Біреулер жолды бір нүктеден екінші нүктеге жеткізетін бағыт қана деп қараса, енді бір адамдар бүкіл ғұмырын бір жолдың ондаған жыл бойы мінсіз қызмет етуіне, алғашқы қыстан кейін-ақ бүліну себептерін терең зерттеуге арнайды. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Телтаев үшін жол – өмірлік мұратқа, терең ғылыми ізденістің нысанына, кәсіби жауапкершілік пен елге қалтқысыз қызмет етудің айқын үлгісіне айналды. Көрнекті ғалым, отандық жол ғылымы мектебінің негізін қалаушы әрі ірі ғылым ұйымдастырушысы биыл наурызда 60 жасқа толды.
Ауылдан шыққан әлемдік ғалым
Академиктің қалыптасу жолы Жамбыл облысы Меркі ауданындағы шағын Жауғаш батыр ауылынан бастау алады. Ол 1966 жылғы 23 наурызда осы ауылда дүниеге келген. Еңбекқорлық пен білімге деген ұмтылыстың алғашқы негізі ауыл мектебінде қаланды. 1973-1976 жылдары «Қазақстан» колхозындағы Кеңес мектебінде оқып, 1983 жылы Шу ауданындағы «Алға» совхозының Амангелді Иманов атындағы орта мектебін үздік тәмамдады. Германиядағы Кеңес әскерлері тобының автомобиль ротасында әскери қызмет өткеруі де жас жігіттің өмір мектебіне айналып, болашақ мамандығын нақты айқындауына ықпал етті. Алматы автомобиль-жол институтының жол факультетіне оқуға түскен Бағдат Бұрханбайұлы 1991 жылы «Автомобиль жолдары» мамандығын үздік бітірді. Бүгінде бұл оқу орны М.Тынышбаев атындағы ALT Университеті деп аталады. Дәл осы жерден оның академиялық жолы басталып, тағылымдамашы-оқытушы мен ассистенттен кафедра меңгерушісі және профессор дәрежесіне дейін көтерілді.
Бағдат Телтаев жас кезінен-ақ құр ғылыми симпозиумдарда талқылаумен шектелмейтін, күнделікті өмірде, жол үстінде нақты сезінуге болатын қолданбалы ғылымды таңдады. Ұлттық ғылым академиясының Механика және машинатану институтында аспирантураны 1994 жылы, докторантураны 1998 жылы аяқтағаннан кейін ол жол материалдарында жүретін күрделі физикалық-химиялық және механикалық үдерістерді терең зерттеуге кірісті.
Жол жабыны аязда неге жарылады, ал жазда неге жолтабан іздері пайда болады? Асфальтбетонның қасиеттеріне битум сапасы, температуралық градиенттер және ауыр жүк көліктерінен түсетін қайталама динамикалық жүктемелер қалай әсер етеді? Бұл сауалдарға жауап табу кешенді ғылыми тәсілді талап етті.
Академик ғылыми ізденістерінде қолданбалы реологияны, жол конструкциялары мен олардың топырақ негіздеріндегі жылу және ылғал тасымалы үдерістерінің термодинамикасын қамтыды. Осы көпжылдық зерттеулердің нәтижесінде ресми түрде танылып, арнайы дипломдармен тіркелген үш ғылыми жаңалық ашылды. Олар асфальтбетон жабынының төмен температурада жарықшақтану кезіндегі өзін-өзі ұйымдастыру заңдылықтарын, тұтқыр-серпімді материалдардың сатылы шаршау деструкциясын және наноқұрылымды битум түзілу құбылысын сипаттайды. Бұл еңбектердің әлемдік ғылым үшін мән-маңызын «Телтаев принципі», «Радовский-Телтаев моделі» және «Ысқақбаев-Телтаев интегралы» сияқты орныққан ғылыми атаулар да айғақтайды.
Ғалымның ғылыми мұрасында бірлескен зерттеулердің де орны ерекше. 2018 жылы беделді халықаралық Springer баспасы Б.Телтаев пен профессор Б.Радовский бірлесіп жазған монографияны жарыққа шығарды. Жалпы алғанда, ғалымның ғылыми қоржынында 900-ге жуық ғылыми еңбек, 8 монография, 40-тан астам өнертабыс, 10 оқу құралы және 5 терминологиялық сөздік бар.
Ғалым өз Отанын таңдады
Бағдат Телтаевтың ғылыми таланты әрдайым жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен және мемлекеттік деңгейде ойлай білу қасиетімен ұштасып келеді. Оның кәсіби жолы мүлде басқа арнада өрбуі де мүмкін еді. Ғалымға бірнеше рет АҚШ, Канада, Аустралия, Қытай және Ресейде жұмыс істеу туралы ұсыныстар түскен. Әсіресе 2005 жыл оның өміріндегі шешуші кезеңдердің бірі болды. Сол уақытта ол Еуропадағы беделді тағылымдама мен Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтын басқарудың бірін таңдауы керек еді. Ғалым Қазақстанды таңдады.
2006-2022 жылдары оның басшылығымен ҚазЖолҒЗИ Еуропадан әкелінген заманауи жылжымалы зертханалармен және АҚШ-тың бағдарламалық кешендерімен жабдықталып, әлемдік деңгейдегі қуатты ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Институт еліміздің ауқымды инфрақұрылымдық жобаларының негізгі ғылыми-техникалық қозғаушы күштерінің бірі болды. Олардың қатарында ТМД аумағындағы алғашқы «Астана – Бурабай» жоғары жылдамдықты автомагистралінің құрылысы, ұзындығы 2 787 шақырым болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансконтиненталдық дәлізін қайта жаңғырту және Ақтаудағы CASPI BITUM зауытын іске қосу бар. Осы кезеңде еліміздің өңірлерінде 70-тен астам инновациялық материал енгізіліп, 200-ге жуық тәжірибелік-эксперименттік жол учаскесі салынды.
Салада мемлекеттік деңгейде жүйелі өзгерістер қажет екенін түсінген академик оны реформалау үдерісіне белсенді араласты. 2023 жылы оның бастамасымен Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында «Көлік ғылымы» секциясы ашылды. Елдің көлік-логистика кешеніндегі мәселелерді терең зерделей отырып, Бағдат Бұрханбайұлы көлік ғылымын басқару жүйесіне түбегейлі өзгерістер қажет екенін негіздейтін кешенді талдамалық жазба әзірлеп, Президент Әкімшілігіне жолдады.
Оның бұл көзқарасы кейін нақты іске асты. Ұлттық ғылым академиясы мен ALT Университетінің бірлесуімен Көлік ғылымдары және технологиялар институты құрылды. 2026 жылғы қаңтарда академик Телтаев аталған институттың басшылығына келіп, саланы дамытудың жаңа бағыттарын айқындады. Сонымен қатар ол ҰҒА-ның Жаратылыстану-техникалық ғылымдар бөлімшесі төрағасының орынбасары ретінде ғылыми кеңестер жұмысына белсенді қатысып, Қазақстандағы ғылымды дамытуға қатысты нормативтік құқықтық актілерді талқылау мен сараптауға елеулі үлес қосып келеді. Оның жетекшілігімен Кеден одағының 11 мемлекетаралық стандарты және 60-тан астам ведомстволық норматив сынды маңызды нормативтік құжаттар әзірленді. Отандық ғылыми-техникалық жаңалықтардың бірі ретінде Қазақстанның ерекше климаттық аймақтарына бейімделген KazPave жол төсемдерін жобалау жүйесін айтуға болады.
Ғылым эстафетасы шәкірттермен жалғасты
Академиктің еңбегі мемлекеттің жоғары деңгейінде де лайықты бағаланып келеді. 2024 жылы Бағдат Телтаевты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Жол саласындағы мәселелер жан-жақты талқыланып, Президент ғалымның ұсыныстары негізінде Үкімет пен салалық министрлікке нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ академикке жол саласын дамытуға қосқан үлесі үшін жеке алғыс білдіріп, атаулы қолсағат табыс етті. Бұл ретте ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде озық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізудің аса маңызды екеніне назар аударды.
Дегенмен кез келген ғалымның ең үлкен жетістігі – өзі қалыптастырған ғылыми мектеп. Өз кезінде академиктер Ж.Ержанов пен Ш.Айталиевтің, профессорлар Б.Мұртазин, А.Ысқақбаев, Б.Радовский және А.Құсайыновтың ғылыми мектебінен тәлім алған Бағдат Телтаев кейін өзі де тұтас зерттеушілер буынын тәрбиеледі. Оның шәкірттері арасында 5 ғылым докторы, 27 ғылым кандидаты және 7 философия докторы (PhD) бар. 2006 жылы оның есімі республикадағы жол ғылымы мектебінің негізін қалаушы ретінде «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясына енгізілді.
60 жасқа толған мерейтойына академик Телтаев тек ғылыми жарияланымдар санымен өлшеуге келмейтін ауқымды мұрамен келіп отыр. Оның қаржырлы еңбегінің арқасында өңірлер мен мемлекеттерді жалғаған мыңдаған шақырым сенімді жол салынып, тұтас бір саланың берік нормативтік-техникалық негізі қаланды. Отандық ғылымның эстафетасын жалғастырып келе жатқан шәкірттер мен ізбасарлар шоғыры қалыптасты. Жол әрдайым алға бастайтын қозғалысты білдіреді. Ал Бағдат Бұрханбайұлы үшін ғұмырға ұласқан бұл жол әлі де жалғасып, Қазақстан үшін жаңа көкжиектерге бастай бермек.
Айдар БЕК