Ресей әскері соққы беруші дрондарды спутниктік навигациясыз басқаруға мүмкіндік беретін жаңа жүйені әзірлеп жатыр. Бұл туралы Украина президентінің қорғаныс технологияларын дамыту жөніндегі кеңесшісі Сергей Бескрестнов мәлімдеді, деп хабарлайды Aikyn.kz UNIAN-ға сілтеме жасап. Бескрестновтың айтуынша, қазіргі кезде соққы және барлау дрондарының басым бөлігі спутниктік навигацияны пайдаланады. Алайда мұндай жүйелер радиоэлектрондық күрес құралдарының әсеріне осал. Сондықтан балама навигация технологияларын дамыту жұмыстары жүріп жатыр.
Солардың бірі – жерүсті радиомаяктары арқылы навигация жасау. Бұл тәсілде дронға орнатылған қабылдағыш жердегі үш нүктеден сигнал алады. Маяктардың координаттары мен сигналдың кідіру уақыты негізінде аппараттың орналасқан жері есептеледі.
Бескрестновтың мәліметінше, Ресей 2025 жылдың желтоқсанында «Ариадна» деп аталатын радиомаяктық навигация технологиясы туралы жариялаған. Қазір бұл жүйені «Шахед» дрондарына және басқарылатын авиациялық бомбаларға орнату мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Егер жүйе толық іске қосылса, Бескрестновтың бағалауынша, ол спутниктік навигацияға тәуелді болмай, 100 шақырымға дейінгі қашықтықта бағдарлауға мүмкіндік беруі мүмкін.
Сонымен қатар маман Жердің магнит өрісіндегі әркелкіліктер бойынша навигация жасауды перспективалы бағыттардың бірі деп атады. Алайда мұндай технологиялар әзірге әзірлеу сатысында