Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында әйел өліміне қатысты кәмелетке толмаған бала күдікке ілінді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Полиция аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғаған.
– Қазіргі уақытта тергеу және процестік әрекеттер жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесі үшін басқа мәліметтер жария етілмейді, – делінген полиция хабарламасында.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде қаза тапқан әйелдің мұғалім болғаны және қылмыстың «Көк кит» интернет-ойынымен байланысты болуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған.
Алайда Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, қаза тапқан әйел педагог болмаған. Сондай-ақ тексеру барысында оқиғаның «Көк кит» ойынымен байланысы расталмаған.