Жетісу облысында жасырын есірткі зертханасын ұйымдастырған Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны 10 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Істі Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам 2025 жылы Telegram мессенджері арқылы байланысқа шыққан адамдардың ұсынысымен Талдықорғанға келген. Ол жеке үйді жалға алып, сол жерде мефедрон дайындайтын жасырын зертхана ұйымдастырған.
Тінту кезінде 4,5 килограмнан астам мефедрон табылып, тәркіленді.
Сот мемлекеттік айыптаушы ұсынған дәлелдерді, қылмыстың аса ауыр санатқа жататынын және оның қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескеріп, прокуратураның ұстанымын қолдады.
Сот үкімімен ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды.