Ұлттық ұлан офицерлері республикалық екі байқаудың жүлдегері атанды

Үш кезеңнен тұратын «Тіл шебері» сайысына қатысушылар үш тілде аудиовизуалды өнім әзірлеп, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған жобаларын таныстырды

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында «Тіл шебері», «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқаулары өткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Үш кезеңнен тұратын «Тіл шебері» сайысына қатысушылар үш тілде аудиовизуалды өнім әзірлеп, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған жобаларын таныстырды. Сондай-ақ эссе жазып, тілдік білімдері мен кәсіби қабілеттерін сынға салды.

Байқау қорытындысы бойынша Ұлттық ұланының 5571 әскери бөліміндегі рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары аға лейтенант Сағынғали Нұридін ІІІ орынға ие болды.

Жүлдегерлерді анықтау барысында қазылар алқасы қатысушылардың бірнеше тілді меңгеру деңгейі, шығармашылық жұмыстары мен кәсіби даярлығын бағалады.

Осы жетістігі үшін ол ҚР ІІМ-нің Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ журналистер арасында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауында бақ сынаған 6636 әскери бөлімінің офицері аға лейтенант Нұрдәулет Мергенбек авторлық мақаласы үшін ынталандыру сыйлығын иеленді. 

– Мемлекеттік тіл мәртебесі мен мәселесіне арналған байқауда қазақ тіліне жетік Ұлттық ұлан сарбазы туралы мақаламды жолдаған едім. Сол шығармамыз ынталандыруға лайық деп танылды. Бұл – маған ғана емес, құқықтық тәртіп әскерінің баспасөз қызметіндегі барша қаруластарыма берілген ортақ марапат , – деді аға лейтенант Нұрдәулет Мергенбек. 

Айта кетейік, ұландық офицерлер осы жетістіктері арқылы өздерінің жан-жақты, әрі жасампаз қабілеттерге ие екенін аңғартты.