Биыл өңір диқандары үшін жауапты кезең – егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде алқаптардан жүздеген мың тонна өнім жиналып, қысқы мал азығының қоры қалыптастырылуда. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаевтың мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде жалпы 790,9 мың гектар алқаптан өнім жинау жоспарланған. Бұл өткен жылғы 782,1 мың гектармен салыстырғанда 8,8 мың гектарға артық.
Биылғы егіс құрылымына көз жүгіртсек, облыста майлы дақылдарға басымдық берілгенін аңғаруға болады. Майлы дақылдар алқабы 368,7 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 29,3 мың гектарға артқан. Ал дәнді дақылдар 275,6 мың гектарды құрады. Әсіресе бидай алқабының қысқаруы назар аударарлық. Бір қарағанда, бұл төмендеу сияқты көрінуі мүмкін. Алайда мәселенің мәні – ауыл шаруашылығы өндірісінің құрылымын өзгерту, бір ғана дақылға тәуелділікті азайтуда.
Биыл бидай алқабы 22,5 мың гектарға қысқартылды: 2025 жылғы 234,1 мың гектардан 211,6 мың гектарға дейін төмендеді. Оның есесіне экспорттық әлеуеті жоғары майлы дақылдарға басымдық берілді.
Бұл – бүгінгі нарық талаптарына бейімделудің бір көрінісі. Егісті әртараптандыру арқылы шаруашылықтардың экономикалық тұрақтылығын арттыруға, экспорттық бағытты кеңейтуге және ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік мол. Қазірдің өзінде бұл бағыттың тиімділігі байқалады. Биыл облыста майлы дақылдардың жалпы түсімі 530,9 мың тонна болады деп болжануда. Бұл өткен жылғы 481,9 мың тоннамен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш.
14 қыркүйектегі деректерге сәйкес, облыста 190,5 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Бұл алқаптың 69,1 пайызы. Осы жұмыстар барысында 193,7 мың тонна астық бастырылып, орташа өнімділік гектарына 10,2 центнерді құрады. Күздік дәнді дақылдарды жинау жұмыстары бұдан бұрын аяқталған. Оның жалпы көлемі 8,2 мың гектар болса, алқап толық орылды. 11,2 мың тоннадан астам өнім жиналып, орташа өнімділік гектарына 13,7 центнер болды.
Енді диқандардың алдында жаз бойы күткен еңбектің нәтижесін ысырапсыз жинап алу міндеті тұр. Өйткені егіннің тағдыры тек алқаптағы өнімділікпен өлшенбейді. Оны уақытында жинау, тасымалдау, сақтау және тиімді өткізу де маңызды. Бұл ретте облыстың астық сақтау инфрақұрылымы жеткілікті деңгейде қалыптасқан. Өңірде жалпы сақтау көлемі 173 мың тонна болатын үш лицензияланған элеватор, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жалпы сыйымдылығы 870,9 мың тонналық астық қоймалары бар. Яғни болжамды егінді сақтауға қажетті қуат жеткілікті.
Абай облысының аграрлық әлеуетін тек астықпен бағалау жеткіліксіз. Көкөніс, бақша және картоп өндірісі де өңір үшін маңызды бағыттардың бірі.
Биыл картоп жинау алаңы 5,5 мың гектарды құрайды. Қазір оның 2,6 мың гектары жиналып, 55,5 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділік гектарына 212,9 центнерді құрады. Көкөніс-бақша дақылдарының да жинау науқаны жалғасуда. Жалпы алқап көлемі 5,5 мың гектар болса, бүгінгі күнге дейін 2,6 мың гектардан өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 257,8 центнер болып, 68 мың тонна өнім алынды. Өнімді сақтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыста көкөніс сақтауға арналған жалпы сыйымдылығы 51,8 мың тонна болатын 13 қойма жұмыс істейді.
Егін жинау науқанының қатарында мал шаруашылығы үшін тағы бір аса маңызды міндет – қысқы мал азығын дайындау. Қысқа мал қыстату – ауыл еңбеккерлері үшін жыл сайынғы сынақ. Қыс қанша қатал болады деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Сондықтан шаруаның сенімді қорғаны – алдын ала дайындалған жем-шөп қоры. Абай облысында 2026-2027 жылдардағы қысқы мал қыстату кезеңіне дайындық жоспарлы түрде жүргізілуде. Облыста қажетті жұмыстарды атқаруға мүмкіндік беретін 4 853 бірліктен тұратын техника паркі бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес, өңірде 1,21 млн тонна шөп, 63,4 мың тонна пішендеме, 78,9 мың тонна сүрлем, 87,7 мың тонна сабан және 120,5 мың тонна шоғырланған жем дайындау көзделген. 10 қыркүйектегі жағдай бойынша 1,15 млн тонна шөп дайындалған. Бұл – жоспардың 95 пайызы. Пішендеме дайындау 82 пайызға, сүрлем 41,2 пайызға, сабан 65 пайызға, шоғырланған жем 39 пайызға орындалды. Жұмысты жандандыру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Думан Рыспекұлының төрағалығымен Аягөз, Ақсуат, Жарма, Абай, Үржар және Мақаншы аудандарында көшпелі штаб отырыстары өткізілді. Онда жем-шөп дайындау қарқыны, жоспарлардың орындалуы және қысқы мал қыстату науқанына дайындық мәселелері талқыланды. Штаб отырыстарының қорытындысында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Бұл жерде уақыттың маңызы зор. Қыс есік қаққанша емес, қыс келмей тұрып дайындалған қор ғана мал шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Абай облысының алдында тұрған міндет ауқымды: егінді ысырапсыз жинау, мал қыстағына жеткілікті жем-шөп қорын қалыптастыру, шаруалардың өндірістік шығынын азайту, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Мемлекет қолдауы мен шаруаның маңдай тері тоғысқанда ғана берекелі нәтиже болмақ. Ең бастысы, жердің әлеуетін дұрыс пайдаланып, бүгінгі еңбекті ертеңгі тұрақты табысқа айналдыра білу.
Өйткені егіннің берекесі қамбадағы астықтың көлемімен ғана емес, оның ел экономикасына қосқан үлесімен өлшенеді.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы