Үстел теннисінің үлкен белесі

Мемлекет басшысы Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлингті қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақ­станда үстел теннисінің дамуына дәйекті түрде қолдау көр­­сеткені үшін Петра Сёрлингке алғыс айтып, еліміз Ха­­лықаралық федерациямен ынтымақтастықты ілгері­лету­ге айрықша мән беретінін жет­­кізді.

Қазақстан Президенті ел жастарының үстел теннисіне қызығушылығы арта түскенін айтты. Қазір 260 мыңнан астам адам осы спорт түрімен жүйелі түрде шұғылданады. Мемлекет спорт резервін даярлау және жарыстар өткізу үшін арнайы инфрақұрылымды дамыту ісін қолға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылы Астанада үстел тен­ни­сінен өтетін әлем чемпионатын ұйымдастыруға жәрдем­дес­кені үшін Петра Сёрлингке ри­зашылығын білдірді. Бұл Ор­талық Азияда аталған спорт түрі бойынша өтетін алғашқы бірін­шілік болмақ. Әңгімелесу ба­рысында алдағы әлем чем­пио­натының тарихи маңызына мән берілді. Бұл жарыс үстел тен­нисінің Қазақстанда ғана емес, бүкіл аймақта да қанат жаюы­на айтарлықтай жол ашатын болады.

ITTF жетекшісі Петра Сёрлинг үстел теннисіне жан-жақ­ты қолдау көрсетіп келе жатқа­ны үшін Мемлекет басшысына ал­ғыс айтты, сондай-ақ фе­де­ра­цияның осы спортты одан әрі насихаттау жоспарымен бө­­­лісті.

Кездесу соңында Мемлекет бас­шысы Қазақстанда үстел тен­нисін дамытуға қосқан үлесі үшін Петра Cёрлингті II дәре­желі «Достық» орденімен марапаттады.