«Семей» камбэк жасап, «Қайратты» жеңді

Футзалдан чемпионаттың кезекті ойындары өтті

Футзалдан Қазақстан чемпионатының төртінші турында «Семей» Алматыда жергілікті «Қайратты» 4:3 есебімен жеңді, деп хабарлайды Aikyn.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Кездесудің алғашқы төрт минутында Кайо Руис пен Камиль Герейханов гол соғып, алаң иелерін 2:0 есебімен алға шығарды. Алайда Расул Карбаев пен Нұрсұлтан Пиялы таразы басын теңестірді. Бірінші тайм аяқталар тұста Кайо Руис тағы бір гол соғып, «Қайратты» қайтадан алға шығарды – 3:2.

Екінші таймда «Семей» ойын барысын өзгерте алды. Алдымен Фернандо есепті теңестірсе, кейін Әбдірасул Әбдіманапұлы жеңіс голын соқты. Қорытынды есеп – 4:3.

Осы жеңістен кейін «Семей» 9 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. 9 ұпайы бар «Қайрат» төртінші сатыға түсті.

Келесі турда, 26 қыркүйекте, «Қайрат» сырт алаңда «Ақтөбемен» кездессе, «Семей» өз алаңында елордалық «Елорданы» қабылдайды.