Оралдағы «Зенит» зауыты сатылымға шықты

Кәсіпорынның бастапқы бағасы – 18,49 миллиард теңге.

Оралдағы «Зенит» зауытының 100 пайыз акциясы сатылымға шығарылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кәсіпорынның бастапқы бағасы – 18,49 миллиард теңге.

Мемлекеттік активті «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы саудаға қойды. Аукцион 24 қыркүйекте Sauda.kz порталында өтеді. 2025 жылы «Зениттің» өнім сатудан түскен кірісі 9,96 миллиард теңгеге жеткен. Бұл 2024 жылғы 8,4 миллиард теңгемен салыстырғанда 18,6 пайызға көп.

Кәсіпорынның жалпы пайдасы 125,4 миллион теңгеден 654,4 миллион теңгеге дейін өскен. Ал таза пайдасы 140,1 миллион теңгеден 81,7 миллион теңгеге дейін төмендеген. 2025 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, зауыттың сауда дебиторлық берешегі 2,07 миллиард теңгеден асқан. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің берешегі – 1,18 миллиард теңге, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі департаментінің берешегі – 842,7 миллион теңге.

«Зенит» зауыты 2024 жылы жекешелендіру аясында бәсекелес ортаға берілетін ұйымдардың тізіміне енгізілген. 2023 жылы кәсіпорын Қазақстанның әскери-теңіз күштеріне кемелер салу бойынша Түркия Қорғаныс министрлігінің екі еншілес ұйымымен келісім жасасқан. Кемелер өндірісін Қазақстан аумағында ұйымдастыру жоспарланған.

Кәсіпорын әскери және шекаралық кемелер, патрульдік катерлер шығарады. Сондай-ақ азаматтық нарық пен мұнай өндіру саласына арналған өнімдер өндіреді. «Зенит» зауытының жалғыз акционері – «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы. Ал ұлттық компания Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі.