Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта 9 жыл бұрынғы құжат ұсынылды

Тергеуші Аяжан Нүсіпбекова соттан аталған материалды қылмыстық іске тіркеуді сұрады.

Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында 2017 жылы жасалған техникалық қорытындының фотокестесін іс материалдарына қосу ұсынылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тергеуші Аяжан Нүсіпбекова соттан аталған материалды қылмыстық іске тіркеуді сұрады.

Оның айтуынша, құжаттар 2025 жылғы 18 қарашада тұрғын үйдің жертөлесінде жүргізілген тінту кезінде тәркіленген. Олардың сақталған жерін мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязова көрсеткен.

Келесі күні полиция департаментінде тәркіленген құжаттар тексеріліп, фототіркеу жүргізілген. Сол кезде қара-қызғылт сары түсті пакеттен «Астана Құрылыс Сервис» компаниясы әзірлеген 2017 жылғы техникалық қорытынды табылған.

Тергеуші құжаттың алғашқы парағы мен негізгі беттерін суретке түсіргенін, бірақ фотокестені сол кезде іс материалдарына қоспағанын айтты. Кейін материалды тауып, оны қылмыстық іске тіркеу туралы сотқа өтініш білдірген.

Сондай-ақ тергеушінің сөзінше, тінтуге қатысқандар құжаттарды тәркілеу және буып-түю кезінде ешқандай ескерту жасамаған. Құжаттың ауыстырылғаны, жоғалғаны немесе кейіннен қосылғаны туралы да мәлімдеме түспеген.