеп, оның таным-түйсігін кеңейтеді. Сонда алыстағы бейтаныс халықтың мәдениеті, салт-сана, әдет-ғұрпы оқырманға жақындай түсіп, оның қиял құсын Абай айтқандай, шар­тарапқа құйқылжытып жібереді.

Әуезов жиі қолданған осы үндестік тәсілі оқырманды суреттеліп отырған оқиғаны дәл бір өз көзімен көріп отырған­дай әсерге бөлейді. Ол Фресно паркінде көргені туралы: «Паркте қар. Содан ары қалың көк жыныс тоғай. Бұнда ель, қарағай, кедр, әсіресе ең қымбат секвойя. Бурый алып атанған (Бурый гигант), 3600 жыл жасаған қарт ағашқа келдік. Ол көп қолды Будданы еске түсіреді. Бұл ма­монттар замандасы, Илиаданың, Кейқауыс, Рүстемнің замандасы десе де болады. Өзі де кәрі құдай, бог Саваоф», – деп жаза-ды.

Алып секвойя түбінде

Осы бір ғана абзацта қаншама ас­со­циация бар. Әуелі алып секвойяны үнді мәдениетіне тән мың қолды Буддаға ұқсатады. Бұдан кейін әркімге мектеп оқулықтарынан жақсы таныс мамонтқа замандас етіп,  ежелгі грек тарихынан хабардар жанның бәрі білетін Илиада дәуіріне апарады. Біртіндеп түркі-парсы тілдес халықтарға түгел таныс Фирдоуси «Шахнамесінің» кейіпкері Кей-Қауыс патша мен Рүстем батырдың замандасы жасайды. Ең соңында яхуди-христиан әлемі қадір тұтатын Саваоф құдайдың өзіне теңейді. 

Мұндай алдыңғы ойдан соңғысы, бастапқы теңеуден кейінгісі асып түсетін образдар жүйесін Әуезовтей әлемдік мәдениет айдынында еркін жүзетін терең ойлы, көл-көсір энциклопедиялық білім иесі ғана жасай алса керек. 

Мұхаңның Саваоф туралы соңғы теңеуі тіпті керемет. Саваоф жөнінде орыс поэзиясының «күміс ғасыр» классигі, Сталиннің қанды шеңгелінен шетелге кетіп қана жаны қалған К. Бальмонт керемет өлең жазған. Тағы бір орыс әде­биетінің жампозы, Нобель сыйлығының иегері И. Буниннің де «Саваоф» дейтін мінажат жыры бар. Аса көрнекті суретші В. Васнецов та кәрі құдайдың алуан түрлі символдарға толы қаһарлы бейнесін сомдаған. Бір қызығы, православие шіркеуі кезінде «Құдай-әке – біреу, оны Иисус Христостан басқа адам көрмеген, сондықтан оның бейнесін салуға бол­майды» деген қатаң үкім шығарыпты. Бірақ Васнецовқа суретті жасау жөніндегі тапсырысты орыс шіркеуі иерархтары емес, билік өкілдері бергендіктен, суретші амалын тауып, Саваофты «құдай-әке» бейнесінде емес, Әуезов тауып айтқандай «кәрі құдай» кейпінде салып шыққан. Мұхаң Саваоф жайлы хикаяттың бәрін білген, білгендіктен де осылай жазған.

Өмір бойы ұстаздық қызметтен қол үзбеген жазушы жергілікті колледждегі оқу бағдарламасы, ондағы оқытушылар мен профессорлар құрамы, кітапханасы, тіпті қосалқы шаруашы­лығына  дейін жалықпай аралап, мол мағлұматтар кел­тіреді. Студенттердің драма үйірмесінің жұмысымен танысуға да уақыт тауып, «қайтыста түнде осы «Отелло» спектаклін көрдік», – деп бар уақытын түннің бір уағына дейін жақсыны көрмекке жұмса­ғанын жазады. 

Фресно қаласында хатқа түскен жазба­лар соңындағы: «Бұл колледжде Япон, Қытай, Ираннан кеп оқып жатқан сту­дент­тер аз емес» деген сөйлемнен жазушы ойының тасасында қалған «Кеңес Одағы халықтарынан, қазақтардан неге жоқ?» деген сұрақты аңғару қиын емес. 

Делегация бау-бақшалы Фресноны артқа тастап, наурыздың алғашқы күні поезбен Лос-Анджелеске қарай беттейді. Щипачевтің Мұхаңа арнайтын «Нью-Йорк»  өлеңі дәл осы сапарда туыпты. Бұл туралы: «Ол өлең жазыпты (осы жол­да ыңырсып, ырғақ іздеп, шабыттанып отыр­ып), жаңа редакциясын жасап шықты. Жатқа жазған, жатқа оқып берді. Нью-Йоркте жазған, маған арнайым дейді 12 жол», – деп жазады. Жанына жағатын әдебиет пен өнердің жаңа туындысын оқыған, естіген бетте бірден кесімді пікірін айтып, келісімді бағасын беретін әдебиет профессорының бұл жолы үнсіз қалуына қарағанда әп-әдемі басталып, қарадүрсіндеу аяқталған келте жыр өзіне арналса, оны аса жақтыра қоймағанын білдірсе керек. 

Қашанда көңіліне қонғанның бәрін блокнотына түсіріп отыратын тиянақты жазушы бұл жолы да ескі ғадетінен жазбай, жайлы вагонның терезесінен сыртқа бажайлай қарап, көз ұшында қалып жатқан әдемі көріністерді қалам ұшына ілдіре берген. Ол: «Бұрын шөлдеу жер болғаны оқта-текте қатты білініп қалады. Кейде тақыр, кейде шағыл, сор топырақ та байқалады. Ондай жерлерде кәдімгі Арал, Жосалы араларының, далаларының былтырғы қара сортаң қаңбақ тәрізді үрпек бөрікті шөп көп. Егінсіз дала көңіл­сіз – кәдімгі қара түз, ебелек, қаңбақ қаң­ғы­ған құла түз, қу медиен дерсің. Бірақ соның қатарына әдемі көкпеңкөк далалар, тақталанған егін далалары кетеді. Онда мақта, бақша (көбінше үзім), көгал шөптер, неше алуан өсімдіктер. Көп жерде жайылып жүрген мал, отар-отар қойлар етке арналған гемпшир қойы», – деп көңіліне жаққан көріністерді бар бейілмен қағазға түсіреді. 

Байқайсыз ба, мұнда да сол өзі жиі қолданатын ассоциативті жүйе бар. Кезінде пойызбен Алматы мен Мәскеу арасында талай сапарға шыққанда көргендерін еске түсіріп, өзіне әбден таныс «қара сортаң», «ебелек, қаңбақ қаңғыған құла түзді» көріп, оны Сыр бойындағы Арал мен Жосалы табиғатына ұқсатады. Осылайша, алып мұхиттар бөліп, бір-бірінен мүлде алшақ жатқан қос құрлықтың арасын сөзбен салынған әсерлі суреттермен жақындата түсіп, оқырманның көз алдына етене таныс көріністерді әкеледі. Әкеліп қана қоймай, сол көріністер арқылы олардың арасын «үрпек бөрікті шөп», «қара сортаң қаңбақ», «қу медиен» сияқты әдемі теңеулермен жымдастырып жібереді. 

Әуезов қайда жүрсе де, қаламына не ілдірсе де соның бәріне дала перзентінің көзімен қарап, көргендерінен қаймана қазақтың түйсігімен түйін түйеді. Қазақ прозасындағы табиғат көріністерін адам жанымен астастыра суреттеудің асқан шебері бұл жолы жүйткіген пойызда отырып-ақ жазуын бір сәтке тоқтатпайды. Ол: «Жол көпке дейін даламен келіп, біраздан соң алда үлкен таулар  тұман, мұнар ішінен аңғарыла бастады», – деп жазады. 

Осы тұста сәл аялдайық. «Тұман» данышпан Абай жиі пайдаланған образдың бірі («Көк тұман алдыңдағы келер заман», «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Күз болып дымқыл тұман жерді басқан», т.б.). «Тұманды» Әуезов те жиі қолданған. Ол «Тұман айығарда» атты іргелі роман жазуды жоспарлап, оның көлемі 70 беттен асатын эскиз-жобасын хатқа түсірген. Әуезов шығармашылығын түбегейлі зерттеген ғалым, академик Рымғали Нұрғалиұлының зерттеулерінде жазушы болашақ романды 10 тарауға бөліп, елуден астам кейіпкердің аты-жөнін, шыққан тегі, тіпті қысқа мінездемесіне дейін түзіп шыққан. 

Р. Нұрғали жазушы мұрағатында сақталған бұл жазбаларды кемеңгер дүниеден озғаннан кейін – 1966 жылы тұңғыш рет басып шығарады. Академик  роман нобайы 1932-1934 жылдары жазылуы мүмкін деп топшылайды. Біз бұл шығарма «Қилы заманның» соңын ала 1926-1930 жылдары хатқа түскен деп шамалаймыз. Романның алғашқы нұсқасы Әуезов тұтқынға алынған 1930 жылы тәркіленіп, кейін жоғалып кетуі мүмкін. Қалай дегенмен академик Р.Нұрғали: «Күллі оқи­ғ­а желісі тартылып, адамдар образы айқындала бастаған терең идеялы күрделі роман жобасы» деп баға берген бұл туындының кейінгі тағдыры туралы сұраққа жауап іздеу бүгінгі буын әуезов­танушылары міндеттерінің бірі деп білеміз. 

Әуезов күнделіктерінде Американың қалалары ғана емес, құла түз, қу медиені, тіпті тауларына дейін сөйлеп тұр. Ол: «Тау ішіне кірдік, бұл бір қара тау... Айналасы өрі, сай-саласы мол аса тік таулар емес. Алтай, Орал тәрізді кең, мол қатар-қатпарлы аса құйқалы таулар. Құйқалы деген сөз дәл қонады. Өйткені өсімдігі – түгі мол», – деп жазады. 

Қазақ даласының жыршысы бұл жолы Алтай мен Орал тауларын тегін еске түсірмеген. Бірі – түбі бір түркі жұртының алтын бесігі болса, екіншісі – ер түріктің асқар белі.  Алуан түрлі ойларға жетелейтін бұл екі таудың  қазақ оқырманы үшін сөйлеп тұрған өз тарихы бар. Осы жолдарды жазып отырғанда «Мағжанды сүйемін» деп емірене жазатын Әуезов арманда кеткен асыл досының: «Еркін ырғып шығам асқар Алтайға, Қырда тұрып садақ тартам Қытайға» немесе «Ұзын Орал – күн мен түн шекарасы, бір жағы – күн, бір жағы – түн баласы. Арғы жағы – көк көзді жын ұясы, Бергі жағы – Түріктің сар даласы», – деп Орал мен Алтай қатар аталатын өлең жолдарын еске алған болар. Басқаны қайдам, жазушының тау туралы «қатар-қатпарлы» ойлары бізді осындай ассоциацияларға жетеледі. 

Мағжан Жұмабаев

Мұхаң екінші наурыз күні Лос-Анд­желеске жетіп, кезінде Н. Хрущев тоқтаған «Чайман парк» қонақүйіне түседі. Қала аралап, мұхит жағалай жүріп, әйгілі Санта-Моника шығанағына келіп, теңізге түсуге мүмкіндігі болмаса да «қол сулайды». Орысша, қазақша бірдей көсіле жазатын Мұхаңның күнделігіне осы тұста: «Пальмалар косматая голова – побуревшая борода (менің теңеуім)», – деген сүйкімді сөйлем түседі.  

Қазақ кемеңгері армансыз аралаған Тынық мұхит пен Кордильер тауының арасында орналасқан, жазы жайлы, қысы жұмсақ Лос-Анджелес қаласы ХХ ғасыр ортасында әлем экрандарын жаулай бастаған АҚШ киносының ғана емес, бүкіл ойын-сауық, қызық-думанының астанасына  айналды.  Қаланың тағы бір ерекшелігі, мұнда Латын Америкасы мен Азия құрлығынан шыққан халық өкілдері басымдау еді. Сол себепті періштелер қаласын түрлі тілдер, мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан тоғыз жолдың торабы деп қабылдауға да әбден  болады. 

Халқының саны жағынан алғанда Лос-Анджелес – елдегі екінші үлкен мегаполис. Бізге әйгілі штат пен қала тарихын қазып шығу емес, жазушының қаламына не үйірілгені қажет. 

Қазақ қаламгері қай елге барса да сондағы оқу-білімнің жай-күйіне көбірек үңілген. Бүгінгі Америкада «Калифорния университеті» деген тіркесті атағына қосақтаған он бірдей университет бар. Олардың әрқайсысына UC деген қысқартудан кейін, университеттер орналасқан Беркли, Дейвис, Ирвайн, Мерсед, Риверсайд, Сан-Диего, Сан-Франциско, Санта-Барбара, Санта-Круз және Лос-Анджелес қалаларының атын қосар болсаңыз, он саусақты толтырған он университет атауы шыға келеді. Әуезов барған 1960 жылда қалада Лос-Анджелес Калифорния университеті, Оңтүстік Калифорния университеті және  Лос-Анджелес қалалық колледжі сияқты үш жоғары оқу орны ғана болыпты.  

Әуезов күнделігінің әр бетінде қай­сысы екенін нақтылап көрсет­песе де Калифорния университеттерінде өткен кездесулер жайлы жазады. Кеңес Одағы сияқты бақталас, бәсекелес елден келген делегацияны атақ-даңқы сол кезде де, бүгін де жер жүзінде шарықтап тұрған Берклидегі Калифорниялық университетке де апаруға болар еді. Бірақ профессор Роберт Оппенгеймер бастаған ғалымдар тобы «Манхэттен» жобасы арқылы атом бомбасын жасауға қатысқан, «Лос-Аламос», «Ливермор» жобалары аясында сутегі бомбасына қатысты ғылыми зерттеулер жүргізген, Лоуренс лабораториясында ядролық физика мен радиациялық техно­логияларға қатысты құпия тәжірибелер жасаған, бір өзі әлемге 100-ден астам Нобель сыйлығының лауреат­тарын берген бұл әйгілі университетті қабылдаушы жақ КГБ тыңшылары ілесе жүретін жат көзден тасада ұстауды жөн деп тапқан.

Сондықтан олар кеңес жазушыларын сол кездегі қаладағы ең үлкен жоғары оқу орны – Лос-Анджелес Калифорния университетіне апарған деп шамаладық. 

Әуезов бұл жолы кеңінен көсіле қоймаған. Ол: «Католич. университет. Сұлу стильді үй. Школы бір этажды, әсем көп үйлер, жеңіл үйлер. Қыс болмайды. Екі-ақ рет пальто кидік», – деп қысқа ғана ақпарат қалдырған. 

Кеңестік жазушылар ертесіне жергілікті радиоға барып, университет үшін арнайы сұхбат берген. «Микрофон алдында Кали­форния университеті үшін Щипачев, Леонов, Гончар сөйледі», – деп жазады Мұхаң, бірақ өзі ләм демеген.

М. Әуезов Қазақстанда кино өнері енді ғана бел алып келе жатқан кезде өмір сүрді. Сол елең-алаң шақтың өзінде-ақ 1944 жылы «Әдебиет және кино» деген үлкен мақала жазып, ұлт кино өнерінің беталыс-бағытын айқындап берді. Өзі «Құм мен Асқар» атты әңгімесінің негізінде 1939 жылы көркем фильмнің сценарийін жазып, «Ленфильм» оны 1940 жылы «Райхан» деген атпен көркем фильм етіп шығарды. Сол себепті Мұхаңды қазақ киносының негізін салушылардың бірі деп қарастыруға толық негіз бар. 

Голливудтағы Әуезов

М. Әуезов 1945 жылы суретшілігіне Қ.Қожықов, музыкасын жазуға Л.Хамидиді тартып, басты рөлге Қ.Қуанышбаев түскен белгілі кеңес режиссерлері Г.Рошаль мен Е.Аронның «Абай әні» атты фильмінің де сценарийін жазған (түсіру барысында қосалқы автор ретінде Рошаль қосамжар­ланған). Ұлттық кино тарихындағы кезеңдік шығарма ретінде бағаланған фильмді түсіру барысында Мұхаң шығармашыл топқа мол ақыл-кеңестер берген. Ол 1953 жылы «Алуа» атты тағы бір фильмнің киносцена­рийін жазыпты.

«Абай әні» фильмінен

«Үлкен әдебиет қана үлкен фильмді туғызады» деген қанатты сөз қалдырған қаламгердің ойы шындыққа шығып, ол дүние салғаннан кейін қос бірдей класси­калық туындысы негізінде «Көксе­рек», «Қараш-қараш оқиғасы» фильмдері түсіріліп, әлемдік кинододаларда топ жарды. 

Лос-Анджелеске келген Мұхаң әйгілі «ХХ ғасыр Фокс» киностудиясына барып, оны асықпай аралап, көрген-білгендерінің бәрін ой безбеніне салады. 

Ол киностудияға келгенде режиссер Джеймс Кларк кезекті фильмін түсіріп жатқан. Ол: «Идет съемка западн. фильма «Одной ногой в аду». Актер Алан Лэдд – гл. герой. Режиссер Джеймс Кларк», – деп әуелі фильмнің шығармашыл тобы жайлы мағлұмат беріп өтеді. Мұхаң барғанда түсіріліп жатқан бұл вестерн екі мәрте: әуелі киноға түсушілер ереуілі, кейін актер Алан Лэдтің жарақатына байланысты тоқтап қалса, түптің түбінде зор маша­қатпен киноэкрандарға жолдама алыпты. Фильм кеңестік прокатқа шықпаған. 

Әр нәрсені тәптіштеп сұрап, нақтылап қағазға түсіруге дағдыланған жазушы: «жазушылар (сценарий жазу лигасы) қазір забастовка жасайды. Келесі жұмада артистер жасамақ. Талап гонорар жөнінде», – деп алдағы болар ереуілдің жайынан  хабар береді. 

Қазақи ұғымға қатыстының бәрін құр жібермейтін қаламгер ковбойлық көріністерін суреттеу барысында жөпшеңді адамның көзіне түсе бермейтін фильмнің елеусіздеу тұстарына да тоқталып: «ерлері дәл Жетісу ері (құранды ер) тәрізді», – деп аттың ер-тоқымына дейін назар аударады. 

Әуезов авторлық құқық, қаламақы мөлшері, Калифорния университетінде кинодраматургтер даярлаудың жай-күйі туралы деректерді де күнделік дәптеріне түсіре  келіп: «Бүгін мистер Уикстен хат алдым. «Көксерек» жөнінде басатынын айтқан... 300 долларға чек жіберген», – деп өзі үшін қуанышты хабарды да мейірлене жазады. 

Мұхаң елге оралған соң «Атлантик» журналының редакторы Уикске жауап хат жазып, онда: «Продолжаю верить и надеяться на то, что «Серый лютый» выйдет в «Атлан­тик» в должной художественной форме», – деп алдын ала ізет білдіруді ұмытпаған. 

«Атлантик» журналының редакциясында. Төрде Э. Уикс

Әуезов шығармаларының көптом­дықтары мен оған арналған энциклопедияда Уикс туралы жарытымды дерек жоқ. Кейінгі елутомдықта «Уикс – журнал редакторы, сыншы, Бостон қаласының тұрғыны», – деген жалғыз сөйлем ғана берілген. 

Қазақ кемеңгері шығармашылығын жоғары бағалап, онымен бірнеше мәрте сабағат сұхбат құрған, әлі аударылмаған шығармасына алдын ала қаламақы төлеген бұл қандай қайырымды жан? Енді осы сұрақтың жауабын іздеп көрейік. 

Уикс туралы орыс тіліндегі әдеби энци­клопедиялар мен анықтамалықтарда  еш дерек жоқ. Ғаламтордағы қаптаған Уикс­терден оны тап басып, таба қою да оңай емес. 

Ағылшынтілді ақпарат көздерінде бар болып шықты. Берекелі қызмет атқарып, барақат өмір сүрген қаламгер екен. Ағыл­шынша толық ныспысы – Edward Augustus Weeks. Кезінде Американың ең әйгілі  университеттері – Корнелл мен Гарвардта оқып, заң ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алыпты. Әуелі кітап сатумен айналысып, кейін 1938 жылы «Атлантиктің» редакторы болған. Эдуард Уикс көркем прозада із қалдырмаса да, америкалық журналистика мен эссеистика саласында өндіре еңбек етіп, оннан астам кітап шығарыпты. «Атлантик» журналын 1938-1966 жылдары абыроймен басқарған Уикстің «Баспа астарын ақтарғанда» («Breaking into print») атты жас редакторларға ақыл-кеңес түрінде жазылып, 1962 жылы басылған кітабы Америкадағы талай баспагердің жолын ашыпты. Бір қызығы, бұл кітаптың репринттік нұсқасын 1995 жылы Америкаға барған алғашқы сапары­мызда біз де алғанбыз. 

Э.Уикс ұзақ жасап, 91 жасында қайтыс болыпты. Ол туралы 1989 жылдың 14 нау­рыз­ында АҚШ-тың ең беделді басыл­ымдарының бірі «Нью-Йорк таймс» қазанама жариялап, онда қаламгердің редакторлық қызметі туралы: «Ол «Атлантик» журналын басқарған жылдары кейін есімі кеңінен танылған талай жас жазушыларды тәрбиелеп шығарды», – деп көтеріңкі лепеспен баға беріпті. Қазанамада Уикс 1927 жылы редактордың көмекшісі болып жүргенде «Атлантик Монсли» деген атаумен шығып тұрған журналға есімін көп ешкім біле бермейтін жас жазушы Эрнест Хемингуэйдің «Елу мың» атты әңгімесін басқан екен. АҚШ-тың ең үлкен басылым­дары жас қаламгер туындысынан жаппай бас тартқанда болашақ әлем әдебиеті классигін тай күнінде-ақ танып, оның жолын ашқан Уикстің бұл әрекетін көре­гендік те, көріпкелдік де десе  болғандай.

Э.Уикс кітаптарын түгелдей оқып шығып, ондағы  болуы бек мүмкін қазақ жазушысымен кездесуі жайлы жазбалары және жазысқан хаттары (Әуезовке қайыра жауап жазған), тағы басқасы туралы терең­дете зерттеу жүргізуді ағылшын тілін мең­гер­ген жаңа буын әуезовтанушыларының үлесіне қалдырып, кемеңгер саяхатын жалғастыра түсейік. 

М.Әуезов «Көксерегінің» «Атлантикке» басылу, басылмау жайы бізге беймағлұм, бірақ «Көксерек» бірнеше мәрте ағылшын тіліне аударылған. Соның бірі америкалық аудармашы Ирадж Баширдің Fierce Grey деген атпен 2003 жылы жарияланса, 2017 жылы Savage Grey деген аудармамен  Beauty in mourning and other stories  жинағында Ұлыбританияның Prestel publishing баспасынан жарық көріпті. Осы тұста ұлы жазушы шығармаларының ағылшын тіліне аударылуы мен оның шет тілдерде жария­ланған еңбектерінің толық сипаттамаларын жасауды қолға алатын уақыттың да жеткенін еске сала кеткеніміз артық бола қоймас. 

М.Әуезов Голливудті ғана аралап қой­май, басты рөлде Бриджит Бардо ойнайтын «Әйелді құдай жаратқан» және «Менің кәсібім – махаббат» деген екі бірдей фильмді де тамашалап үлгерген. Әйгілі режиссер Роже Вадимнің 1956 жылы түсірілген «Әйел­ді құдай жаратқан» атты атышулы фильмі «эротикалық сипаты басым» деген желеумен Кеңес Одағында көрсетілмеген. Тіпті АҚШ-тың өзінде үлкен дау-дамай туындап, фильм жекелеген штаттарда ғана шектеулі прокатқа шығыпты. Даулы тақыр­ыпты айналып өткісі келді ме, әлде фильмді көп мелодраманың бірі деп қабылдады ма – Мұхаң екі фильм туралы да ешқандай пікір қалдырмапты. 

Наурыздың төртінші жұлдызында кеңестік жазушылар Калифорния универ­ситетіне келіп, оның ұжымымен кездесу өткізеді. «Студенттер мен оқытушылары Щипачев екеуімізді қоршады», – деп жазады Мұхаң шуақты кездесу жайлы. 

Студенттер орыс бөлімінде оқитын болғандықтан, әңгіме әуелгіде классикалық орыс әдебиеті төңірегінде өрбіп, Қытайдан келген студент қыз Чеховты оқығанын айтады. «Совет жазушыларын (орыс бөлімінің студенттері) тура білмейді», – дей келіп, бір орта жастағы әйел өзін оқығанын ықыластана  атап өтеді: «Біздің кітапты оқыған бәйбіше менің кітабымды оқыған. «Чудесная книга» деген әйел». 

Кеңес Одағында елдің ең үлкен сый­лықтары – Сталиндік (кейін Мемле­кеттік), Лениндік сыйлық берілген шығармаларға айрықша көңіл бөлініп, олар құзырлы мекемелердің арнайы шешімімен шетел тілдеріне аударылатын. Әуезов Америкаға барғанда оның шығармалары әлем халықтарының 26 тіліне тәржімеленіп үлгерген еді. Коммунист басшылар мұның бәрін қазақ қаламгерін дәріптеу үшін емес, кеңестік ұлт саясатының «артықшы­лықтарын» көрсету үшін жасаған. 

Америкаға барған жазушының алдынан оның орыс тіліне аударылған шығармалары шығады. Бұл туралы: «Сонда мені оқыған, Гончарды оқыған үлкен әйел оқушы болғаны тіпті қымбат көрінеді. Ол тіпті «Сов. ли­тера­тура» журналынан менің «Абай жолымды» да оқыпты (үзіндісін). Менен көп әңгіме сұрады, Абай жайын – мен Жамбыл жөнін айттым», – деп өз шығарма­сын жас емес, өмір көрген жасамыс адамның түсініп, тұшынып оқығанына ерекше сүйс­ініс білдіріп, Абай туралы жауабына жыр алыбы Жамбылды да қосқанын жадырай жеткізеді. 

Осындай сөз ығыты келгенде  Мұхтар Әуезов шығармаларының Еуропаның жетекші тілдері – ағылшын, испан, француз, неміс, итальян тілдері мен шығыстың: араб, парсы, түрік, қытай, жапон, корей тілдеріне аударылу тарихы мен олардың сапасын, сол елдердің әдеби-мәдени даму үдерісінде алар орнын әр жетекші тіл бойын­ша докторлық диссертациялар деңгейінде зерттейтін заман туғанын атап өтуге тиіспіз. Бұрынғыдай емес, бүгінгі жастар арасында бұл тілдерді еркін меңгерген мамандарымыз жеткілікті. 

Тақырыбын тапқан әңгіме дастарқан басында да жарасты жалғасын тауыпты. Бұл туралы жазушы: «Столға тамаққа отыр­ғанда бір топ студент мені жеке ортаға алды. Ортада орыс тілін оқытушы ақ эми­грант. 12 ж. Россиядан әкелері кеткен екен. Студенттер мен бір-екі қартаң оқытушы әйелдер жақсы сұрақтар берді – дұрыс әңгімелестік», – деп жазады кездесуден алған әсері туралы ағынан жарылып. 

Осы тұста қазақ кемеңгерінің Америка сапарына тыңғылықты дайындалып, алдын ала жүйелі жоспар құрғанына тағы да көзің жете түседі. Егер ол Нью-Йорк сияқты ірі қалаларда театр, музей, сурет галереяларын ара­лауға көбірек көңіл бөлсе, Голливудқа келгенде Америка кино өнерінің сырына қаныға түскен. «Кешке атақты ғажап фильм – «Жизнь Христа» суретті көрдік. Арада үзіліс болып, екі бөлімі бір-ақ көрсетілді», – деп жазады. 

Батыс кинематографтары Иисус Христос туралы өте көп фильм түсірді, бірақ Әуезов АҚШ-қа барған сапар алдында дәл осылай аталатын фильм прокатта болған емес. Оның сыры жазушының: «Режиссері Уильям Уайлер – суреттері ғажап», – деген сөйлемінде ашыла түседі. 

Бұл – У.Уайлер 1959 жылы түсіріп, Мұхаңдар Америкаға келгенде барлық кинотеатрда көрсетіліп жатқан «Библиядағы» оқиғалар арқау етілген «Бен Гур» фильмі. Қатарынан 11 «Оскарды» жеңіп алған, шындығында, ғажап туынды. Американың қайраткер-жазушысы Л. Уоллестің 1880 жылы басылған «Бен Гур. Христің тарихы» атты романы негізінде жасалған фильмді түсірушілер оның кітаптағы атауынан «Христің тарихын» алып тастаған. Мұхаңның фильмді қосымша атаумен «Жизнь Христа» деп көрсетуі осыдан шыққанға ұқсайды. 

Әуезов көрген «Бен Гур» фильмінің афишасы. 1959 жыл

Мол қаражатпен, сол замандағы кино түсіру технологиясының ең соңғы жетістіктері кеңінен пайдаланылған бұл фильм әлемдік кинематография тарихындағы ең үздік картиналардың қатарынан орын алды. Мұны бірден байқаған Мұхаң: «таңғалар молдық, кино байлығы, драма, тарих, халық драмасы»  барлығын тамсана жазады. «Әсіресе Жүд Бенһорды ойнаған артист өте кесек», – деп басты рөлді сомдаған артистің мақтауын асырады.  Жазушыны таңғалдырған Бен Гурді ойнаған атақты актер Чарлтон Хестон еді. Ол – Бен Гурдан басқа Моисей, Иоанн Креститель сияқты бірегей библиялық кейіпкерлерді де сомдаған өнерпаз. 

Әуезов «өте кесек» деп айрықша бағала­ған Хестон арада екі жыл өткенде – 1962 жылы АҚШ-тың ең үздік актері  атаныпты.

«Бен Гурді» көргенде бала күнінде «тай мініп, жабағыны жайдақтап», жігіт болғанда «жорға мініп, жүйрікті жетелеген», сан мәрте Шыңғыстаудың бауырында саят құрып, салбурын салған Мұхаңның алпыс екі тамы­рында көшпенді қазақтың қаны ойнап шыға келген. Ол кинодағы көз мейірін қандырған көріністер туралы: «Ат шабыс, әсіресе әппақ араб аттарының, 4 аттың өнері естен кетпес. Бұдан жақсы сурет, күшті сурет болмастай», – деп ынтыға түседі. Әуезовті ерекше  тамсан­дыр­ған фильм туралы күнделіктегі осындай пікірлер қырланып, сырланып «Америка әсерлеріне» түссе қандай хрестоматиялық кинорецензия шығар еді деп ойлайсың. 

«Библияда» суреттелетін оқиғалар желісіне құрылса да, ойдан шығарылған кейіпкер Бен Гурдің  қаһармандығын суреттейтін «Бен Гур» атты бүгінгі тілмен айтқанда, блокбастер, сол заманның терминімен айтсақ, пеплум жанрындағы фильм. Жазушы ол туралы: «Бенгур» Римнің Палестинаны өзіне бағын­дыр­ған отаршылдық, басқыншылдық дәуір тар­тысын көрсетеді. Бұл суретте Ғайса­ның пай­ғамбарлығы, кейін көрген ғажаптары, жарым­жандарды жазған мұғжизалары және өзінің дарға асылуы да баяндалады», – деп жазады.

Мол қаражат шығарылып, Голливудтың ең мықты өнер тарландары тартылған фильм Әуезовтің жанына жаққан. Ол: «Сөйтіп, діншіл тақырып діндар көңілімен жасалған қалпында, кейбір бүгінгі заманның отаншылдық, отаршылдық сияқты бүгінгі адамға түсінікті әсерлі қалыптарында да уақиға арқауына араласады», – деп фильмнің өзегіне өрілген «отаншылдық» пен «отар­шылдық» тақырыбы екенін риза көңілмен атап өтеді. 

Ұлы жазушының алғашқы тарихи романы «Қилы заманнан» бастап, «Абай жолына» дейінгі бүкіл шығармашылығының өзегіне үнемі «елім», «жерім» деп соққан жылы жүректен туған отаншылдық рух пен отаршылдық атаулыға қарсы бітіспес күрес өрілгені оның фильмге берген биік бағасынан айқын сезіліп тұр. 

Әуезов сөзіндегі ишарамен айтылған тағы бір ерекшелік – америкалықтардың дін тақырыбына еркін баратындығы және оны сырттан таңылған жасанды идеоло­гиялық ұстаным тұрғысынан емес, «діндар көңілмен» жасайтындығы.

Жазушы діннің адамды тәубесіне кел­тіріп, жан дүниесін астамшылықтан арылтатын қасиетіне айрықша мән береді. Бүкіл батыс жұртшылығының қайта өрлеу дәуірінен бастау алатын әдебиет, бейнелеу және сұңғат өнері туындыларында дін та­қы­рыбы мен діни кітап кейіпкерлері алдыңғ­ы қатарға шығарылып, ғажайып туындылардың  дүниеге келуіне себепкер болды. Құдайсыз,  атеистік мемлекетте өмір сүріп жатқан сыршыл, сезімтал суреткер мұндай еркіндікке ынтыға қарайды және үнемі іш тарта жазады. «Осындай ескі тақырыпта діншілдік қалыпта жасалған суреттер Американың қай зор қаласының болса да үлкен экрандарын, үлкен залды кинотеатрларын ұзақ мекен­дейтін көрінеді», – деген жолдарда дін та­қ­ырыбының еркін­дігіне бар ықыласымен қызыға құмарту бар.

Жазушы үлкендер үшін балалардың ермегі сияқты көрінетін «Диснейлендке» дейін барған. Барып қана қоймай, көргендерін тап-тұйнақтай етіп, бірнеше бетке тарқата жазған. 

«Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне шәкірт бала барын салды», – деп келетін Абайдың балалық шағын суреттейтін сөйлеммен бастап, қазақ балаларының бірнеше буыны құмарта оқумен келе жатқан «Көксерекке» дейін талай классикалық туындылар жазған қаламгердің ғажайыптар әлемі саналатын «Диснейлендті» аралауы әшейін әуестіктен емес, кәсіби қызығу­шылықтан  туындаған. 

Әуезов «Диснейлендті» әуелі пойызбен, кейде жаяу жүріп, армансыз қызықтаған. Түскі тамақты да осында ішіпті.  Ол әңгімені «Диснейлендтің» 65 акр (шамамен 26 гектар) аумақты алып жатқандығын, бес бөліктен тұратын «үлкен өлке» екендігінен бастайды. «Жабайы батыс», Том Сойердің аралы, М.Твеннің пароходы, үндістер ре­зер­вациясы, әйгілі Гранд каньон, жерде – жүйткіген  автомобиль, аспанда – қалық­таған ұшақ, суда – жылжыған  кемелер, алуан түрлі аттракциондар, «тоғай, гүлдер, жылан, құс, айуан үндері», «өсімдік тегіс жабайы (түнде бұл дыбыстар тіпті сұмдық)», «жолда крокодил, шимпанзе, аю, арыстан, горилла, африканские зебры, жирафы», «қасымда таудағы белдеу жолдарымен машиналар ағызып жүр, водопад, үңгірлерге фуникулер кіріп шығып, кетіп жатыр. Атом сүңгуір қайығы, соған мінеміз», – деп балалармен бірге қуанып, шат-шадыман болады. 

Маңдайы жарқырап, шашы дудырап, жағасы жайлауға кетіп,  шуылдаған  көп баламен бірге мәз-мейрам болып, бір аттракционнан екіншісіне алып денесін еркін меңгеріп, маң-маң баса жүрген маңғаз Әуезовті көз алдыңа елестеткенде оның үлкен-кішіге бірдей мейірбан жүрегіне, қарапайым болмысына риза бола түсесің.

Балалар әлемін армансыз аралаған күні кешкілік қонаққа барғанын айтып: «Артур Миллер дейтін үлкен драматургте болдық. Әйелі атақты кинозвезда Мерилин Мон-ро», – деп жайдары көңілмен жазады. 

Артур Миллер – Уикс емес. Оны орыс және қазақ оқырмандары жақсы біледі. Чаефскидің сыбағасын оңдырмай берген жазушы Миллерді жайдан-жай «үлкен драматург» деп жаза салмаған. Негізгі та­қыр­ып­тан ауытқымау үшін біз Миллердің америкалық драматургия мен театр өнерінің дамуына қосқан үлесін санамалап шығуды артық деп есептейміз. Әйтсе де Әуезовтей әлем әдебиеті классигінің ыстық ықыласына ие болған оның творчествосының қазақ кемеңгерімен үндесетін кейбір тұстарына тоқталып өткенді жөн санаймыз.

Миллер шығармашылығының Әуезовпен үйлесетін тұсы кейіпкердің ішкі көңіл күйі мен жан дүниесінің тұңғиығына тереңдете үңі­луі дер едік. Бұл – Мұхаңның «Қорғансыз­дың күні», «Қаралы сұлуынан» бастау алып, «Абай жолына» дейін жалғасатын алтын жүлге. 

Миллер кейіпкерлерін көркемдік қиял әлемінде қалдырмай, Әуезов сияқты қайна­ған өмірдің ортасына шығарып, алуан түрлі коллизияларға салып, ширық­тыра суреттейді. Бұл, әсіресе драматургтің классикалық туындысы – «Коммивояжердің өлімінен» айқын көрінеді. 

Миллер Әуезовтей адамгершілік, мораль, отбасы тақырыбы сияқты әлеуметтік мәселелерге жиі барады. Оның «Бәрі менің ұлдарым» атты пьесасында отбасы пробле­маларын күнделікті күйкі тірліктің өзін қоғам­ды алаңдатқан ірі мәселелермен шендестіру арқылы үлкен әлеуметтік проблемаларды көтереді.

Миллер көркемөнер атаулыға еркіндік берілген ашық қоғамда өмір сүрді. Сондықтан ол шығармашылық тәжірибелерге жиі барып, реализмді экзистенциализмге ұластырып, мағынасы терең туындылар жасады. Драматургиядағы алғашқы қадамы өмірдің өзегінен алынған нақты оқиғаны замана тарихымен қабыстыра суреттеген «Еңлік-Кебектен» бастаған Әуезов те өз шығармашылығында

осы әдеби әдіске жиі жүгінген. 

Күнделіктердегі жазбаларға қарағанда екі драматургтің әңгімесі жарасқанға ұқсайды. Қазақ қаламгері Миллердің байып­ты, байсалды әңгімелеріне риза болып: «Жазушы Қазақстан, Алматы театры туралы жақсы түсінігі бар екенін айтты. Сұрақ берді, біздің театр туралы мен жауап бердім. Мен Гипсон пьесасы туралы сұрадым. Чаеф­с­­киді ол қатты сынады. Тұрған жайды ол дәл сол күйінде түсіреді – олқылық, шеберлік араласпайды», – деп жазады. 

Артур Миллер мен Мэрилин Монро

Ішкен-жегендерін айтудан аса алмаған сыртаң Чаефскиға қарағанда Америка қоғамына сөзі өтімді, күші жетімді Миллер кеңес жазушыларымен емін-еркін араласып, әдебиет, драматургия, Хемингуэй шығар­машылығы жайлы кеңінен кеңес құрып, кенен сұхбат жасапты. 

Сапар барысында Кеңес Одағында асыра дәріптеліп, барлық шығармасы дерлік орыс тіліне аударылып, миллиондаған тиражбен басылған америкалық Нобель сыйлығының лауреаты Э.Хемингуэй туралы жиі әңгіме болған екен. 

Саясат атаулы әдебиеттен өз керегін алып, атақты жазушыларды ыңғайына қарай пайдалануға тырысады. Кеңес Ода­ғының басшылығы да солай істеген, АҚШ та бұдан алысқа кете қоймаған екен. 

Ноқтаға басы сыймаған, еркіндікті бәрінен биік қойған Хемингуэй қитұрқы саясатты жаны сүймеген. Оның үстіне, ұзақ уақыт Кубада тұрып, оны жемқор Батиста билеген тұста басшылықтың былыққа қалай батқанын өз көзімен көрген Хемингуэй Куба революциясы мен оның жас та жігерлі басшысы Фидель Кастроны қолдап, бірқатар шетелдік басылымға сұхбат берген. Әрине, ұзақ жылдар бойы орынтағынан жабысып айырылмаған Кастроның Кубаны қалай қайыршылыққа душар етіп, томыртқадай шал болғанша билейтінін білгенде басқаша пікірде болуы да мүмкін еді, бірақ үнемі қорланғандар жағында жүретін жазушы сол тұста әділдік орнатуды көздеген коман­дантені үнемі жақтап отырған. 

Бірінші жаһандық соғыс ардагері, Испаниядағы азамат соғысына қатысушы, Екінші дүниежүзілік соғыста Парижді азат етушілер қатарында болған Хемингуэй шығармашылығында үнемі соғыс атаулыға қарсы рух атойлап тұрады. Мұның бәрін жақсы білетін кеңес идеологтары оның әрбір шығармасын дереу орыс тіліне аударып, мол тиражбен басып отырды. Тек кеңес классиктеріне ғана бұйыратын көптом­дықтарына дейін жарық көрді. Мұның бәрі оны Кеңес Одағындағы ең танымал, бүгінгі тілмен айтқанда, культке айналған амери­калық жазушыға айналдырды. 

Хемингуэй туралы сұраққа Леонов жауап берген екен. Мұхаңның: «Леонов ұзақ индивидуальный, субъективный, форма­листический жауап берді», – деп жазуына қарағанда әріптесінің жайдақ жауабы ұнамаған. Ары қарай Мұхаң Леоновтың айта алмағанын өзі тарата түсіп: «Оның соғысқа қарсылығы, жалпы адам үшін опти­мизмі, өзге, біздің халық сүйетін сипаты жайлы сұраққа дәл, кең жауап айтпады», – деп қынжылыс білдіріп, Хемингуэйдің шығармашылық ерекшеліктерін қолмен қойғандай етіп көрсетіп береді. 

Әңгіме барысында Мұхаң Миллердің жай-күйінен хабар беріп: «Өзі Лос-Анджелесті сүймейді екен. Бұндағы жайымыз қазақтың палаткасы, киіз үйі – тұрмысымыз Нью-Йоркте, мен сонда туғамын. Мұнда әйелім суретке түсу үшін келді, бірге келдім», – деген жауабын келтіреді. Миллер Мұхаңның: «Ең жақсы көретін пьесаңыз не?» – деген сұрағына Софоклдің «Эдип патшасы» мен Шекспирдің «Гамлеті» деп жауап қайтарыпты. 

Байқайсыз ба, бұл жолы да Мұхаң амери­калықтардың табиғат аясына шыққанда палатка құруға әуестігін қазақтың киіз үйіне жақындата суреттейді. Ал талғам мәселесіне келгенде, әлемдік драматургияның қайнар бастауында тұрған «Эдип патша» мен Шекспирдің ең жиі сахналанатын «Гамлет» трагедиясы арқылы Миллер шығар­ма­шылығының өзегі жеке адам, адамның жай-күйі, күйзелісі, арпалысы сияқты терең психологиялық иірімдер екендігін ишаралап көрсетеді. 

Бүгінгі оқырманға Артур Миллерден гөрі Мэрилин Монроның тағдыры қызығырақ көрінуі мүмкін. Қазақ әйелдері образының қайталанбас галереясын жасаған жазушы мұны жақсы білген. Күнделігінде оны «атақты кинозвезда» деп дәріптей көрсетсе де, тақырыпты бұдан әрі қаузамаған. Біз мұны бүкіл өмірі сансыз көп қателік пен қайшылықтан тұратын, алдамшы, жылтырақ өмірдің жұлдызына айналып, қайғы-мұңға белшесінен батқан Монроның қазақ қыз-келіншектеріне көрсетер үлгісі жоқтығынан туындаған деп шамаладық. 

Мұхит асқан «Манас»

Сәті түскен сұхбаттан кейін кеңестік жазушылар біздегі Шарын шатқалын еске түсіретін әйгілі Гранд каньонға аттанған. Бастапқыда бұл маршрут сапар кестесінде болмаған екен. Қарсы алушы тарап оларды американдық машина жасау орталығы саналатын Детройт сияқты қалаға апарғысы келіпті. Мұхаң жансыз техникаға телмірудің орнына шығу тегі, тұрмыс-тіршілігі қазаққа, көшпенділерге жақындау үндістер резервациясын таңдаған. Жазушылар тілегі қабыл болып, олар үндіс тайпаларының резервациясынан бір-ақ шығады.

М.Әуезов Гранд шатқалында

Әуезов мұнда үндістердің навахо, хома, пима, хавасю пай, хоппи тайпаларының өмірімен танысады. Олар резервацияда мал бағып, егін салып, бау-бақша өсіреді. Навахо тайпасы жерінен мұнай мен уран кені табылғандықтан, одан түсетін табыстың мардымсыздау бөлігі резервацияға жіберіліп, оны тайпалар кеңесі шешімімен үндістер пайдаланатын көрінеді. 

Үндістердің бір тобы атакәсіптері: тері өңдеу, ағаш бұйымдарын жасау және зергерлікпен айналысады екен. Мұхаң 6 долларға бирюза орнатқан жүзік алып, оны елге жеткенше өзі тағып, әйеліне көрсетуді: «ол мақұлдаса, қолымда жүре берсін, мақұлдамаса, өзі алып қолына салсын», – деп алған сыйлығына алабөтен қуанады. 

Табиғатты суреттеудің асқан шебері бұл өңірдің де ерекшеліктерін қалт жібермей: «көп жерінің мол қарағайы сексеуіл тәрізді. Бойлары құп-қу, арса-арса, қабық жоқ, жырымдалған, лақса болған», – деп өңі қашқан өлкенің қуаң тартқан табиғатын әп-сәтте көз алдыңа әкеледі. Ал орыс тілінде жазыл­ған мына бір жалғыз сөйлемнің поэтикалық қуаты тіпті керемет: «Земля разорвала чрево свое, развернула существо свое». 

Жазушылар үндіс билерін тамашалауға да уақыт тапқан. Шығармашылығының бастау алар тұсында «Таң» журналына «Бүркіт аңшылығының суреттерін» жариялап, кейін «Бүркітші» әңгімесін жазатын кәнігі аңшының көзі бүркіт биіне түсіп: «Екі бүркіт биі, бүркіт қанаты. Бастарына бояулы үлкен киімдерін кигендер, аса бояулы кейіппен биледі», – деп жазады.

Әуезов «Бүркіт биіне» тегіннен тегін назар аудармаған. Табиғаттың төл перзен­тіндей болған қазақтарда бүгінгі «Қара жорғадан» басқа «Бүркіт биі», «Аю биі», «Қоян биі» сияқты билер болған. Солардың бірін аса көрнекті биші-балетмейстер Зәуірбек Райбаев балет үлгісімен өрнектеп, 1958 жылы «Алтын бүркіт» биін жасап шығады. Көрген жанның көзін арбаған бұл биді Мұхаңның тамашалауы бек мүмкін. Кемеңгердің «Бүркіт биіне» айрықша назар аударуының бір сыры үндістердің арғы-бергі тарихы мен өнердегі өрістері қазақтармен іштей үндесіп жатқан осы ұқсастықта болса керек. 

Гуманист жазушы құрып бітуге айналған кейбір үндіс тайпаларының тағдырына аянышпен қарайды. Ол: «Сорлы елдің құрығаннан, құртылғаннан қалғаны – Хоппи руы...», – деген жалғыз сөйлемдегі «құрыған», «құртылған» деген сөздердің тасасына тұтас тайпаның атақонысында отырып, бейшара күйге түскен трагедиялы тарихын сыйдырған. 

Жазушылар 9 наурыз күні Даллас арқылы Вашингтонға ұшқанда Мұхаң байырғы дағдысымен, ұшар биіктен төменге көз тастап: «Шынайы құлазыған елсіз көп-көп қоңыр таулар, адырлар. Өсімдік бәрінде жоққа тән. Тек сирек, ұсақ, селдір түбірлер ғана байқалады... бірнеше трассалар көлде­неңдеп қиялап, тау жоталап шұбатыла шырқап келеді», – деп блокнотына көркем шығармаға ғана қиятын әдемі суреттерді түсіреді. 

Күнделік дәптер бетіндегі мұндай жазбаларға жиі жүгінуіміздің сыры да жоқ емес. Мұхаң «Абай жолының» екінші кітабынан бастап алақұйын заманда қайткен күнде ұлы романды діттеген жеріне жеткізу үшін шығармаларын стенографисткаға дауыстап оқу арқылы жаздыруды ғадет еткен. Әрине, тасқа басылған дүниелерді үстінен қарап, түзетіп, редакциялап отыруды да ұмытпаған. 

Америка сапарында жазушы ұшақ бортынан, вагон терезесінен сыртқа көз тастай отырып, көрген-білгендерін ойланып, толғанып барып қағазға түсірген. Көбінесе кешкілік қонақүйге келіп, аздап тынығып алған соң асықпай жазуға отырған. Сондық­тан күнделіктің бетінде жиі кездесетін құйма алтындай құйылып түскен сұлу сөйлемдер шектеулі тиражбен шыққан академиялық көп­томдықтың бетінде қалмай, ең болма­ғанда, осындай зерттеулерде бүгінгі әдебиеттің де, әдебиетсүйер қауымның да игілігіне айналсын деген ниетпен келтіріп отырмыз. 

Вашингтонға келген күні делегация елшілікте болып, біраз «ақыл-кеңестер» алғанға ұқсайды. Мұндайды жазуға құлықсыз Мұхаң сыңар сөйлеммен ғана шектелген. Өнердегі жаңа туынды атаулыға жаны құмартып тұратын қазақ қаламгері қым-қуыт шаруалардың арасынан бұл жолы киноға уақыт тауып: «Кешке «Сафайр» деген киносурет көрдік», – деп жазады және көңілінен шыққан фильм туралы әсерін кеңінен баяндайды. 

Мұхаң АҚШ-қа барғанда Голливуд фильмдері әлем экрандарын жаулап алған. Елде көбінесе Америка кинолары көрсе­ті­летін. Әйтсе де, кәрі құрлықтың топжарған туындылары арагідік болса да американ экрандарына шығып тұрды. Солардың бірі британдық режиссер Дирденнің «Сапфир» фильмі болды. Әуезов фильм атауын ағыл­шын­ша қалай естісе сондай дұрыс транс­крипциямен жазған. 

Мұхаң бұл жолы бұрынғыдай фильмнің режиссері немесе ондағы басты рольдерді сомдаған актерлер жайлы мағлұматтар бермейді. Бірден фильмнің синопсисін баяндап, ондағы бас кейіпкер қыздың жақсы көретін жігітінің есімі Давид екендігін жеткізеді. Осы екі ишарат арқылы жазушы сюжет желісін тарқата жазған фильмнің «Сапфир» екендігін жазбай тануға болады. Қазақ сахналарының төрінде классикалық трагедиялары әлі күнге дейін қойылып келе жатқан қаламгерді бұл фильм несімен қызықтырған? Бүгінгі ақпараттық технология мүмкіндігін пайдаланып, ескі фильмді біз де көріп шықтық.

«Сапфир» детектив жанрында түсірілсе де оны Әуезов жиі қалам тартқан трагедия немесе әлеуметтік драма деуге әбден болады. Оқиға өрбіген сайын шиеленісіп, кейіп­керлердің жан-дүниесі, табиғаты біртіндеп ашыла түсетін фильмді реалистік сюжетке құрылған әлеуметтік-психологиялық драма деген дұрыс. 

«Сапфир» фильмінің афишасы. 1959 жыл

Нәсілдік кемсітушілікті сынауға құрылған «Сапфир» мен Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Қарагөзінің» арасын шендестірер болсақ, олардағы ескі мен жаңаның, махаббат пен ғадауаттың майдандасуынан туындайтын ортақ үндестіктерді аңғарамыз. Мұның бәріне драматург көзімен қараған Мұхаң фильмнің сюжеті, ондағы актерлердің шеберлігін де назарынан тыс қалдырмай: «Ол қара текті, өзі ақ әйелдің өлімі жөнінде. Бұны жақсы көрген Давид деген студент жас жігіт ақ адамдар семьясынан. Оның күйеуге тиген анасы, әке-шешесі бар. Әкесі қаралардан жиренеді. Анасы да сондай. Қалыңдық қызды өлтірген – анасы, өлтірткен әке. Екеуі де Давид үйленіп қояды деп қорыққан. Үйткені қыз екіқабат болып қалған. Соны білісімен Давидке сездірмей, жаңағы туыстар қыздан құтылу, мазақтан, ұяттан құтылу жолы осы деп өлтіріседі. Бұнда следователь жақсы ойнайды. Аса шебер түрде тергеу, зерттеу жүргізеді», – деп кеңінен қамти жазады. 

Мұхаң бұл фильм экранға шыға салысы­мен британ және американ қоғамында қызу талқыға түсіп, киносыншылар тарапынан «Үздік британ фильмі» атанғанынан хабарсыз болған. Өз көңілінің таразысына тартып-ақ кейіпкерлері келіскен, оқиғасы ширыққан кинотуындыға айрықша бейіл танытып, оған кәсіби драматург ретінде жарасымды бағасын береді. 

М.Әуезов ертесінде Ақ үйде болған. Ресми кездесулер туралы жазуға сараң қаламгер бұл жолы да бір ғана сөйлеммен шектеледі. Ал мешітке барғаны жайлы: «Мешітті көрдім. 500 адам бар. 18 посольство. Мәзін орнына микрофон репродуктор имам бар», – деп толығырақ мағлұмат береді. Елшіліктің саны туралы мағлұматты бұл мешітке 18 мұсылман мемлекетінің дип­лом­аттары келетіні туралы ақпарат ретінде қабылдадық.

Мұсылманша сауатын оқыған-тоқығаны мол, өз ортасының оқымыстысы атанып, данышпан Абай тарапынан «Үлкен қожа» деген қошеметке ие болған атасы Әуезден ашқан Мұхаңның соңынан «панисламшыл» деген дақпырты қалмаса да жер түбіндегі Америкада жүріп-ақ қып-қызыл коммунист әріптестерінен сытылып шығып, Вашингтон мешітіне келуін оның діннен, мұсылман­шылықтан ешқашан қол үзбегенін өзгеше қырынан дәлелдей түседі. 

Вашингтонға келген күні Америкадан тапқан қамқор досы Уикспен кездеседі. Бұл туралы: «Телевизорға жазу үшін ол Бос­тоннан ұшып келді. Біздің топты теле­визорға жаздырып түсірмек. Бұл жазылу дис­куссия түрінде болмақ десті. Уикс сұрақтар береді. Біз сол жерде жауап айтуымыз керек», –деп жазады. 

Әуезовтің жаңа досы сегіз қырлы, бір сырлы жан болып шықты. Ағылшын тіліндегі дереккөздерде ол «Атлантикте» қызмет істей жүріп, 1939-41 жылдарда «Мистер Уикспен танысып қойыңыз» дейтін 30 минуттық радиохабарлар циклын жүргізіпті. Кейін радионың орнын теледидар басқанда Американың танымал тұлғаларымен тағыл­ымды телехабарлар жасапты. Мұхаң досының ұсынысын қуана қабылдап: «Бұның переда­чаларын 45 станция қайталайды, көрсетеді. Сан миллион адам көреді, тыңдайды», – деп үлкен ықылас танытады. 

Мақтауға сирек классик: «М-р Уикс үлкен журнал редакторы, үлкен сыншы, зор атақты адам, аса үлкен достық көрсеткелі отыр», – деп «үлкен» сөзіне үш мәрте екпін түсіріп, бар бейілімен ризалығын білдіреді. 

Жазушы хабардың неден басталып, қалай өрбігені, кімге қандай сұрақтар беріл­іп, оған қандай жауаптар алынғаны жайлы рет-ретімен жазған. Күнделікте қалатын сыр болғандықтан әріптестерінің кем соққан тұстарын да жасырмай: «Щипачев алғаш сөйлегенде кібіртіктеп, өлеңін тәуір оқығаны­мен, жалпы сөзін бәсең айтты» десе, өзіне қойылған соғыс туралы сұраққа Леонов: «соғыс жайындағы біздің жазушылар жазған еңбектер жөнінде дәл оншалық кең, тарыла сөйлемеді. Ешкімді мақтаған, атаған жоқ. Фадеевті атаса болар еді, оны істемеді», – деп атақты жазушының жауабына көңілі толмағанын сездіреді. 

Өзіне қойылған сұраққа келгенде: «Менен фольклор жөнінде және «Абай» романы туралы сұрады. «Мен ол кісінің кең түрде интерес жасағанына алғысымды айттым (өз сөзінің соңында). Әуелі фольклор деп қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, якуттарда екі традиция – үлкен жазба туғанын, Шекс­пир, Гете, Бальзак, орыс, американ клас­сиктерін, өз тілдерінде оқумен қатар үлкен фольклоры барын айттым. Не знавшие традиции существования, буквально океан поэзии «Манас» екенін таныттым. Кейін өз романым «Абай» жайын, 26 тілде шыққанын, Парижде Луи Арагон аударғанын атадым», – деп жауабының ұзын-ырғасын көңілі бірлене жазады. 

Қазақ фольклорымен ғана шектелмей, түркі тектес халықтардың ауыз әдебиетін тұтас шолып, оны әлем халықтарының фольклоры, әдебиет классиктері еңбектерімен шендестіре саралаған академик-жазушының жауабына ерекше риза болған Уикс үзіліс кезінде Мұхаңа түрлі сұрақтар берумен болған. Бұл жолы да Әуезов еркін көсіліп: «Онда «Манасты», 25-конгрестің жайын айттым. Қызық әңгіме болды», – деп мажырай жауап қатыпты. 

Уикс жүргізген сол сұхбаттың бас қаһар­маны қазақ жазушысы болған екен. Үзілістен кейін де жүргізуші берекелі әңгімені одан әрі өрбітіпті. Бұл туралы күнделік беттеріне: «Үзілістен соң менен Абайдың өз жайын сұрады. Бұнда мен телевизор алдында 6 минуттай тағы сөйледім. Аяғында өзімнің 15 жыл сол Абай туралы 4 том кітапты жаз­ғанымды атадым», – деген сөйлемдер түскен. 

Мәскеу, Алматы, Ташкент универси­теттерінде ұзақ жылдар бойы дәріс оқыған ағылескердің тереңнен толғаған сөзіне студиядағыларды былай қойғанда, өздерінен басқа көп ешкімді менсіне бермейтін атағы дардай әріптестері де таң-тамаша қалыпты. Бұл туралы автор: «Алғашқы сөзімді Леонов та, Гончар да, басқалары да өте жақсы бағалады. Соңғы сөзден кейін Гончар, бүгін бәрімізден артық сөз сіздікі болды», – деп кестесі келіскен ойының көптің көңілінен шыққанын масаттана жеткізеді.

Алыстағы Америка төрінде болған осы сұхбаттың жай-жапсарына кеңірек тоқта­луымыздың екі түрлі мәнісі бар. Алғашқысы, бізге ұлт әдебиеті ұлы классигінің әр сөзі қымбат. Мұны әуезовтанушылар ғана емес, қазақ әдебиетінің барша жана­шы­р­лары, әсіресе бүгінгі заман оқырман­дарының білгені жөн. Екіншіден, сұхбаттың өткен уақыты, жері бізге мәлім. Оны Питсбург телерадио­компаниясы түсірген. Жүргізушісі де жайдақ журналистің бірі емес, Америка әдебиеті мен медиасында үлкен із қалдырған тұлға. 

Ол заманда АҚШ-қа Кеңес Одағынан құрамында үш бірдей Лениндік сыйлық лауреаты бар абыройлы делегациясы күнде бара бермейтін. Бұдан кейінгі «қырғи-қабақ соғыс» жағдайында екі мемлекет арасындағы алыс-берістер мүлде тоқтаған. Ендеше ағылшын тілін еркін меңгерген әуезов­тану­шылардың жаңа буыны ыждаһатпен ізденер болса, осы хабардың мұрағаттық таспасын табуға болар еді деген үмітіміз де жоқ емес. Сонда алдымыздан американдық студияда жан-жағына маңғаздана көз тастап, мәзелі сөздің мәйегін ағытқан кең маңдайлы кемең­гер­дің телебейнесі жарқ ете қалуы бек мүмкін ғой деген ой келеді санамызға. Өйткені әлемнің әр тарабында жүріп, сансыз көп сұхбат берген жазушы дәл осы әңгімесіне өзі де ерекше мән беріп: «Бұл өзі ең үлкен мәнді жазу еді. Тек осы үшін ғана келуге болатын еді», – деген мағарлы бағасын арнапты. 

Әуезовтің төтеден қойылған сұрақтарға арғы-бергі тарихты түгел қамтып, кеңінен көсіле жауап бергеніне қатты риза болған Уикс оған студияда айтқан сөздерін хатқа түсіріп, журналға жіберуді өтінген екен. Мұхаң елге оралысымен, орнымен айтылған ұсынысты қабылдап, бірден жазуға отырады. Американдық аудиторияның талап-тілегіне ыңғайлас мақала жазып, оны 3 сәуір күні Уикске жолдайды. Хаттағы «Сейчас, исполняя Вашу просьбу написать немного об эпосе народов нашей страны, я посылаю статейку под условным заголовком «Слушая Гомеров нашего времени». Я был бы очень рад, если бы эта статья ответила требованиям вашей редакции», – деген жолдар осыны нақты дәлелдей түседі.

Мақаланың аты әйгілеп тұрғандай академик-жазушы әңгімені туысқан қырғыз халқының телегей-теңіз мұрасы «Манас» пен оны айтушылардан бастап, біртіндеп түркі халықтарының қаһармандық дастандарына қарай ауысқан. 

«Атлантик» редакторы Э.Уикс

М.Әуезов Манас тақырыбына Ленинград университетінде оқып жүргенде келіп, кейін оны үздіксіз жалғастырумен болған. Ол абақтыдан шығып, әлі «ұлтшылдық» қамытын тастай алмай жүрген отызыншы жылдарда әуелі «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қырғыз дастаны – Манас» атты мақала, кейін қамшысынан қан тамған 1938 жылы «Манас – героическая поэма киргизского народа» атты мақаласын қазақ коммунис­терінің бас газеті «Казахстанская правдада» жариялайды.

Соғыстан кейін «Манасқа» қарсы шабуыл үдеп, ұлы дастанның тағдыры қыл үстінде тұрған 1952 жылы Фрунзедегі үлкен ғылыми конференцияда «Манасты» қаралауды бастап берген мәскеулік профессор А.Боровков пен оның жақтастары бел алып бара жатқанда академик Әуезов суырылып шығып, қырғыз халқының сан ғасырлық тарихын кеңінен қамтитын алып дастанның халықтық сипатын нақты мысалдармен дәлелдеп, делірген топтың пәпігін басады. Бұдан кейін таразы басы теңеліп, «Манасты» қолдаушылар қатары көбейіп, көне эпос құтты орнына қайта қонады. Мұхаң бұдан кейін өзінің Манас туралы ұзақ жылдар бойы зерттеген еңбектерін жүйелеп, орыс тілінде «Киргизский героический эпос» деген толымды монография да жариялайды.

М.Әуезов сапар әсері суымай тұрғанда бас-аяғы 5-6 беттік «Слушая Гомеров нашего времени» атты шағын да шымыр мақаласын жазған. Өкінішке қарай, бұл еңбек ұзақ уақыт бойы еш жерде жарияланбастан жазушы мұрағатында жатып қалды. Оны М.Әуезов ғылыми-мәдени орталығының қолжазба қорының 181-бумасынан тауып, жазушының 50 томдығына қосып, ғылыми түсініктерін жазған әуезовтанушы Р.Әбдіғұлов екенін ілтипатпен атап өтуге тиіспіз. 

«Манас» тақырыбына отызыншы жыл­дардан бастап орыс және қазақ тілдерінде бірнеше мақала жазған М.Әуезов «Атлантикке» соның бірін ықшамдап бере салуына болар еді, бірақ олай істемеген. Мақаланы телестудияда зор шабытпен айтылған сөздің желісіне құрып, тақырып аясын кеңейтіп, тыңнан туынды тудырған. 

Ол мақаласын қырғыз эпосын әлемдік әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс Фир­доусидің «Шахнамасымен» салыстырудан бастап, «Манастың» көлемі одан екі жарым есе үлкен екендігін атап өтеді. Төрт жыл (1923-1927) қатарынан жазып алынған алып эпостың 240 мың жол екендігіне айрықша салмақ түсіріп, манасшылардың эпосты жырлау мәнеріне де арнайы тоқталып өткен. Автор эпос негізінде «Айшөрек», «Манас» опералары дүниеге келгенін де назардан тыс қалдырмаған. 

Профессор Әуезов бұдан әрі якут олон­холары мен бурят улегерлерінің өнерін де тарқата жазады. 

Журнал ұсынған көлем көтермейтін болғандықтан, осы тұстан тізгін тартып, мұндай жыршылық дәстүрдің қазақ, өзбек, түрікмен, қарақалпақ және кавказ халық­тарында да бар екендігін айтып, түркі халық­тары ауыз әдебиетінде кездесетін ортақ қайнар, ежелгі дәстүрдің табиғатын тарқатуға көшеді.

Мұхаң Алматыға жеткен соң уәдесін орындап, тез арада Уикске арнайы хат жолдайды. Хатта «1960 жылдың 3 сәуірі» деген дата қойылса, мақаласының соңында: «Мұхтар Ауэзов. Писатель, доктор филологических наук, 1960, 4 апреля», – деп жазылған. 

Әуезов «Манастың» көлемі жағынан әрбір америкалық оқушыға жақсы таныс «Илиада» және «Одиссеядан» асып түсетінін көрсетпеген. Гомердің атын мақала атауына шығарса да бұлай жазбауының себебі кермағыздау келетін америкалық оқырмандар алыстағы бұратана халықтың қос бірдей грек эпосынан әлденеше есе үлкен жыр тудырғанына күмәнмен қарайды деп ойлаған. Еуроатлантикалық әдебиеттен басқаға мұрын шүйіре қарайтын америкалықтардың солай қабылдауы да әбден мүмкін еді. Сондықтан Әуезов салыстыруды әдебиетсүйер қауымға әбден таныс шығыстың «Шахна­масымен» шектеген. 

Мұхаңның 3 ақпанда жеделдете жолдаған хаты Бостонға уақытында жетіп, мақала «Атлантиктің» 1960 жылғы маусым айындағы кеңес әдебиеті мен өнеріне арналған арнайы нөмірінде «Кеңестік эпос жырлары» (Soviet epic singers) деген атпен жарық көреді. 

Әуезов мақаласы жарияланған «Атлантик» мұқабасы. №6, 1960

 Журнал мазмұнында Мұхтар Әуезов мақаласын ірілеу қарыптермен қарайта көрсетіп, редакция тарапынан: «1897 жылы қазақ көшпелілері отбасында туған Мұхтар Әуезов – жиырмадан астам пьеса, көптеген әңгіме мен қазақ қаһарманы Абай туралы төрт томдық романның авторы. Ол көлемі Гомер шығармаларындай, аспапта сүйе­мелдеумен айтылатын Азиялық Ресей халықтары фольклоры мен эпостарын жазбаға түсіруге зор еңбек сіңірді» деген аннотация берілген. Аңдатпа мақала жарияланған журналдың 122-бетінде тағы да қайталанып, қолдан салынған суретпен безендіріле түскен. Мақаланың соңында оны ағылшын тіліне Габриэлла Азраель деген аудармашы тәржімалағаны көрсетілген.

Вашингтоннан Бостонға аттанар күні Леонов екеуі «Бір шелек қан» деген «сұмдық фильм» көреді. Осы тұста мына бір жайға назар аударғанды жөн санаймыз. Әлем әдебиеті классиктерінің өмірбаянын зерттеушілер олардың басынан өткен, қаламына іліккен дүниелердің ешқайсысын тасада қалдырмайды. Әрқайсысының табиға­тын ашып, жазылу тарихын тарқатады. Сондықтан бір қарағанда елеусіздеу көрінетін фильмді жазушының не үшін көріп, қандай пікір айтқанын білгеннің артықтығы болмайды. 

Атының өзі-ақ бір сұмдықтың болаты­нынан хабар беріп тұрған фильмді Мұхаң америкалық кинематографиядағы алуан жанрлардың жақсысы мен жаманын парықтау үшін әдейілеп көрген. Қандышелек фильмдер несімен аудиторияны жаулайтынын білгісі келген.

Киносценарист Әуезов «Бір шелек қанды» шыдамы жетіп қарап, оның сұмдығын, әсіресе лық толған залдағы балалардың «өлім, қан, қазалар үстінде шаңқылдап күліп, сүйсіне рақаттанып, кейде ысқырып» отырғанына қатты кейіп: «Бұл көрініс – қас масқара. Көп ойға қалдырады», – деп көңілі кіражу тартады.

Әуезов «сұмдық», «масқара» деп бағалаған мұндай кинолардың неше атасын көрген бүгінгі көрерменді үрейлі фильмдермен қорқыта алмайсың. Телевизорды қосып қал­саң күн сайын дерлік көрсетіліп жатқан мұндай қан-қасап фильмдерде есеп жоқ. Еліктегіш-солықтағыш жастарды былай қойғанда жасы үлкендер тарапынан да үлкен сұранысқа ие болып, оны жасаушыларға шаш етектен пайда әкелуінің сыры неде? Енді осының құпиясына үңіліп көрейік. 

Адам өмірінде алуан түрлі оқиға болады. Оның ішінде жаныңды жадыратып, жүрегіңе нұр құятындарымен қатар алқымыңнан алып, зәреңді зәр түбіне жеткізетін үрейлі жағдайлар да орын алуы мүмкін. Мұндай оқиғалар адамды, әсіресе жас балаларды депрессиялы күйге душар етіп, тіпті шошы­малы ауруға ұшыратуы мүмкін. Психоло­г­тардың бір тобы кинотеатрларда көппен бірге қауіпсіз жағдайда қорқынышты фильм­дерді көру адреналин шығарудың бір түрі деп қарайды. Мұндайда адамның жүйке жүйесі үрейді жеңуге бейімделе түседі деп түсіндіреді. Осындай фильмдер арқылы адамдар түрлі фобияларынан арылады дейтіндер бар. Сондықтан құбыжық фильм әуесқойлары арасында «пышаққа құлшынып» тұратын басбұзарлармен қатар табиғатынан ұяң жандар да аз болмайтын көрінеді. 

Батыс субкультурасынан берік орын алып, бүгінгі заманда қазақ кинемато­графиясына дейін жеткен бұл жанрдың жақсы мен жаманды айыруда жеткіншектерге берер пайдасы шамалы деп білеміз. Жас өскіннің әлі қалыптасып үлгермеген жүйке жүйесіне салмақ түсіріп, жағымсыз ойларға жетелеп, әрі-сәрі жағдайға әкелетін зарары мол сияқты көрінеді бізге. 

Алыста жүрген Әуезов бос уақытының әр минутын бағалай білген. Сөйте тұра, «Қырғын Жак», «Бір шелек қан» сияқты үрейлі фильмдерді шыдамы жетіп аяғына дейін көруге уақыт табуының тағы бір сыры қиғаштау жанрдың фольклордан тамыр тартатындығын зерттеуден туындауы мүмкін деп топшылауға болады.

М.Әуезов жиырмасыншы жылдардан бастап қазақ ауыз әдебиетін, оның аса бай саласы – ертегілерді зерттеп, жүйелеп, оның жанрлық жігін, мазмұны мен функциясын анықтаған іргелі еңбектер жазған. Қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі жақсылық пен жамандық майдандасқанда жалмауыз кемпір, мыстан, жезтырнақ, албасты, марту, үббе, шайтан, пері, дию сияқты кейіпкерлер үнемі адамдарға қаскөйлік жасап, жұрттың зәресін ұшырумен болады. Үрей шақыратын фильмдер әр халық фольклорында кездесетін осындай кейіпкерлердің қастандық әрекетіне құрылған ертегі, аңыз әңгімелерден туында­ған. Әуезовтің фильм туралы: «Көп ойда қалдырады», – деген сөзінің бір сыры осында деп білеміз. 

Гарвардтағы қазақ профессоры

Мұхаң бастаған топ 12 наурыз күні түнделетіп Бостонға жетеді. 

АҚШ-тағы аса үлкен ғылым, білім орталығы саналатын қалаға келген кеңестік жазушылар өзімізге әбден таныс, сол баяғы мистер Уикстің қамқорлығына көшеді. Ол өзімен бірге америкалық жазушы Джон Маркингті ерте келіп, үшеуі қонақүйдің «ең жақсы ресторан залында 3 сағаттай әңгіме­леседі». Әңгіме ауаны Америка әдебиеті мен драматургиясы төңірегінде өрбіп, біртіндеп әдеби байланыстарға қарай ауысыпты. 

Америкалық достармен бөтен көз, бөгде құлақ жоқ жерде ақтарыла айтылған әңгімеде КСРО әдебиеті мен орыс жазушыларын ғана емес, онымен терезесі тең тұрған өзге де халық өкілдері әдебиетін аудару керектігі жайлы мәселе көтеріліпті. 

Қазақ жазушысы: «Біздің кітап жолы сіздерге тар. Әсіресе біздегі көпұлтты елдер әдебиеті сіздерде жоқ», – дей келіп, егер олар ағылшын тіліне аударылып, басыла қалған жағдайда: «Америка оқушысы сүйіп оқыр еді. Сүйтіп, Азияны Америка жағасынан открывать ету – жаңа американдарға ашу шарт», – деп аз ұлт әдебиеті өкілдерінің шығармаларын аудару екі жақ үшін де берері мол берекелі іс екендігіне ерекше екпін түсіреді.

Ертесінде жазушылар Уикс басқаратын журнал редакциясында болғаны жайында күнделік бетіне: «Атлантик монсли» басқармасында ұшырасу» деген қысқа сөйлем түскен. Осы тұста бұған дейін тек «Атлантик» деп жазылып келген журнал атауы неге бұлай өзгеріп кеткені туралы да аз-кем мағлұмат беріп өтейік. 

Журнал алғаш ашылған 1857 жылы оның бастапқы атауы The Atlantic Monthly болған екен. Әуелгіде таза әдеби бағыт ұстаған басылым бірте-бірте контент аясын кеңейте түсіп, қоғамдық-саяси өмірдің алуан салаларын қамти бастайды. Онсыз да айына бір рет шығып тұратын журнал болғандықтан, (мonthly – ай сайын деген мағынаны береді) 1932-1970 жылдарда оның атауы Atlantic деп ықшамдалған. Әуезов Америкаға барған жылдары «Атлантик» аталса да, былайғы жұрт оны бұрынғыдай «Атлантик монсли» деуін қоймаған. 

Журнал қызметкерлері түгел қатысқан бұл кездесудің де емен-жарқын жағдайда өткенін күнделіктегі: «Қалжың-күлкі көп, әйелдері өте көркем, сыпайы», – деген жайдары жолдар дәлелдей түседі. 

Әңгіме поэзия тақырыбына ауысып, Мұхаңнан да өлең оқуды сұрағанда ол: «Қараңғы түндені» орысша, қазақша оқып бердім», – деп жазады. 

С.Щипачев ескі ғадетінше тек өзі білетін орыс ақындары туралы сөз қозғағанда Мұхаң кеше Уикспен болған өзге ұлт өкілдері әдебиетінің таңдаулы тұлғалары туралы әңгімеге тағы да өріс ашып: «мен Тычина, Самед Вургун, Ғафур Гулям, Зульфия төртеуін қоса атадым», – деп түркітілдес халық жазушылары шығармашылығына кеңінен тоқталыпты. 

Берекелі әңгімеден кейін қонақтар Бостонның іргесіндегі серіктес қалалардың бірі Салемде болады. Осы тұста қаламгердің қағаберістегі сұлулықтың өзін қалт жібермей­тін қырағылығына таңдана түсесің. Іргесін теңізшілер қалаған шағын қалашық туралы: «Салем тамаша, сұлу қала... Жалғыз этажды ең жайлы, гүлді, бақшалы, модерн стильдегі күншуақты қала жайлар. Мынау да күншуақ­ты, бірақ екі қабат сәнқой, кербез. Өз зам­а­н­ындағы Голландия, Англия көркем, әсем қалаларымен тайталасқан», – деп оның әсем архитектуралық келбетін, қай елдің үлгісінен тамыр тартқанына дейін қолмен қойғандай етіп көз алдыңа әкеледі.

Ертесінде Кембридж қаласындағы 1200 қызметкері, 750 профессор, инженерлері бар «Артур де Литл инкорпорейтед» деп аталатын үлкен ғылыми мекеменің жұмысы­мен танысып, оның басшыларына алуан түрлі сұрақ қойыпты. 

Әйгілі Гарвард университеті дәл осы Кембридж қаласында орналасқан. Кеңестік жазушылар оған да барған. Бұл туралы: «Гарвард университетінде кездесу басталды. Адам 40-50, көбі оқытушы болуы керек», – деп жазады. 

Кездесу сұрақ-жауап форматында өрбіп, Брюсов, Горький шығармашылығынан басталып, Маяковский, Есениндермен жалғасып, сол тұста шет жұрттарда біршама танымал болған Юрий Олешаға дейін әңгіме болыпты. Профессор Әуезов орайы келгенде өзіне қойылған жақсы көретін америкалық жазушы мен драматург туралы сұраққа: «Пьеса Артура Миллера, Сэлинджер «Ловец во ржи», –  деп жауап беріпті.  

Миллер туралы әңгіме түсінікті. Оның үйінде қонақта болып, екеуара жақсы сұхбат құрғаны жоғарыда айтылды, ал Джером Сэлинджердің жөні басқа. Ол бүгінгі күнге дейін атақ-даңқы дүрілдеп тұрған, есімі көзі тірісінде культке айналған америкалық жазушы. Мұхаң неге оның кеңес оқырман­дарына «Над пропастью во ржи» деген атпен кеңінен танылған романын «Ловец во ржи» деп атайды. Бір қарағанда, елеусіздеу көрі­нетін осы мәселеге де тоқталып өтсек артық бола қоймас. 

Шекспирден бастап, Толстой, Чехов, Тургенев, Джек Лондонға дейінгі әлем классиктері шығармаларын келістіре аудар­ған М. Әуезов бұл кезде орыс тіліне әлі тәржімаланбаған Сэлинджер романын «Ловец во ржи» деп жып-жинақы етіп  аударуы романның түпнұсқадағы мағынасын дәлме-дәл береді. Сэлинджер романының ағылшынша аты – The catcher in the рye. Мұндағы catcher – «ловец», яғни «аулаушы» болса, «рye» – «рожь», яғни қарабидай. Мұхаң түпнұсқадағы екі жетекші сөздің өзін де, мағынасын да сақтап «Ловец во ржи» деп қысқа да нұсқа аударған. 

Америка әдебиетінің классигі Джером Сэлинджер

Әйгілі роман Әуезов Америка сапарынан оралғаннан кейін «Над пропастью во ржи» деген атпен Р.Райт-Ковалева тәржімасымен орыс тілінде жарық көріп, «Иностранная литература» журналының 1960 жылғы 11-сан­ында басылады. Орысша аудармада Сэлинджер айрықша акцент түсірген «аулаушы» сөзі түсіп қалып, оның орнын мағынасы күңгірттеу «жарқабақ»  басқан. Нәтижесінде ұлы роман атауы бұлыңғыр тартып, орыс оқырманына бұлдырлау мағынада жетті. 

Романдағы catcher сөзін автор жар басы­нан құлағандарды жай ғана «аулаушы» емес, «құтқарушы» деген мағынада қолданған. Ал жайқалған қарабидай егістігі қайғы-мұңсыз балалық шақты меңзейді. 

Автор балалық шақ егіс алқабындай құлпырып тұрады, ал «балалық кетті, білдің бе» деп Абай айтатын сәт келгенде кешегі  көкөрім жас өзін тербелген  егін шетіндегі жарқабақтың басында тұрғандай сезінеді. Автор балалық  деген өмір белесінің жарқа­бағынан ұшқан бейкүнә балаларды жерге жеткізбей қағып алған ізгі жандарды catcher – аулаушы, яғни қауіп-қатерден «құт­қарушы» есебінде бейнелеген. 

Сэлинджерге роман атауы ақын Роберт Бернстің белгілі өлеңін өзінше оқығаннан кейін келсе керек, бірақ шотланд ақынының «Қарабидай алқабында жүргендер» өлеңінде балалық шақ орнына балауса махаббат алынған. 

Кеңес заманында Сэлинджер романы тек  «Над пропастью во ржи» деген атпен ғана  басылып келді. Шетел әдебиетіне арналған барлық оқулықта осылай аталды. Кейін С.Махов оны «Обрыв на краю ржаного поля детства», ал М.Немцов «Ловец на хлебном поле» деп өзгеше аударғанымен, олардың ешқайсысы роман атауын Әуезовтей дәлме-дәл бере алған жоқ. 

Осы тұста «Абай жолының» жаңадан қосылған тарауларын Мәскеуге келген сапа­рында өзі жеделдете орыс тіліне аударған Мұхаңның Сэлинджерді тәржімалаған бірде-бір орыс аудармашысы таба алмаған «Ловец во ржи» деп автор ойын дөп баса аударған шеберлігіне тағы да тәнті болмасқа әддің қалмайды.  

Жазушылар қайтар тұста Біріккен Ұлттар Ұйымында қонақта болыпты. «Обед дал Кордье», – деп жазады Мұхаң. 

Әуезов АҚШ-қа барған кезде БҰҰ бас хатшысы қызметін швед дипломаты Даг Хаммаршельд атқарыпты. Азаттыққа қол созған Африканың отаршылдықтан құтылуына зор еңбек сіңірген Д. Хаммаршельд туралы АҚШ Президенті Дж. Кеннеди: «біздің ғасырымыздың ұлы мемлекет қайраткері» деген лепес қалдырыпты. Сегіз жыл бойы абыроймен қызмет атқарып, Кон­годағы азамат соғысын тоқтату мақса­тымен осы елге келген сапарында қастан­дықпен өлтірілген Д. Хаммаршельдтің бейбіт­шілік жолындағы ұзақ жылдар бойы жүргізген еңбегі үшін оған 1961 жылы Нобель сыйлығы беріліпті. 

Кеңестік делегация Америкаға келген кезде бас хатшы іссапарда болып, оның атынан жайылған дастарқанды белгілі америкалық дипломат Эндрю Кордье жүргізіпті. Ұйым тарихына қатысты зерт­теулерде есімі жиі аталатын ол 1946-1961 жылдарда көмекші, ал 1961-1962 жылдарда бас хатшының орынбасарлығына дейін өскен екен. 

Саяси ұйым болған соң әңгіме ауаны негізінен революциялар мен көтерілістер, дін мен азаттық тақырыбында өрбісе де, әдебиет те қағыс қалмай, Шекспир, Данте, Брехт шығармашылығына дейін сөз болған.  

Э. Кордье мен Д. Хаммаршельд

Біріккен Ұлттар Ұйымындағы кездесу – күнделіктердегі ең соңғы жазба. Онда кемеңгер өмірінің кредосы іспеттес: «Бірауыз өлеңім бір жолы афоризм тәрізді. Добро, зло так долго существуют, потому что противоположны», – деген оқырманға әрнені ойлантатын  орысша-қазақша екі ауыз сөз түсіпті. 

Ұзақ сапардан шаршаған қаламгер қайтар жолда ұшақ бортында ештеңе жаз­баған. Жазушының елге келген беттегі көңіл күйі жайлы Мұхаңмен ұзақ жылдар бойы жақын араласқан досы, оның шығарма­шылығы мен өмірбаянын зерттеуші, про­фес­сор Зоя Кедринаның «Аңызға айналған адам» атты естелігінде әдемі баяндалған. 

Атлант мұхиты үстінен он бес сағат ұшқан алып лайнер Мәскеу әуежайына қонақтаған сәттегі Мұхаңның бейнесін: «Мұхтар Омарханұлы траппен ептеп түсіп келеді. Үстінде қоңыр пальто, қолында портфель, әдемі шляпасында жаңбыр тамшылары жылтырайды», – деп бастайды З. Кедрина. Ары қарай: «Жан-жақтан сұрақ жаңбырдай жауып жатыр. Мұхтар Омар­ханұлы жаны жайдары, сергек әзілдейді. «Біздің Құрама Штаттарда жүрісіміз өте шапшаң болды да, бізге жаңалық жетіп үлгермеді, жетсе де миымызға қона қойған жоқ», – деп жалғастырады келісті естелікті профессор ханым.

Мұхаң мұхиттың ар жағындағы алып елде берекелі кездесулер өткізіп, тілектес достар тапты. Гарвард бастаған Америка университеттері профессорларымен байсалды сұхбат құрды. Шығармашылығына шалқар шабыт беретін тың тақырыптарға өріс ашып, сергек көңілмен елге оралады. Мұхаңның сол сәттегі бірленген көңіл күйі жайлы: «Киевке жүретін Олесь Гончарға оң сапар тілеп машинаға қарай жүрді. Әрбір кездескен адамға жылы шырай танытып әзілдеумен болды. «Мен Христофор Колумбты Амери­кадан гөрі Москва үстінде жақсырақ түсіндім. Жарық көрінген кезде мен «жер» деп айқай сала жаздадым», – деп жазады Кедрина қуан­ыш құнтағына бөленген кемеңгер жайлы. 

Америкаға Әуезовке дейін де талай жазушы барған. Солардың қатарында ұзақ жылдар кеңес әдебиетінің төрінде отырған әйгілі қаламгер Михаил Шолохов та болды. Ол Нобель сыйлығын алуынан алты жыл бұрын Хрущевтің 1959 жылғы сапарында делегация құрамында Американы армансыз аралаған. Сапар барысында енді ғана Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалған А.Громыко шығармаларын жас күнінен сүйсіне оқыған жазушының жанынан табылыпты. Ол өз мемуарында Шолоховтың Америка сапарынан алған әсері жайлы айтқан: «Не знаю, как в отношении высокой политики, которой занимаетесь вы, но что касается области культуры, то нам у америка­нцев учиться нечему», – кеспелтек пікірін келтіреді (Громыко А. Памятное. Испытание временем, М., 2015, с. 488).

Апыр-ау дейсің осындайда амалсыздан. Қазақ кемеңгері Американың  әлемдік өркениетті байытқан театры, өнері, әдебиеті, ғылым-білімі, университеттері жайлы там­сана, төгілдіре жазса, орыстың керенау классигі «үйренетін дәнеңе жоқ» деп келте қайырады. 

Сонда Шолохов америка әдебиетінің әлем таныған классиктері Марк Твен, Джек Лондон, Эдгар По, Уолт Уитмендерді былай қойғанда, өзімен замандас Нобель сыйлығының лауреаттары Уильям Фолкнер, Эрнест Хэмингуэй, Джон Стейнбек, сыйлықсыз-ақ әлем әдебиетінің классиктері ретінде танылған Скотт Фицджеральд, Джером Сэлинджер, Рэй Бредбери шығарма­ларынан іліп алар ештеңе таппағаны ма?! Мұның жауабын табуды Әуезовті «Шы­ғыстың Шолоховы» дейтіндерге қалдырдық...