«Әлеуметтік төлемді рәсімдеп беремін!»: қазақстандықтарға ескерту жасалды

2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында әлеуметтік төлемді 1 миллион 64 мың адам алған. Оларға жалпы 527 миллиард теңгеге жуық қаражат төленді.

Қазақстанда әлеуметтік төлемдер заңда белгіленген тәртіппен тағайындалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сондықтан төлем рәсімдеп беру немесе оны тездету үшін ақша сұрайтын делдалдардың қызметіне жүгінудің қажеті жоқ, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында әлеуметтік төлемді 1 миллион 64 мың адам алған. Оларға жалпы 527 миллиард теңгеге жуық қаражат төленді.

Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі еңбекке қабілеттіліктен, асыраушысынан және жұмыстан айырылу, жүктілік пен босану, бала асырап алу, сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табыстан айырылу жағдайларында төлем қарастырады.

Министрлік әлеуметтік желілердегі «төлемді рәсімдеп беремін», «төлемді тездетемін» немесе «мерзімін ұзартып беремін» деген ұсыныстарға сенбеуге шақырды.

Төлем алу үшін жалған жұмысқа орналасу немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет беру де жауапкершілікке әкелуі мүмкін. 2025 жылы 12 өңірде әлеуметтік төлемдерді заңсыз алуға қатысты 30-дан астам қылмыстық іс қозғалып, бес өңірде жеті үкім шығарылған.

Сондай-ақ азаматтарға жеке куәлік пен банк картасының деректерін, SMS-кодтарды, электрондық цифрлық қолтаңбаға қатысты және басқа да жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу ескертілді.

Әлеуметтік төлемдер туралы ақпаратты ресми мемлекеттік ресурстардан немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.