Ғылымды қалыптастыру мен өндіріске енгізуді мемлекеттік қолдау аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ғылым қорының гранттық қаржыландыруы аясында зерттеушілер ұжымы органикалық ауыл шаруашылығына арналған «NanoKukirt» атты инновациялық бифункционалды препаратты әзірлеп шығарды.
Сұйық және тұнба түрінде ұсынылатын бұл отандық әзірлеме әрі экологиялық таза тыңайтқыш, әрі өсімдіктерді саңырауқұлақ ауруларынан кешенді қорғау құралы ретінде жоғары тиімділік көрсетіп отыр.
Препарат құрамында өсімдік үшін тіршілік көзі болып табылатын күкірттің мөлшері 25 пайызды, ал кальций 5 пайызды құрайды. Жоба жетекшісі, профессор Мұхамбетқали Бүркітбаевтың айтуынша, препарат құрамында зиянды химиялық элементтердің болмауы оны 100 пайыз экологиялық қауіпсіз әрі органикалық егіншілікке өте пайдалы өнім деп тануға толық негіз береді. ҚазҰУ Агробиостанциясында және Түркістан облысындағы егістік алқаптарында жүргізілген тәжірибелік сынақтар өнімнің жоғары әлеуетін дәлелдеді. Дәнді, көкөніс және бұршақтұқымдас дақылдарға қолданылған «NanoKukirt» өсімдіктердің тамыр жүйесін дамытып, түйнек түзілуін жылдамдатқан, сондай-ақ топырақтағы азотпен қоректену процесін едәуір жақсартқан. Сондай-ақ зерттеу барысында топырақтың микробиологиялық жағдайы мұқият зерделеніп, препаратты қолданудың оңтайлы концентрациялары бекітілді.
«Жүгері дақылына жүргізілген сынақ нәтижесінде тұқымды 2 пайыздық «NanoKukirt» ерітіндісіне 24 сағат жібіту арқылы өнімділікті гектарына 20,41 тоннадан 61,22 тоннаға дейін, яғни үш есеге арттыруға мүмкіндік туды. Бұған қоса, өсімдіктердің фитопатогенді саңырауқұлақтарға қарсы иммунитеті едәуір артып, аурушаңдық деңгейі төмендеді», –дейді биология ғылымының кандидаты, ҚазҰУ-дың аға ғылыми қызметкері Гүлнар Ұлтанбекова.
Бүгінгі таңда отандық өнімге органикалық ауыл шаруашылығында қолдануға арналған ресми сертификат беріліп, өндіріс бекітілген ұйым стандарты бойынша өндіріледі. Қазіргі уақытта жоба аясында 15 ғылыми қызметкер еңбек етуде, оның ішінде 6 маман тікелей өндірістік цехта қызмет атқарады.