Қазақстаннан 558 спортшы қатысады: Нагояда ХХ жазғы Азия ойындары ашылды

469 медаль жиынтығы сарапқа салынады

Жапонияның Нагоя қаласында ХХ жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті. Жарыстың басты алаңы – Paloma Mizuho Stadium стадионында «Harmonic Heart Beat» атты қойылым көрсетілді. Оның негізгі идеясы – әр спортшының жеке ырғағын бүкіл Азияны біріктіретін ортақ жүрек соғысына айналдыру. Бұл тұжырымдама Азия ойындарының IMAGINE ONE ASIA (Біртұтас Азияны елестет) ұранымен үндеседі.

Салтанат барысында Жапонияның Мемлекеттік туы көтеріліп, ел Әнұраны орындалды. Одан кейін спортшылардың дәстүрлі шеруі өтті.

Қазақстан құрамасының туын дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисшісі Сарвиноз Миркадирова ұстап шықты.

Ресми бөлімде Жапония патшасы Нарухито ХХ жазғы Азия ойындарын ашық деп жариялады. Салтанат соңында Жапонияның белгілі спортшылары Сигэнобу және Кодзи Мурофуси Азия ойындарының алауын жақты.

Биылғы Азия ойындарына Азияның 45 Ұлттық Олимпиадалық комитетінің спортшылары қатысады. Бағдарламаға 43 спорт түрі мен 71 дисциплина енгізіліп, 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жалпы 11 мыңнан астам спортшы бақ сынайды. Қазақстан құрамасы сапында 558 спортшы бар.

Жазғы Азия ойындары Жапонияда Токио-1958 және Хиросима-1994 додаларынан кейін үшінші рет өткізіліп отыр.