2026 жылғы 18 қыркүйекте Есіл жағалауындағы амфитеатр үлкен студенттік мерекенің орталығына айналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мұнда Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарасты Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің бірінші курс білім алушыларын студенттер қатарына қабылдау салтанаты өтті.
Музыка, жарқын қойылымдар, заманауи технологиялар мен университет дәстүрлері жаңа буын студенттеріне арналған бір мерекеде тоғысты.
Салтанатты шараға университет басшылығы, аграрлық сала мен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының өкілдері, құрметті қонақтар, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Бірінші курс студенттеріне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы Басқармасының төрағасы Бауыржан Асанов және Басқарма төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуов құттықтау сөз арнады. Олар студенттерді жаңа өмір кезеңінің басталуымен құттықтап, оқуда табыс пен жаңа жетістіктер тілеп, университет ұсынатын мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға шақырды.
Мерекелік бағдарлама шығармашылық қойылымдармен жалғасты. Сахнада «Астана жастары» әні орындалып, көпшілік флешмоб ұйымдастырылды. «Seifullin Voice – 2026» вокалдық байқауының жеңімпазы өнер көрсетіп, «Шабыт» ансамблі ұлттық музыкалық өнерді паш етті. Бағдарламаның ерекше нөмірлерінің бірі музыка мен заманауи технологияларды тоғыстырған Nomad Voice, AI SULTAN және AI SULU бірлескен қойылымы болды.
Музыка, би, студенттік әзіл мен жарқын қойылымдар бірінші курс студенттеріне арналған бұл күнді нағыз мерекеге айналдырды.
Кеше ғана талапкер болған жастар үшін бұл күн жаңа кезеңнің бастауы болды. Енді олар Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің 70 жылға жуық тарихын өз жетістіктерімен жалғастыратын университет қауымдастығының бір бөлігіне айналды.