Қазақстандық триатлоншы Арлан Жаңабай Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында қола жүлдеге ие болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Арлан Жаңабай Азия ойындарында алғашқы жүлдені алды. Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында ел қоржынына алғашқы қола жүлде түсті.
Жарыс нәтижесі:
1-орын. 🇯🇵 Такауми Ходжо - 52:56
2-орын. 🇨🇳 Чжан Сюжуй - 53:05
3-орын. 🇰🇿 Арлан Жанабай - 53:11
Арлан Жаңабай үшін бұл медаль халықаралық аренадағы маңызды жетістіктердің бірі болды. 2026 жылы ол Қытайдың Тайчжоу қаласында өткен Азия кубогының кезеңінде қола, ал Түркістанда өткен кезеңде күміс медаль жеңіп алған.
Бұл медаль қазақстандық триатлон үшін ерекше маңызға ие. Бұған дейін Азия ойындары тарихында отандық спортшылар аталған спорт түрінен бір ғана қола жүлде иеленген болатын. Осылайша, Арлан Жаңабайдың нәтижесі Қазақстанның Азия ойындарындағы триатлоннан алған екінші жүлдесі атанып, ұлттық құраманың жүйелі дамуын көрсетті.
Бұл жетістік ұлттық құраманың жүйелі дайындығы мен еліміздегі триатлонды дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жоспарлы жұмыстың нәтижесі. Соңғы жылдары бейінді федерациямен бірлесіп спортшыларды даярлау жүйесі жетілдіріліп, халықаралық жарыс тәжірибесі кеңейтілуде. Азия чемпионаттары мен өзге де ірі халықаралық жарыстарға қатысуға ерекше мән беріліп келеді. Мұндай додаларда жинақталған тәжірибе жаттығу үдерісін жетілдіру және негізгі кешенді жарыстарға дайындық барысында ескеріледі.
Бүгінде триатлон Қазақстанның 13 өңірінде дамытылып келеді. Спорт түрінің географиясын кеңейту, федерация мен жаттықтырушылар құрамының жүйелі жұмысы, сондай-ақ спорт резервін кезең-кезеңімен даярлау ұлттық құраманың алдағы нәтижелерін арттыруға негіз қалыптастырады. Арлан Жаңабайдың Азия ойындарындағы қола жүлдесі осы жүйелі жұмыстың тағы бір нәтижесі болды.
Еске сала кетейік, Аичи-Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады.