Депутаттар бірінші оқылымда Қазақстан Үкіметі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісім жөніндегі, сондай-ақ Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвенция туралы ратификациялық заң жобаларын қарайды.
Құрылтайдың алдағы отырысында депутаттар бірінші оқылымда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау жобасын қарайды. Келісім инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтуге және неғұрлым шұғыл жобаларға мемлекет шығыстарын қайта бөлу есебінен бюджетке түсетін жүктемені азайтуға бағытталған. Сонымен қоса, бұл құжат қаржыландырудың басым секторларын айқындауға, сондай-ақ жобаларды іске асыру рәсімдерін оңтайландыруға тиіс.
Келісімді ратификациялау Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен арадағы бірлескен бастамаларды іске асырудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл ретте Қазақстанға көлік, энергетика, цифрлық байланыстар және экономиканың басқа да секторларындағы жобаларды қаржыландыру үшін ұзақмерзімді инвестициялар тарту мүмкіндігі беріледі.
Бірінші оқылымда 1959 жылы 20 сәуірде Страсбургте жасалған Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасы да қаралады. Конвенцияға қосылу Қазақстанға еліміздің құқық қорғау органдарының өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер алуға және заңсыз жолмен алынған шетелге шығарылған активтерді елге қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл қылмыстық істерді, соның ішінде трансұлттық қылмыспен байланысты істерді тергеудің жеделдігі мен тиімділігін арттырады.
Бюро сондай-ақ І шақырылған Қазақстан Республикасы Құрылтайының өкілеттігін іске асырудың бірінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспарға елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына, өңірлерді дамытуға, бизнесті, ауыл шаруашылығын, ғылым мен цифрландыруды қолдауға, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға тікелей байланысты мәселелер енгізіліп отыр.
Іс-шаралар жоспарында Құрылтайдың тыңдаулары, Жоғары аудиторлық палатаның есептері, Үкімет сағаттары, комитеттердің көшпелі отырыстары, дөңгелек үстелдер, комитеттердің тақырыптық отырыстары, парламентаралық және халықаралық қызмет сияқты бөлімдер кіреді.
Сонымен қатар Бюро отырысында Қазақстан Республикасы Құрылтай Төрағасының жанынан Депутаттық әдеп кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына Құрылтайдағы барлық тұрақты комитеттердің, сондай-ақ барлық саяси партиялар фракцияларының өкілдері кірді.