Ұлытауда азаматтық қорғау инфрақұрылымы нығайтылады

Ұлытау облысында азаматтық қорғау инфрақұрылымын дамыту жалғасады.

Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов облыс әкімі Есет Байкенмен кеңес өткізді. Кездесуде өңірдегі азаматтық қорғау инфрақұрылымын одан әрі дамыту, қолданыстағы бөлімшелерді жаңғырту және облыстың аумақтық ерекшеліктерін ескере отырып, жаңа нысандар салу мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Соңғы екі жылда өңірде бірқатар жаңа нысан пайдалануға берілді. Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларында жаңа өрт сөндіру бөлімдері ашылды, Жәйрем кентінде әмбебап құтқару бөлімшесі құрылды. Жезқазғанда қайта жаңғыртудан кейін ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығы жұмысын бастады, сондай-ақ ТЖМ авиациялық-құтқару отряды құрылды.

Келесі кезең осы инфрақұрылымды одан әрі жаңартуды көздейді. Жезқазғанда ӨСБ-7 ғимараты жаңғыртылуда, жаңа өрт сөндіру депосы мен жедел-құтқару отрядының ғимаратын салу жоспарлануда. Жезді кентінде ғимаратты өрт сөндіру бөліміне бейімдеу бойынша реконструкция жүргізілуде, Жаңаарқада жаңа өрт сөндіру депосын салу жобасы іске асырылуда. Жезқазған, Жезді және Жаңаарқа бойынша жобалар ТЖД инфрақұрылымын одан әрі дамыту бағдарламасына енгізілген.

Сондай-ақ шалғай аумақтар мен автомобиль жолдарындағы ден қою жүйесін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Жезқазған-Қызылорда автожолында өрт сөндіру депосын салу үшін учаске белгіленді, ал Жезқазған–Қарағанды бағыты бойынша әмбебап құтқару пунктін орналастыру көзделген. Бұл жобаларды іске асыру қалалық бөлімшелерден бастап шалғай аумақтардағы жедел ден қою нысандарына дейінгі облыстың азаматтық қорғау бірыңғай инфрақұрылымын қалыптастыруды жалғастырады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.