19 жастағы Мәдина Рашидқызының анасы адвокатымен бірге немересін көруге барған. Бірақ марқұмның бұрынғы күйеуінің отбасы баламен кездесуіне мүмкіндік бермеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның мәліметінше, Мәдинаның анасына немересін көру мәселесін сот арқылы шешу керегі айтылған.
Сонымен қатар Мәдина Рашидқызының өліміне қатысты сараптама аяқталған. Сарапшылардың қорытындысы дайын болғанымен, оның мазмұны әзірге жарияланған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін 19 жастағы Мәдина Рашидқызы Жамбыл облысының Меркі ауданында өлі күйінде табылған еді.
Қайтыс болардан аз уақыт бұрын Мәдина құрбысына күйеуінің ұрып-соққаны туралы айтқан. Ол заттарын жинап, ажырасқысы келген. Сондай-ақ жалдамалы баспанаға шығу үшін құрбысынан 15 мың теңге қарыз сұраған.
Марқұмның артында сегіз айлық ұлы қалды.
Полиция Мәдина Рашидқызының өліміне қатысты істі өзін-өзі өлтіруге жеткізу бабы бойынша тергеп жатыр. Ал марқұмның анасы қызының өлімі қолдан ұйымдастырылған деп есептейді.