Ұлттық ұланның Павлодардағы әскери бөліміне сарбаздардың алғашқы легі келді

Әскер қатарына жаңадан келген сарбаздарды жауынгерлік өмірге бейімдеу қажет.

Ұлттық ұланның Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөліміне келген  жас толымның  алғашқы  легі Абай облысынан келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әскер қатарына жаңадан келген сарбаздарды жауынгерлік өмірге бейімдеу қажет. Ол үшін әскери психолог мамандар әскерге келген әр сарбазбен жеке әңгімелесулер жүргізіп жан-жақты зерделеп, әрі қарай әскери өмірдің қыр-сырын  үйрету мақсатында взвод командирлеріне табыстайды.

Еліміздің бес облысынан әскери бөлімге келетін  2-2026 жылғы шақырылым сарбаздарының саны 200-ге жуық болады. Жас толымның алғашқы легін теміржол вокзалынан әуелеген оркестр әуенімен қарсы алдық. Жас толықтырушыларды әскери бөлім басшылығы, оқу пунктінің әкімшілігі салтанаты түрде күтіп алды. Оларға әскери бөлім алдында қойылған  міндеттері жеткізіліп,  бөлім  тарихы мазмұнды түрде баян етілді,  дейді  5512  әскери  бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы, капитан Ерсұлтан Қадырбаев.

Әскери бөлім күні ертең Алматы, Көкшетау, Шығыс Қазақстан облысынан және Астана қаласынан келетін  жас толыммен толығады. Жоспарға сәйкес, жаңадан келген сарбаздар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтеді.  Жас толым үшін Отан алдындағы борышты өтеу – алға қойған алғышарттардың бірі.

Мен әскерге Семей қаласынан шақырылдым. Павлодар қаласының ауа райы да Семейге ұқсас әрі қолайлы екен. Астана қаласына сапар шеккенімде талай рет бұл қалаға   соққаным бар. Сондықтан бұл қала мен үшін таңсық емес. Отан алдындағы борыш өтеу барысында ең маңызды  қасиеттер  олар төзімділік,  тәрбие және де адалдық, дейді  қатардағы жауынгер Нұртай Сержанұлы.

Әскери борыштарын өтеуге келген сарбаздар алдағы бір жыл қызметтері барысында нағыз шыңдалған ер азамат болып шығатындарына сенімді. Ол үшін  алдағы бір жыл ішінде  тынбай тер төгіп, толықтай әскери өмірді бастан өткеруі тиіс. Айта кетейік,  жас сарбаздардың  салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсімі қазан  айының соңына жоспарланған.