Астанада әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізген ер адам 10 тәулікке қамалды

Есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз заңсыз айналымға түсіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Астанада әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізген 36 жастағы ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Aikyn.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында ер адамның парақшасын анықтаған. Тікелей эфир кезінде ол балағат сөздер айтып, есірткі затын қолданды деген күдікке ілінген.

Тексеру барысында оның 36 жастағы М. екені анықталды. Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желіде заңға қайшы контент жариялағаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 10 тәулікке қамалды. Сонымен қатар тексеру барысында ер адамның есірткі затын медициналық емес мақсатта қолданғаны расталған. Осы дерек бойынша да ол жауапкершілікке тартылды.

Есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз заңсыз айналымға түсіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның әрекетіне түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижесі бойынша беріледі.